Жақсы іске зейінді «Зерхат»
«Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді, өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?» дегендей, Бостандық ауылындағы «Зерхат» шаруа қожалығының жөні бөлек. Қожалық 2020 жылы ғана құрылғанымен, талай шаруашылықты басып озды. Себебі, мұнда мақсат бар, нақты жоспар, соңында оң нәтиже бар. Егістік жерінің көлемі – 270 гектар. Сол алқапта пияз, картоп, қызылша өсіреді. Бұл шаруашылық 2025 жылы 40 гектарға бақша, 20 гектарға пияз, 70 гектарға қант қызылшасы, 20 гектарға картоп егіп, өсірді. Барлығы 150 гектар тамшылатып суғару тәжірибесін және 40 гектар жоңышқаға суғарудың спринклер түрін пайдалануы – озық технология жемісі. 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алатын жалақылары 250 мың теңге көлемінде. 12 ай бойы тұрақты берілетін мұндай жалақыны ауыл түгілі, үлкен қалалардан алып жатқандар аз. Сондықтан болар «Зерхат» шаруашылығына келіп, еңбек етсек деген кісілердің қатары көбейіп келеді. Биыл маусымдық жұмысшылар саны 40 адамға жетті. Техникалары да талапқа сай.
Биыл ғана лизингпен жаңа «Zoomlion – 130» тракторына қол жеткізді. Одан бөлек қызылша тазалайтын комбайны, «МТЗ – 892» тракторы, екі соқа, топырақ майдалағыш, картоп еккіш, картоп қазатын құрал, культиватор бар. Өнімін егіс басынан сатады. Бағасы екі тарапқа да тиімді болса, әрине. Әйтпесе, өнімді түгел өткеруге асықпайды. Оның да өзіндік себебі бар. Сыйымдылығы 2 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеп тұр. Ондай мүмкіндігі бар кісі бағаның жоғарылаған кезін күтеді. Қалай күтсе де, қай жағынан алғанда да ұтыла қоймайтыны анық. Аталған шаруа қожалықтың төрағасы – Ержан Мейірбеков. Ол кісі әрбір істі ұқыпты, жемісін көретіндей деңгейде атқаратын адам. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер мен қолдаулардан да бас тартпайды.
– Шаруа қожалықтың ашылғанына 5 жылдан енді асты. Әуелі қалай болады деп күдіктеніп, ойланғанымыз да рас. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, тәуекел деп кірістік. Ол уақыт пандемияның да кезі болатын. Ол уақыттың да өз қиындығы болды. Жастардың жаңашылдықпен жұмыс істегенін қалаймын. Арықпен, латокпен келетін су да пайдалы шығар. Біз бірақ тамшылатып суару әдісін таңдадық. Себебі, түптің түбі осы әдіске бақша мен көкөніс, жеміс-жидек өсіретін барлық шаруашылықтар көңіл аударатын болады. Бірден кіріскеніміз жаман болған жоқ. Қазір тамшылатып суару технологиясына үйреніп те қалдық. Сушы мамандар да дағдыланып, мол тәжірибе жинады. Білгенімізді ауыл жастарына айтып та отырмыз. Тамшылату әдісінің артықшылығы неде деген сұрақ туатыны анық. Бұл әдісте суды бірнеше есе үнемдеу жағы байқалады. Сонымен қатар мол өнім алуға да мүмкіндік бар. Менің түсінгенім, қазір шаруа қожалық ашамын, ісімді дамытамын деген адамға қолдау көп. Мемлекеттік бағдарламалар үлкен көмек болып отыр. Оны пайдаланған шаруашылықтар ілгерілеп барады. Біздің де мақсатымыз біреу. Сол дамыған және алға қадам басқан көштен қалмау. Ол мақсатымыз табандылықтың арқасында орындалып жатыр деп айта аламын. Ал жұмысшылардың жалақысын уақытылы төлейміз. Тіпті, қаржының реті келсе қосымша сыйақы бергіміз келіп тұрады. Ол неге? Жұмысшы ынталанған сайын, өзіңнің табысына көңілі толған сайын жұмыс өнімділігі екі есе артады. Жауапкершілігі де еселенеді. Бізге керегі де осы емес пе? Еңбек өнімділігінің артуы – табыстың кепілі. Сондықтан жұмысшыларды біз қолдаймыз, бізді олар қолдайды. Ортада нәтижелі жұмыс жүреді. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықтың жұмысын ақылмен, адамгершілікпен де басқаруға болады. Мен сол жолды таңдағанмын. Бір жағынан шаруа қожалықтың дамығаны қожайынына да жақсы шығар. Екінші жағынан бүкіл ауылға жаман емес. Ауыл адамдары жақын жерден жұмыс табады. Кейде арзан бағамен көкөніс, бақша өнімдерін сатып ала алады. Қазір бәсекелестік пен нарықтың заманы. Бір тиынды екі тиын ететін уақыт. Тіпті, біреулердің ұғымында адамдық пен қайырымдылықтың орнын іскерлік пен салқын мінез басқан. Ал мен іскерлік керек, бірақ қазақы болмыс, адал жол, ізгіліктен аттамағанымыз жөн деп ойлаймын. Күнделікті сол қағиданы басшылыққа аламын, – дейді төраға Ержан Мейірбеков.
