«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Меркінің электр энергиясын тараздықтар да пайдалануда

Меркінің электр энергиясын тараздықтар да пайдалануда
Автор
Әлемді алаңдатып отырған мәселе – қоршаған ортаны ластанудан қорғау. Бұл тұрғыда қолға алынып жатқан «жасыл» экономика термині қоғамға сіңісіп те үлгерді. Қай кезеңде болмасын үнемдеу, ысырап етпеу береке бастауы саналады. Бұл ретте ел байлығын еселейміз десек, бірінші кезекте мемлекетіміздің табиғи ресурстарын тиімді пайдаланып, баламалы энергия көздеріне мән беруіміз қажет.

Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбын «Болашақтың энергиясы» деп бекерден бекер таңдамаған. Осы арқылы энергияның қайта қалпына келетін көздерін, ресурстарды үнемдейтін технологияларды және қалдықтарды қайта өңдеуді кеңінен қолдануға негізделген «жасыл экономика» – орнықты дамудың жолы екенін көрсеткісі келген еді. Бүгінде елімізде «жасыл экономиканы» дамытуға көбірек көңіл бөлінуде. Соның ішінде облысымыз – «жасыл экономиканы» дамытуды қолға алған өңірлердің бірі саналады.

Жамбыл жерінде энергияның балама және қайта қалпына келетін көздерін пайдалану үлесінің жыл өткен сайын артқаны байқалады. Оны облысымыз бен ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстарға қарап отырып-ақ байқауға болады.

Ауданымызда «Гидроэнергетическая компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Меркі ГЭС-1» және «Меркі ГЭС – 2» су электр стансалары электр энергиясын өндірумен айналысады. Жалпы серіктестікте 26 адам тұрақты жұмыс істейді. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, «Меркі ГЭС -1» су электр стансасы 1956 жылы, ал «Меркі ГЭС-2»-і 1965 жылы Орта Азиялық Тәшкент институтының «Гидропроект» жобасы негізінде салынған болатын.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде шетелдік инвесторлар алып, оның жұмысын он жылдай жүргізген. 2007 жылдан бастап «Гидроэнергетическая компания» ЖШС-і қарауына алып, бұл су электр стансаларының жұмысын жолға қоя алды. Бірінші стансаның қуаттылығы 0,62 мегаватты, ал екінші 1,2 мегаватты құрайды. Қос су электр стансалары заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

Бүгінгі таңда орталық электр тарату желісі арқылы стансаның өндірген қуатын облысымыздың 125 абоненті пайдаланып, игілігін көруде. Оның ішінде 72 заңды тұлға, 53 жеке тұлға бар. Жамбыл электр стансасының тарифтерімен салыстырғанда «Гидроэнергетическая компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарифі төмен. Бүгінгі таңда электр энергияны Тараз қаласындағы заңды тұлғалар да пайдалануда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Меркі ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар