«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Әдебиет тұрмыспен берік байлаулы болсын»

«Әдебиет тұрмыспен берік байлаулы болсын»
Автор
Кеңес дәуірінде Алаш зиялыларының төңкеріске дейін жазған мақалалары қазақ әдебиеттану ғылымында айтылмай, егер айтылса да теріс көзқараста түсіндіріліп келді. Бұл еңбектердегі жеке ақынжыраулар туралы жазылған әрбір пікір мен әр автордың өзіндік ой-көзқарасы әдебиеттану ғылымы мен сынының өсу дәрежесін көрсетіп ғана қоймай, әдеби-теориялық және әдеби-тарихи бағыттағы ойпікірдің әдебиет тарихына байланысты ғұмырнамалық зерттеулер арқылы нақты айтыла бастағанын байқатады.

Францияда Ж.Ж.Руссо, Германияда Г.Гердер, Ресейде А.Н.Пыпин және басқалары әдебиет туралы ғылымның туу дәуіріндегі ғұмырнамалық зерттеулердің, яғни биографизмнің, әдебиет тарихын ғылыми тексеруге апаратын жетекшілік рөлін айрықша атайды. Биографизм негізінен аса дарынды тұлғалар туралы болады да, сол арқылы әдеби дамудың басты кезеңдерін айқындайды. Бұл – әдебиет тарихын зерттеу мен дәуірге бөлу проблемасына апарар бірден-бір жол. Сонымен қатар ақын-жазушылар ғұмырнамаларының жазыла бастауы, олардың шығармашылығына баға берілуі көркем шығарманы әдебитеориялық тұрғыдан талдауға әкеледі.

«Қазақ» газетінде жарияланған А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың Абай шығармашылығына байланысты мақалалары осының айғағы. Абай өмірбаянына байланысты деректерде әр автор ақын поэзиясына, оның жаңашылдығы мен ағартушыреалистік сипатын танытуға өз пікірін, өз ойын білдіруге ұмтылған. Сол кездегі қазақ зиялылары көрнекті өкілдерінің Абай шығармашылығын т анытуға, насихатт ауға қалам тартудағы басты мақсаты – ақынның өнерпаздық тұлғасын барынша ашу, өнер қуған жастарға Абай жолын нұсқау.

Абайдан үйренуге шақырумен қатар, жазба әдебиетінің негізін салушы ретінде әдебиет тарихындағы орнын белгілеу де болған. Себебі, әр түрлі жинақтарға енген ақынжырауларды былай қойғанда, жеке жинақтары шыққан Дулат пен Шортанбай шығармашылығынан гөрі Абайға ерекше көңіл аударулары ағартушы-демократтық идеяның барынша өріс алып бара жатқанынан болса керек.

Қазақ әдебиетінің тарихын ғұмырнамалық мақалалар төңірегінде таныту жолында М.Дулатовтың «Уақыт» газетіндегі «Ибрахим ибн Құнанбаев» (1908, №383) және «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақ ақыны» (1913, №9), «Абай» (1914, №67), «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов» (1914, №71,73-77), «Хазірет Сұлтан» (1913, №16-17) секілді мақалаларының маңызы зор болды.

«Қазақ ақыны» – Ақмола ақынды, «Хазірет Сұлтан» – Қожа Ахмет Ясауиді, «И.Құнанбаев» – Абайды оқырман жұртқа таныстыруды ғана мақсат тұтқан мақалалар. Бұларда ғылымизерттеушілік ойдан гөрі насихаттау, үлгі ету жағы басым болса, Абай мен Шоқан туралы қалған екі мақала әдеби-тарихи бағыттағы ғылыми ойпікірдің әдебиет тарихын сөз етуге ойыса бастағанын байқатады. Себебі, бұларда ғұмырнамадан көрі әдебиет тарихының мәселесі нақты қойылған. М. Дулатов «Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды, себебі – қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы тарихи әдебиеті жоқтықтан.

