«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жәнібеков проблеманың бәрі келесі жылы шешіледі деп отыр

Жәнібеков проблеманың бәрі келесі жылы шешіледі деп отыр
Автор
Тоғыз жолдың торабында орналасқан іргелі аудандардың бірі – Шу. Аудан халқының саны 100 мыңнан астам. Жақында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында есеп берді.

Әкімнің ақпаратынан білгеніміздей, соңғы 10 ай ішінде ауданның барлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика байқалған. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 92 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 109 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығы саласында 61,5 миллиард теңгенің, бөлшек сауда айналымында 27,8 миллиард теңгенің, құрылыс жұмыстары саласында 34,1 миллиард теңгенің өнімдері өндірілген.

Бұл салаларда да жоспардың орындалуы көңіл қуантады. Ең өзекті мәселе инвестиция тарту бойынша түсім 78,6 миллиард теңгені құраған. Ал жалпы құны 1,039 триллион теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобалармен жұмыс жүргізілуде екен.

Атап айтқанда, «Хим – плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған гербицид өндіру зауытының жобалық құны 26,3 миллиард теңгені құраса, «AIstom» компаниясының электровоз құрастыру зауытының жобалық құны 5 миллиард теңге. Өзге жобалардың да қаржысы аз емес. Оның барлығы жүзеге асып жатса, Шу ауданының экономикалық дамуына оң ықпал ететіні анық. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 28,3 мың шаршы метрді құрап, жоспар 102,6 пайызды құраған.

Ауданда төрт түлік мал санының өсуіне орай жайылым өзекті мәселенің біріне айналып келеді. Дегенмен бұл мәселе тұрақты түрде зерделеніп, әкімнің назарында тұрады екен. 2024 жылдың қорытындысымен 9926 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері жер қорына қайтарылса, биыл 13 мың гектар жерді қайтаруды межелеп отырғанын білдік.

Ауданда ирригациялық жүйелерді жаңғырту маңызды. Бұл ретте 15 каналға қайта жаңғырту және темірбетондау жұмыстары жүргізіліп, шаруашылықтарға жаңа каналмен су берілген. Аудандағы 35 елді мекеннің 32-сі таза ауыз сумен қамтылған. Яғни, 91,4 пайыз. Шу қаласының қант зауыты шағынауданында су имараты іске қосылған. Таза сумен қамтылмаған екі ауылда және Шу қаласының шағынаудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жыл қорытындысымен 5 нысан пайдалануға берілетіні межеленсе, Сауытбек ауылындағы аяқталмаған жоба 2026 жылдың еншісіне қалып отыр. Көлемі үлкен болғандықтан да, ауданда өзекті мәселелер аз емес. Оның көпшілігі Шу қаласына қатысты туындап отыр. 36 жыл бойы жөндеу көрмеген кәріз жүйесі қала тұрғындарына жағымсыз иіс пен қолайсыздық тудыруда.

Аудан әкімі бұл жобаны аудан бюджеті көтере алмайтынын, облыстық қазынаға да біраз салмақ болатынын түсіндіріп, көмекті республикалық бюджеттен сұрап отырғандарын жеткізді. Жоба құны – 15 миллиард теңге. Күні бүгінге дейін қолдау таппаған. Егер қолдау тапса, кәріз жүйесі 11 шақырым қашық аумаққа көшіріліп, Шу қаласының экологиялық жағдайы жақсара түседі деп аудан басшысы БАҚ өкілдерін сендірді. Бірақ қаржының қарастырылуы нақты шешіле қоймағаны ойландырады. Аудандағы 35 елді мекеннің 19-ы ғана табиғи газбен қамтылған. Бұл дегеніңіз – 51,4 пайыз. Демек, аудан тұрғындарының жартысына жуығы әзірге көгілдір отынның қызығын көре қойған жоқ деген сөз.

Аудан әкімі бұл мәселені:

«Аталған 16 ауылдың 6-на табиғи газ жеткізу экономикалық жағынан тиімсіз. Тұрғындары аз ауылдар. Ал 10 ауылда газ қысымы жеткіліксіз. Жоғары қысымды қамтамасыз ету үшін Қонаев ауылында АГРС салу 2021 жылы бастау алған. 2026 жылдың соңғы тоқсанында аяқталады деп жоспарлап отырмыз», – деп бір түйді.

