– Нұсқаның көптігі мен қате түсініктер, атауды бұрмалау сияқты жайлар осы мәселені егжей-тегжейлі зерттеуге итермеледі. «Жайма» нанды шығарушылар ретінде біз бұл мәселеге немқұрайлы қарай алмаймыз. Сондықт ан біздің компанияның жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Біз бұл мәселені өңірлік БАҚ-та қаузадық, филолог мамандардың көмегімен арнайы зерттеу өткіздік. «Ет» қарапайым тілде «Бесбармақ» деп атала бастады, ал ғылыми әдебиет пен мейрамханалардың ас мәзірінде «Қазақша ет» деп аталып жүрді деп түсіндіріледі зерттеуде. Бірақ шындығына келгенде, бұл бөтен сөздер мен жат ұғымдар. Мысалы, «Қазақша ет» атауы қайдан шықты десеңіз, оның «Мясо по казахский» орысша аудармасын қарау керек. Бұл сөз тіркесінің мағынасы мынадай: «Қазақтар етті осылай дайындайды». Бұлай тіл білмейтін кез келген бөтен бақылаушы айтуы мүмкін, – дейді Болат Жетпісбаев.
Шындығында «Бесбармақ» сөзінің шығу төркінін зерделесек, бұл сөз қайдан келді дегенге ой жүгіртсек, өзге түркітілдес халықтарда осы атауға ұқсас тағамдардың бар екеніне көзіміз жетеді: мысалға, башқұрт пен татардың «бишбармағы» мен қырғыздың «бешбармағы». Осы өзге тілдің сөздері қазақ тілінің фонетикасына бейімделіп, осылайша ауызекі тілде «бесбармақ» сөзі пайда болған.Ойды түйіндесек, Болат Жетпісбаев бүгінде біздің басымызға түскен мәселе кірме сөздердің ықпалынан туған салдар деп есептейді. Бөтен сөздер тілімізге еніп, өскелең ұрпақтың санасында бекіп кетті. Ең сорақысы сол, осы кірме сөздер қазақ мәдениеті мен асханасы жөніндегі барлық анықтама әдебиеттерде қолданылады. Ауызекі тілде, құжаттарда, әлеуметтік желілерде – барлығында біз өзіміз қате жазып, қате сөйлеп жүрміз. Біздің компания жаңа сөз іздемеуге, бөтен ұғымды үлгі етпеуге шақырады. Бізге бар болғаны мәселенің аныққанығына жетіп, барлығын өз орнына қойсақ болды», – дейді ол.
Кәсіпкерлердің айтуынша, тағамның атауы мына талаптарға жауап беруі шарт: жекеше түрде, атау септігіндегі зат есім болып, екінші мағынаға ие болмауы керек. Сәйкесінше, тілімізде қолданылып жүрген үш нұсқа бар, бұлар: «Ет асы», «Ет тағамы» және «Ет ауқат». Бірақ «Ет тағамы» мен «Ет ауқат» атауларын кез келген әдіспен, суға пісірілген, не майға қуырылған еттен жасалған тағамға қолдануға болғандықтан, олар ұлттық тағамымыздың атауы бола алмайды. Сәйкесінше, жалғыз дұрыс атау қалды деп есептейді Болат Жетпісбаев, бұл тек «Ет асы» атауы, ол бірқатар жағдай салдарынан уақыт өте келе, өзінің екінші бөлігін жоғалтты. Ол осы атауды қайта жаңғыртып, жылдар бойы жалғасып келе жатқан дауға нүкте қою керек деп есептейді. Ауызекі тілде және күнделікті тұрмыста тағамды қалай атасақ та өз еркіміз.
Алайда БАҚ-пен, тағам, қонақүй және туристік салада жұмыс істегенде біз бірізділікті сақтап, дұрыс айтуымыз керек. Әсіресе бұл бүгінгі күні аса маңызды, ұлтымыз төрткүл дүниеге мәшһүр болып жатыр, сондықтан біз өзіміздің мәдениетті дамыған мемлекет екенімізді көрсететін кез келді. Ұлттық тағамдарымыздың атауын түпкілікті бекітіп алуымыз қажет. Қоғамдық тамақтану орындарының ас мәзірін бір ретке келтіру керек. Дәлірек айтсақ, елімізді өзгелерден ерекшелейтін басты элементтің бірі деп отырмын. Кез келген мемлекеттің немесе халықтың образы осы ел мен өңірдің ерекшеліктер жиынтығынан тұрады. Яғни ол ел туралы сөз болғанда бірден еске түсетін элементтер. Олар жағымды да, жағымсыз да болуы мүмкін.
