Облыстық полиция департаментінде керуеннің салтанатты түрде жолға шығу рәсімі өтті. Басқосуға облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, департамент ардагерлері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Жиында әуелі сөз алған департамент бастығы Қайсар Сұлтанбаев керуен сапарына сәттілік тіледі.
– Кез келген мемлекеттің дамуы мен экономикалық өсімі ең алдымен қоғамдағы тәртіп пен құқықтық мәдениетке байланысты. Бұл туралы әлемдік тәжірибе көптеген мысалдар жеткілікті. Мәселен, Сингапурдың дамуы кезінде Премьер-министр Ли Куан Ю елде заң мен тәртіпті бірінші кезекке қойып, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен. Сол тәжірибеден Қазақстан сабақ алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде заң мен тәртіп қағидатын қоғамның барлық саласында кеңінен түсіндіруді тапсырды. Осы бағытта Ішкі істер министрі, полиция генералы Ержан Сәденов биылғы жылды «Профилактика жылы» деп жариялап, ішкі істер органдарына нақты міндеттер жүктеді, – деді Қайсар Әбілекұлы.
Керуеннің мақсаты – қылмыстың салдарымен емес, себептерімен күресу. Халықпен кездесулерде тұрғындарды алаңдатқан мәселелер анықталып, оларды шешу жолдары түсіндіріледі, құқықтық кеңестер беріледі. Атап айтқанда, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтық және кибербуллинг мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат ұсынылады. Керуен құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, прокуратура қызметкерлері, полиция, заңгерлер және психологтар енген. Департамент бастығы өз сөзінде әр сапардан кейін тұрғындарды мазалаған сұрақтар жинақталып, талданып, жұмыстың қай бағытта күшейтілуі керектігі анықталатынын атап өтті.
– Әрбір сөз, айтылған кеңес бір адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан халықпен кәсіби, ашық және сыпайы қарым-қатынас орнату – басты талап, – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Жобаның авторы, облыстық полиция департаменті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор-психолог Айжан Түктібаева, әр адамның өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі құқықбұзушылықтардың алдын алуға үлкен септігін тигізетінін айтты.
– Керуен құрамында ювеналды полиция инспекторлары, киберполиция мамандары, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы, экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің өкілдері, сондайақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бөлімінің мамандары бар. Бастапқы кезеңде топ Меркі, Шу және Қордай аудандарында жұмыс жүргізеді. Егер жоба сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта басқа аудандарды да қамтимыз. Профилактикалық кездесулерде барлық жас санатындағы тұрғындар қамтылады, басымдық жасөспірімдерге беріледі, өйткені олар – біздің болашағымыз, елдің негізгі үміті. Сонымен қатар халық көп шоғырланатын орындарда да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – деді Айжан Түктібаева.
Керуеннің жолға шығу рәсімі салтанатты жағдайда аяқталып, қатысушыларға үлкен миссияны атқарып, халыққа сапалы құқықтық қызмет көрсету тілектері айтылды. Бұл жобаның қоғам үшін маңыздылығы зор. «Заң мен тәртіп» мобильді профилактикалық керуені елімізде құқықтық мәдениетті нығайтып, жастар мен ересектердің қауіпсіз өмір сүруіне үлес қосатыны анық.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Жетістікке жету жолында еңбек етеміз
- 6 желтоқсан, 2025
Су ресурсын басқарудың тиімді жолы қандай?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