«Уақ» шаруа қожалығының ірі істері
Бұл шаруашылықтың құрылғанына біраз жылдар болды. Атап айтқанда, 2002 жылдан жұмыс істейді. Тамды ауылдық округінде тіркелген, қарапайым тұрғындарға берер көмектері де аз емес. «Уақтың» жұмысы ә дегеннен дүркіреп жүріп кеткен жоқ. Шаруа қожалықтың негізгі ісі асыл тұқымды қой шаруашылығын дамыту, мал бордақылау кәсібін өркендетуге бағытталған. 200 гектарға көпжылдық шөп өсірсе, 180 гектар жайылымдық жердің де рәтін көрудей-ақ көріп жатыр. «Уақ» шаруа қожалығында ірі қара саны 30 бас ғана болғанымен, қой өсіруде мерейлері асқақ. 1900 қойы бар. Оның ішінде аналығы – 1200.
Жыл сайын 600 тоқтыны бордақылауға мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығы техникалары да талапқа сай. Атап айтқанда, 2 дана трактор, 6 дана басқа да қажетті техникалар ауыр жұмысты жеңілдетеді. Алты адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылған. Шаруа қожалықты Нұрлан Қыдырбеков басқарады. Заман ағымын түсінген Нұрлан жұмысшыларын кезі келгенде құрметтеп тұрады. Барлық еңбек адамы құрметке лайық екені бесенеден белгілі. Жалпы агро саланың жағдайы туралы төрағаның өз айтары да бар.
– Ең алдымен іскер адамға керегі тәуекел. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деп бекерге айтылмаса керек. «Үш кісіні басқарған кісіде де кие болар» дегендей, шаруа қожалықты да басқару жеңіл емес. Оның ашылу кезіндегі құжаттама қағаздарынан бөлек, әр қадамына үлкен төзім керек. Атымыз айтып тұрғандай біз уақ малмен, яғни қой өсірумен айналысамыз. Ата кәсіп – қой шаруашылығын дамытуға бел будық. Дұрыс қадам екенін уақыт көрсетіп отыр. Келешекте де шаруашылықтың көкжиегін кеңейту басты талап. Бізде алты жұмысшы бар. Өзім де сол еңбектің басында жүремін. Төрағамын деп шіреніп тұрудың заманы өткен. Кезі келсе трактор жүргізіп, реті келсе малға қарау жұмыстарын да атқара беремін. Қолыма ешқандай қара жұмыс жұғып қалмайды. Сол қалпыммен ертеңіне аудан әкімі, басқарма басшылары, депутаттар отырған жиынға қатыса беремін. Шаруашылықта мал басы орташа деңгейде өсіп жатыр. Тағы да бұйырса 1 мың басқа қой санын арттыру ойда бар. Бұл шаруашылықтың дами түсуі үшін де керек. Жұмысшылар саны да арта түседі. Ауылда жұмыссыздар қатарының азаюына да үлес қосқымыз келеді. Ол жағын, әрине, келешек көрсетеді. Қазіргі таңда басқа аудан, ауылдағы шаруа қожалықтарға да қарап отырмыз. Олар қалай келе жатыр, қай жағынан дамып жатыр дегендей бәсекелестік бар. Сонан соң өзімізге келіп кемшін жағымызбен жұмыс істейміз. Даму осындай жағдайда болады. Әр тракторшы, әр малшы, әр жұмысшы өз ісінің нағыз үздігі болуы тиіс. Ал біздің міндет соларға жағдай жасау. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп қазақ мақалы бекер айтылмаған. Алдағы уақытта да жұмыстың үдесінен шығып, шаруашылықты дамыту жолында аянбай тер төге береміз, – дейді төраға Нұрлан Дәуренбекұлы.
Бұл ауылда оның пікірімен санасып, ісін қолдайтындар көп. Себебі, уақ мал өсіріп, ауылдың адамдарын жұмыспен қамтып, әлсіз отбасыларға қайырымдылық жасап отырған Нұрланға тамдылықтар дән риза.
Даланың ұлағатын түсінген Ұлсынкүл
Бостандық ауылдық округінде тірліктің көзін тапқан шаруашылықтар көп. Олардың әрбірі нарық талабын түсінген деп айта аламыз. Іскер маман Ұлсынкүл Сүгірбекова басқаратын «Демеш» шаруа қожалығы да тек алдыңғы қатардан көрініп жүрген шаруашылық. Қожалық 1994 жылы құрылған. Яғни Ұлсынкүл заманның жағдайын ерте түсінген деген сөз. Ол кезде атпалдай азаматтар тәуекелге бара алмай жатқанда, Ұлсынкүл болашақты ойлап, белін бекем буған екен. Жалпы жер көлемі – 150 гектар. Бақша өнімдерін және көкөніс өсірумен айналысады. Бақша өнімдерін және пияз, картоп, қызылша өсіруге мүмкіндіктері бар.
2025 жылғы егілген егіс көлемі де көңілден шығады. 5 гектарға картоп, 15 гектарға қант қызылшасы, 40 гектарға бақша өнімдерін өсірді. Төрт адамды тұрақты жұмыс көзімен қамтыған. Жұмысшылардың қабағына қарап, түсіністікпен жұмыс істейді. Мұнан бөлек маусымдық жұмысқа 30 адамды қамтиды. Қазақшалап айтқанда, «Демеш» шаруа қожалығының қызылшасы қазылып, қарбызы мен пиязы, картобы қазан болғанша ауыл адамдарға осы шаруашылықтың алқабында жүреді. Жер-ананы баптайды, жер-ананы аялайды. Аяласа жер-ана да мейірімін төгеді. Бұл шаруашылықтың техниксы да талапқа сай. «МТЗ – 892», «МТЗ – 80» тракторлары дүрілдеп жүріп тұр. Соқа, топырақ майдалағыш, картоп еккіш, картоп қазатын, культиватор, тағы да басқа техниканың бәрі өзінен шығады. Өзінде бар. Нәзікжанды болса да бір шаруашылықты басқарып отырған Сүгірбекова егістік жағдайын жақсы біледі.
– Аяласаң дала саған нәрін береді, бәрін береді. Жер-ананың мейірімі ана мейіріміндей аялы. Соны түсінген сайын жұмысымыз да жылжып жүріп жатыр. Шаруа қожалықтың ашылғанына 32 жылға кетті. Өндірілген өнімді өткеру деген де өзінше бір мәселе. Біз өткеру барысында да жақсы мүмкіндікті пайдалануға тырысамыз. Тиімді жағын қарастырамыз. «Істің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деп бекер айтпайды. Жұмысым осы жерде. Өзім басқарамын. Ауылдың төсінде, табиғат аясында еңбек етіп жатқанымызға көңіліміз толады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, туризм бөлімі, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп жұмыс істейміз. Мемлекет тарапынан болып жатқан қолдауды да сезініп отырмыз. Диқаншылық деген жақсы кәсіп. Қимылдап еңбек еткенге жер-ана береді. Басқа да шаруашылықтармен бәсекелес екенімізді ешқашан ұмытпаймыз. Мәселен, өнімді өсіру бар да, оны сату бар. Әркім әрқалай сатады. Ол сату бағытында да іскерлік керек. Себебі, өнім жалғыз сенікі емес. Сол ала жаздай күнге күйіп өсірген өніміңді лайықты бағаға өткеруің керек. Ол қалай? Қалай болғанда да жолын табуың қажет. Оның да жолы бар, тәсілі бар. Іскер кісі барлық жағынан іскер болуы керек, – дейді Ұлсынкүл Сүгірбекова. Сүгірбекованың да айтқанымен келісуге болады.