Бүгінде осы жайларды бақылауға болады және бұл қажет те. Сол үшін халық пен мемлекеттің мәдениетінде негізгі ерекшелік элементтері қалыптастырылады.Ерекшелік элементтері дегеніміз – елді оның көршілерінен едәуір айыратын образдар жиынтығы. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Жапонияны мысалға алайық. Соңғы 70 жылда жапондар өз мәдениетін күллі әлемге тарата алды. Ол үшін осындай ерекшелік элементтері таңдалып, таныстырыла бастады. Яғни самурайлар, саке, әскери өнер, суши және тағы басқалар.Бәсекеге қабілетті болу үшін, біз мәдениетіміздің өзгешелігін таныстыра алатын образдар тізімін анықтап алуымыз шарт. Олар Ұлы дала елінің образын толықтырып тұруы тиіс. Бұл мәдениет пен бизнес қайраткерлері үшін негізгі бағдар болуы шарт.Қоғамдық тамақтану орындары «Ет асын» дайындауда салт-дәстүр білімін тексеріп, сертификаттау – осы істің елеулі нәтижесі болар еді. Сертификаттау тамақтану орындарының кәсіби мамандануына, салт-дәстүр жөніндегі білімін жетілдіруге сеп болары сөзсіз. Бүгінде Google картасын ашып қараңызшы, сіз ол жерде белгіленген мейрамханаларды көзіңіз шалады.
Бұл мәліметті туристерге көмектесетін, смартфондарға арналған көптеген қосымша қолданады. Мысалы, «Орда» мейрамханасы немесе «Кишмиш» кафесі дегенді көресіз. Бұл туриске не береді? Ештеңе. Ал егер мейманхана ісімен айналысушыны «Орда» – қазақы тағам мейрамханасы. Стандарт «Ет асы – дәстүр» немесе «Орда» – қазақы тағам мейрамханасы. Стандарт «Ет асы – өнер» деп жазуға үйретсек ше? Әлдеқайда тартымды, солай емес пе? Осы сияқты көптеген саланы бөліп көрсетуге болады. Еліміздің заңнамасы бойынша оны тек бір әдіспен ғана жасауға болады. Қоғамдық пікір жинау қажет, содан соң үкімет құрған терминологиялық комиссияға өтініш жолдау керек.
Бұл қазақ сөздік қорының барлық саласына, экономика, ғылым, техника және мәдениет саласының терминдеріне қатысты ұсыныс шығаратын кеңес беру органы. Кәсіпкермен сұхбаттасып болып, кәсіпорынның ішін араладық. Кіргеннен ақ халат пен аяққа бахила кигізіп кіргізді. Көзімізге бірден түскені – қолдан жасалған диірмен, кептіру құралдары. Цехтағы құралдардың бәрі кәсіпкерлер мен жұмысшылардың өз қолдарынан жасалған екен. Жұмысты ештеңеге қарамастан нөлден бастаған кәсіпкер кей жылдары 2-3 ай жалақы бере алмаған кездеріміз болған дейді. Қиындыққа, түрлі кедергілерге шыдадық деп отыр. Ал бүгінде бұлардан асқан мықты кәсіпкерлер жоқ. Жұмысшылардың айлығы жоғары. 100 мың мен 300 мың аралығында еңбекақы алады. Ай сайын оларға 5 килограмм күріш, сұйық май сынды азық-түлік өнімдерін беріп тұрады екен. Мұндағы әрбір жұмысшы қадірлі. Еңбегіне қарай бағалаймыз деп отыр. Өнімдер салынатын түрлі мөлшердегі арнайы қораптардың сырты да ұлттық оюөрнектермен нақышталған.
Осылайша кәсіпкер отандық өніміміздің брендтік жаңа түрін қалыптастыруда. Олардың салмағы да әрқалай, 160 грамм – 3 килограмм аралығында. Ал өндіріске қажетті ұн Қостанайдан жеткізілуде. Үлкен астауға салынған ұн цехта қамырға айналдырылып, одан жаю аппаратына түсіп, кесуден өткен соң транспортер лентасы арқылы тізбектеліп келіп кептіру құралына рет-ретімен түсіп жатыр. Жалпы, цехта тәулігіне 2,5 тонна дайын өнім шығарылады.
Брендтік өнім өндіру технологиясы да қарапайым. Алайда жайма дайындаудың өзіндік құпиясы да бар екен. Кәсіпкер азамат оны айтып жатпады. Ең бастысы, астың дәмді болуы. Әзірге тұтынушылардың мұндағы ұн өнімдеріне айтар өкпесі жоқ. Әзірге еліміздегі ең сапалы, өтімді жайма осы зауытта өндірілуде. Кәсіпкердің ісіне сәттілік тіледік!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