Тарихи әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасалмақ емес», – деп жазған уақытында халық тарихы мен әдебиетін жоққа шығарып отырған жоқ, керісінше зерттелмегенін айтып отыр. Оны тексеру біздің ескеретін бірінші борышымыз деп атап көрсетуі де сондықтан. М. Дулатов бұл жолда алғаш назар аударатын ақын деп ұлы Абайды атайды. «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты болуы керек. Абайға дейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттылығы сол.

Бәлкім мұнан кейін Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ, ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай», – деп қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуді Абай өмір сүрген дәуірдегі жаңа жазба әдебиеттен бастауды ұсынады. М. Дулатовты ХХ ғасыр басындағы абайтану ілімінің бастауларына үлкен олжа салған тұлғалардың бірі ретінде тану керек. Осындай ізденістердің нәтижесінде 1915 жылы Семейде өткен әдебиет кешінде Р.Мәрсеков сөйлеп, қазақ әдебиетінің тарихына шолу жасап берді. Ол «Қазақтың» 1915 жылғы №112, 113 сандарында «Қазақ әдебиеті жайынан» деген атпен басылып шықты. Мақаланың негізгі мақсаты ұлттық әдебиеттің өткені мен бүгінгі хал-жағдайын саралай отырып, ғылыми тұрғыда зерттеу болғаны байқалады.

Бұл мақалада әдеби-тарихи ой-пікір ұлт әдебиетінің тарихын дәуірге бөлу мәселесіне тұңғыш қадам жасады. М.Дулатовтың ұлт әдебиеті тарихын зерттеуді қолға алуды көтерген идеясы «Ш.Ш.Уәлиханов» аталатын мақаласында да орын алған. Бұл – ұлттық әдеби-тарихи ой-пікірдің қалыптасу жолында Шоқан туралы ғылыми-зерттеушілік сипаты жанжақты танылған құнды еңбек. «Дала уалаяты газетіндегі» Ш.Ибрагимовтің мақаласы ғұмырнама дәрежесінен аса алмаса, бұл мақалада Шоқанның өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеушілік тұрғыдан бағалау айқын танылады. Ұлы ғалымның ата-тегі, балалық шағы, білім алуы, орыс достары, саяхаттары мен қызметі, зерттеу еңбектері барлығы да жүйелі түрде сөз етілген.

Зерттеу мақаланы жазу барысында автор Г.Потанин, Н.Ядринцевтердің е стеліктері мен Ш.Ибрагимовтің мақаласына сүйенген және қажет жерінде олардың пікірін келтіріп те отырған. Негізгі ой Г.Потаниннің Шоқан туралы айтқан пікірінен туындап жатса да, ұлы ғалымды: «Заманында қазақтан оқушы болса, Шоқан қазақ әдебиетіне бірінші негіз құрушы болмақ еді, бірақ заман һәм тағдыр офа қылмады. Шоқан арманда кетті», – деп бағалауы көңіл аударарлық. Бұл мақалалардың қазақ әдебиеттану ғылымының туу дәуірі үшін орны зор, себебі, әдеби-тарихи бағыттағы ой-пікір ұлттық жазба әдебиеттің негізін қалаған кірпіш Абай екенін, алғашқы негізін құрушылардың бірі Шоқан екенін анықтап алды. Сондықтан «Қазақ» газетіндегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы жарияланған мақалалардың мақсаты осы газетті зерттеуші Ө.Әбдиманов айтқандай тек «ел көсегесін көгертуге өмірін арнаған халық ұлдарын жұртқа таныстырып, өлмес ісін кейінгіге паш ету» ғана емес, олардың өмірі мен шығармашылығын зерттеу арқылы әдебиет тарихын тексеруді қолға алу, бұл саладағы жұмысқа жаңаша бастама салу да еді.

Қорыта айтқанда, М.Дулатовтың қазақ әдебиетінің көрнекті дарындары туралы мақалаларында олардың өмірі мен шығармашылығын танытуға деген талап-тілек те анық көрінді. Сол кезеңдегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтерген және сыни мақаламен салыстыра қарағанда, бұлар – ғұмырнамалық негіздегі ғылыми-зерттеушілік сипаты нақты танылатын еңбектер. Сол себептен де ұлт әдебиетінің дарынды өкілдері Ш.Уәлиханов пен А.Құнанбаев шығармашылығын ғылыми тұрғыдан бағалауда, әдебиет тарихындағы және мәдениетіндегі орнын белгілеудегі алғашқы қадам деп қарасақ, классикалық мұраны зерттеудің бастауы мен сара жолға апарар негізгі соқпағы Қазан төңкерісіне дейін-ақ көріне бастады деген тұжырымға келеміз. Себебі, әдебиет туралы ғылымның туу дәуіріндегі алғашқы еңбектердің ғұмырнамалық сипатта болуы заңды.

Орыс сыншысы В.Г.Белинский «ақынның шығармашылық болмысының бастауы оның жеке тұлға ретіндегі рухында жатыр, сондықтан шығармаларындағы мінез бен рухты түсіндіруді біз оның жеке басынан іздеуіміз керек», – деп жазған болатын. ХХ ғасырдың басындағы ғұмырнамалық зерттеулердің кейінгі әдеби-тарихи бағыттағы монографиялық еңбектерге жолбасшы болғандықтан, қазақ әдебиеттану ғылымын тудырудағы тарихи маңызы зор еді. Әдеби-тарихи ой-пікірдің тіл мен әдебиет тағдыры туралы және ғұмырнамалық негіздегі ғылыми мақалалардағы, әдеби кештер секілді игі шаралардағы ұлт әдебиетінің тарихын зерттеуге деген ізденісі жемісті қадам болды. Бұл секілді мақалалардың шығуы ұлт әдебиетін тануға, оны өркендетуге, тарихын зерттеуге деген көзқарастың таралуына себепкер болды. Семей, Омбы және Торғай қалаларында әдебиет кештерінің өтуі оған айқын дәлел.

Әдебиет кешін Семейде Нәзипа мен Нұрғали Құлжанов екі рет өткізсе, Торғайда Ғ.Албасов, Қ.Жабағин деген азаматтар ұйымдастырды. Біздің ойымызша, әдебиет кештерін өткізу тек ойын-сауық үшін емес. Олардың басты мақсаты, бір жағынан елге рухани азық беріп, әдет-ғұрып, салтдәстүрді ұмытпауды насихаттаса, екіншіден – сол кездегі мақалаларда атап жазылғанындай «қазақ ұлтының басқа елге сіңісіп құрып кетпеуі үшін» өз әдебиеті мен тілін қадірлеу мен тану арқылы ұлттық сананы дәуір талабына сай ояту. Өйткені, М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабынан бастау алған «Оян, қазақ!» ұранының бүкіл қазаққа арналып айтылғаны белгілі.

Семейде өткен әдебиет кеші туралы М. Дулатов «Қазақ»» газетінде «Қазақ әдебиет кеші» атты мақала жариялап, мақсаты мен маңызын таныстыра келіп: «Бұған дейін жақсыларымыз бен қарияларымыз бір бөлек болып, жастарымыз бір бөлек болып жіктеніп жүруші еді. Енді бұлардың ынтымағы бірігудің басы осы болар деп үміт етіп қуаныш қыламыз», – деген қорытынды жасайды.

М.Дулатовтың әдебиет қашанда ел өмірімен тығыз байланыста болғанын, алдағы әдеби өркендеуде де бұл үрдістен айырылмау қажеттігіне тоқталуын көңіл аударарлық ой қорытындысы деу керек. Нақты айтсақ, «адабият һәр қашан тұрмыспен айырылмай қол ұстасып бірге кетсін. Тұрмыстың һәрбір сазына адабият жаңғырық – саз қайтарсын, халықтың һәр бір қайғысын адабият айнадай көрсетсін.

Сөздің қысқасы, адабият тұрмыспен берік байлаулы болсын», – деген тұжырымның танымдық қана емес, ғылымилық мәні де зор. Мақалаларында шын мәнінде әдебиетке ғылыми-зерттеушілік тұрғыда көз салып, бар-жоқты түсіндіруге, келешегін түзетуге ұмтылды.

 

Жандос СМАҒҰЛ

филология ғылымдарының докторы, профессор

Ұқсас жаңалықтар