Оның жұмысын бағалауға болады. Нарықтың өз заңы бар. Нарық заңы, әрине, қатал. Сол заңның аясында табысыңды еселеу нағыз іскердің ісі.
Еңбектің рәтін көрген
«Рәтбек» шаруашылығы «Рәтбек» шаруа қожалығы да Бостандық ауылдық округ аумағына қарайды. Биыл жаңадан құрылды. Жалпы жер көлемі – 38 гектар. 2025 жылы 25 гектарға бақша өнімдері,10 гектарға картоп, 2 гектарға көкөніс еккен. Бақша және көкөніс өнімдерін өсірумен айналысатын шаруашылық. Алғашқы жылы екеніне қарамастан 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бір «МТЗ – 82» тракторы бар. Ауыл шаруашылығы техникасы да талапқа сай. Ауылда басқа ұжымдармен қатар мұндай белсенді шаруашылық ашылып жатқанына тұрғындар да риза. Себебі, шаруа қожалықтары көбейген сайын, өнім бағасы қолжетімді бола беретіні рас. Яғни, шаруашылықтың көбейгені екі тарапқа да қолайлы.
«Белді буып шаруа қожалығын ашып алдық. Бірінші жылғы жұмысымыз жаман емес сияқты.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп хакім Абай айтқандай, ала жаздай тер төгіп, өнім жинап алғанымызға өте қуаныштымыз. Өнім жақсы түсім берген сияқты. Мол өнім жинау шаруашылыққа да тиімді, ауыл тұрғындарына да тиімді деп ойлаймын. Қай кезде де осы ауылдың ауасымен тыныстаймыз. Қай кезде де осы ауылмен біргеміз. Ауыл – біздің берекеміз. Сондықтан ісіміз де, ойымыз да ауыл тұрғындарымен бірге. Биыл 10 адам тұрақты жұмыс істеді біздің шаруа қожалықта. Одан бөлек 15 адам маусымдық кезде тер төкті. Былай қарап отырсаң, оның бәрі жұмыс. Жалпы басқа тұрғындарға жұмыс көзін тауып бергенімізге көңілім толады. Жұмыс істеген кісінің айналасы берекеге толады ғой. Келесі жылы да тиянақты еңбек етеміз. Енді түсетін өнім көлемін арттыруды көздейміз. Ол үшін мүмкін қымбат, сапалы тұқым қажет болар. Ол бойынша да жұмыс істейміз. Ауылда жүрген соң, шаруа қожалықты ашқан соң, оның жауапты жұмысынан қашпау керектігін жақсы түсінемін. Оны менің шаруа қожалығымда еңбек еткен жұмысшылар да түсінеді деген ойдамын. Себебі, адал еңбектің рәті әрқашан да болады. Алдағы уақытта заманның жаңашыл талабына сай шаруашылығымды дамытуға күш саламын, – дейді төраға Ербол Рәтбек.
Міне, мұндай жігіттердің шаруа жайын түсінгені, ауылдың бағын ашатын іскер азаматқа айналуы – қуаныш. Біз «Рәтбек» шаруа қожалығының да тасы өрге домалай беретініне сенімдіміз. Біз Талас ауданының бірнеше қожалықтары жайлы жаздық. Сол ауыл шаруашылығына қатысты жұмыстардың бәрін үйлестіру оңай емес. Бұл ретте аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның өз айтары бар.
– Өздеріңіз білетіндей, ауданымыздың халқы негізінен аграрлық саламен айналысады. Мал шаруашылығын және егіншілікті дамытуға әр ауылдық округтің мүмкіндіктері бар. Әр ауылдық округтегі шаруа қожалықтармен бірлесіп жұмыс істейміз. Қыстың бораны, жаздың аптабына қарамай шаруашылықтарды аралаймыз. Шаруалардың жағдайымен танысып тұрамыз. Ірі шаруашылықтардың қадамы да ірі. Шаруа қожалық төрағаларына жаңашыл талаптарды түсіндіріп, заманға бейімделу жағын да айтамыз. Шаруашылықтарды жаңа техникалармен қамту бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы, малшыларымыз бен диқандарымыз аянбай тер төгіп, еңбектің биігінен көрініп келеді. Алдағы уақытта да шаруа қожалықтарының жұмысы жандана береді деп ойлаймын, – дейді ол.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




