– Бір жылдан енді асты кәсіп жүргізіп отырғанымызға. Өз қаражатымызбен, бар ақшамызбен бастадық. Ешкімге жалынышты болмайық дедік. Тәжірибе бар, неге жасап көрмеске деп оқталып, бастап кеттік. Ең бастысы, бастау керек екен, арғысын Жаратқан қолдап жібереді екен. «Балапанды күзде санайды» демекші, 2023-тің жазында біз өз ісіміздің дұрыстығына көз жеткіздік. Қаншама шәкіртіміз грантқа оқуға түскенде қуаныштан жүрегіміз жарылардай болды. Енді жекеменшік мектеп ашуға талпынып жатырмыз, – дейді Гүлнұр Айтпаева.
Абай Құнанбаев айтпақшы, «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім мен ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі екен». Белгілі бір істің хас шебері болу үшін әуелі ол істі шын сүюің керек. Таңдаған салаң қолыңнан ең жақсы келетін іс болуы шарт. Сонда жасаған жұмысыңнан ләззат аласың. Адам өзі сүйетін, қолынан келетін, халыққа пайдалы іспен айналысқанда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қолдау көрсетіп, бұл істің шыңына шықпақшы. Шын сүйіспеншіліктен туған дүние ғана сұлу һәм құнды болмақ. Оқу орталығындағы кабинеттер заманауи жабдықталған. Ұстаздар интерактивті тақтамен сабақ өтеді. Химия, биология, физика лабораториялары бар екен. Қысқасы, оқушылардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалыпты. Мұндағы ұстаздар да арнайы таңдалынып алынады.
– Кәсіп бастаудың ерте-кеші жоқ. Маңыздысы – сол кәсіпті әрі қарай дөңгелетіп алып кету. Еңбек – адамнан, ризық – Алладан. Ұлы Абай «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды», деп айтқан жоқ па еді. Өзім осы пікірді ұстанам. Жалқаулардың қатарынан емеспін. Тараздағы ең мықты білім беретін оқу орталықтарында жұмыс істей жүріп армандадым. Болашақта өз оқу орталығым болса, жекеменшік мектебім болса деп. Сол армандарым шындыққа айналып келеді. Табысты оқу орталығын құру үшін жұбайым екеуміз аянбай еңбек етудеміз, – дейді Дидар Кубеев.
Кәсіпкерлік – тәуекелді қажет ететін сала. Бизнеске салған ақшаң әп-сәтте күйіп кетуі мүмкін. Сол үшін алдымен іштей соған дайын болу керек. Сонымен бірге көзсіз тәуекелге бармай, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндей» қадамыңды анық басуың қажет. Бүгінде 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта жұмысшылар санын екі есеге арттыру ойларында бар. Әрбір ата-ана баласы үшін ештеңе аямайды. Баласының білімді, көп тіл білуін, есепті шемішкеше шағып, ақылды болғанын қалайды. Сол үшін бүгінде қалауыңызға сай оқу орталықтары да көп. Саны бар, сапасы жоғы да бар. Алайда бұл кәсіпке ардың ісі деп қарап, болашағымыз деп отырған балаларға білім атты инвестицияны құюды жауапкершілік деп қарайтын оқу орталықтары да баршылық. USTADIUBT оқу орталығына ата-аналар да дән риза. Балаларының білімі жоғары болғандығын, үлгілі, дарынды мектепте оқығандарын қалаған ата-аналардың бірі – Қалима Оңдасова. Оның айтуынша, былтыр ұлы Ержан ҰБТны сәтті тапсырып, Астанадағы Еуразия атындағы Ұлттық университетке түсіпті. Табыстың кілті – жақсы маманда.Бұл оқу орталығының ұстаздары да аса білімді жандар. Бала жүрегінен орын алған мейірімді жандар. Арасында балаларға қызықты болуы үшін «Пицца тайм», «Кино тайм» ұйымдастырып, шәкірттердің бос уақытын да дұрыс ұйымдастырады екен.
«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» демекші, ұстаздарына қарап бой түзеген шәкірттер биыл да жақсы көрсеткіш көрсетеміз деп отыр. Әр ай сайын тест тапсырып, ҰБТ нәтижесін де қарап отырған ұстаздар биылғы жылы үздіктердің үздігі боламыз деп отыр. Ғылым мен техниканың дамыған нағыз білімділердің заманында тек асқан біліміңмен ғана мақтануға болады. Басқасы құр әурешілік екенін мұндағы оқушылар жақсы біледі. Сондықтан да олар уақытты қалт жібермей, озық болуға харекет етуде.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