Маңызды мәселенің бірі – елді мекеннің көшелерін жөндеу. 2025 жылы жалпы ұзындығы 90,3 шақырымды құрайтын 113 көшелер мен бұрылыстарды жөндеу жұмыстары жүргізілген. 88 көшеде жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 25 көше 2026 жылға өтпелі болып қалып отыр. Аудан аумағында 7 ауылдың ішкі көшелері толығымен асфальтталған. Шу қаласында барлығы 313 көше бар. Ұзындығы 204 шақырымды құрайды. Оның ішінде асфальтталмағаны – 99 көше. 2024 жылы 62 көшеге асфальт, 3 көшеге тротуар, 16 көшеге шағал тас төселген. Нәтижесінде асфальтталған көшелер саны 9 пайызға өскен. Ал 2025 жылы ұзындығы 26,6 шақырым болатын 44 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда ұзындығы 19,5 шақырым болатын 26 көше асфальтталып, жұмыстар толық аяқталды. 18 көше 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар теміржол вокзалын жөндеу, «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Жеңіс» саябағындағы жұмыстар қараша айының соңына дейін аяқталып, тұрғындар жөндеуден өткен саябақта қыдыратын болады.

Аудан әкімі білім, мәдениет, спорт, денсаулық мәселелеріне де тоқталды. Сұрақ-жауап кезеңіне дайын екенін де жасырмады. Журналистер тарапынан да ерекше сұрақтар қойылды.

«Сіз мәселенің көпшілігін алдағы жылдарға өтпелі деп отырсыз. Мәселен, «Жібек жолы» экономикалық аймағында бірнеше зауыт жұмысын қызу жүргізіп жатуы керек еді. Бүгінгі таңда сол кәсіпорындар нақты не өндірді? Айта аласыз ба?» деген сұраққа аудан әкімі: «Осы кезге дейін ол жерде химиялық парк ғана болды. Өзге кәсіпорындар енді жер алып, енді жұмыстарын бастап жатыр. Оларға уақыт керек. Дегенмен чек қағаздарын, басқа да өнім түрлерін шығара бастаған кәсіпорындар бар. Біз экономикалық аймақтың алдағы уақытта аудан экономикасына зор табыс әкелетініне сенеміз. Ал алдағы уақыт деген алыс емес. 2026 жылдың аяғына қарай да кәсіпорындар табысымен көріне бастауы тиіс», – деді.

«Шу қаласында қаңырап бос тұрған ғимараттар көп екен. Мәселен, бұрынғы тігін фабрикасының ғимараты дер едім. Сонан соң жасөспірімдер қылмысын азайту бойынша қандай нақты жұмыс бар?» деген сұраққа Бақытжан Жәнібеков:

«Сұрақ орынды. Шу қаласында қаңырап тұрған ғимарат жалғыз тігін фабрикасы ғана емес, бұрынғы кәсіптік техникалық училище ғимараты, 94 пәтерлі жатақхана тозып тұр. Жанымызға батады, әрине. Ол жер бұзақы жастар мекеніне айналмауын қадағалап, бақылауда ұстап отырмыз. Ретретімен күрделі жөндеуден өткізуге ықпал еткіміз де келеді. Барынша тиімді жағын ойлап отырмыз», – деді.

«Сіз облыстық аппараттық кеңесте үнемі ұсыныс айтасыз. Өзіңізді біліктілігі жоғары менеджер деп бағалайсыз ба? «Шу-АГРЭС» нысанының құрылысы қашан аяқталады? Шу-Қайнар бағытындағы 56 шақырым жол қаржыландырудың болмауынан тоқтап тұрғаны рас па?» деген сұраққа Шу ауданының әкімі:

«Ауданда құрылысы жүріп жатқан нысандар бар. Бірақ бәрі бақылауымызда. Жұмысы сапасыз, салғырт болса мердігер компания жауап береді. Біз сол инвестиция салып жатқан ірі компанияларды пайдаланып, тротуар, кішкентай көше, ғимараттарға асфальт төсетіп алғымыз келеді. Елдің игілігі үшін. Облыстық аппараттық кеңесте сөйлеп, ұсыныс айтатыным да қарапайым тұрғындар мүддесін ойлағаннан. Жыламаған балаға кім сүт береді? Елдің жағдайы үшін барлық қиындыққа төзуге бармын», – деді.

Аудан әкімі Жәнібеков осылайша есебінен де жаңылған жоқ, сұрағынан да сүрінген жоқ. Алайда 2026 жылға, 2027 жылға өтпелі ғимараттар мен жобалар аз емес екен. Алла амандығын берсе, келесі жыл да келер. Ендеше Бақытжан Жәнібековтің алдағы жылдарға сілтеген жобалардың шынында өз мерзімінде аяқталар-аяқталмасын уақыт көрсетеді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар