Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, аймақта табиғат көздерінен жаңартылатын энергия көздері нысандары Жамбыл облысында 2010 жылдан бері дами бастады. Атап айтсақ, 2010 жылы қуаты 2 мегаватты құрайтын 2 жел электр стансасы пайдалануға берілсе, 2015 жылы қуаты 114 мегаватт болатын 9 нысан, 2021 жылы қуаты 387,8 мегаватты құрайтын 17 нысан, ал 2024 жылы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 нысан іске қосылған.
Бүгінгі күні облысымызда жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 24,4 мегаватт болатын 6 су электр стансасы, 275,65 мегаватты құрайтын 10 жел электр стансасы, 271,25 мегаватт болатын 6 күн электр станциясы бар. Ал республика көлемінде жалпы қуаты 3248,1 мегаватт болатын 158 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Осы көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан елімізде алдыңғы қатарлардың бірінде. Орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суын да – игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз әбден жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс – мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады.
Бүгінгі таңда облысымызда күн, су және жел электр стансаларының көптеп салына бастауы соның дәлелі. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына бір триллион киловатт электр энергиясын өндіруге мүмкіндігі бар. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, «Жасыл» экономиканы дамыту аясында республика көлемінде 100-ге жуық жаңа жоба енгізіліпті. Мәселен, 2024 жылдың 9 айында облыста сағатына 602,1 миллион киловатт электр энергиясы өндірілсе, жоғарыда айтылғандай, ЖЭК нысандарының өңірде даму қарқыны айтарлықтай жоғары.
Соңғы төрт жылда облыста бірқатар ірі және шағын қуаттағы жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, 2021 жылы құны 49 миллиард теңге болатын қуаты 100 мегаватты құрайтын «Жаңатас» жел электр станциясы пайдалануға берілді. Сондай-ақ қуаты 9,2 мегаватты құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр станциясының екінші кезеңі іске қосылды. 2022 жылы Жамбыл ауданында қуаты 50 мегаватт болатын «AEC ASA» күн электр станциясы, сондай-ақ Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 мегаватты құрайтын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» атты үш жел электр станциясы пайдалануға берілді. Оның әрқайсысының қуаты 4,5 мегаватты құрайды. 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегават болатын «Шоқпар ЖЭС» электр станциясының құрылысы аяқталды.
Бұдан бөлек, қолға алынған жобалар көп. Соның бірі Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы қуаты 1000 мегаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Осы жерде бір атап өтерлік жайт, бұған дейін Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының Жамбыл облысындағы зияткерлік өндіріс базасы жобасы қолға алынды. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынбақшы. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрайды.
Нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жылдық қуаты бір-екі гигаватты құрайтын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұмысшы саны 300 ге жуықтамақ. Ал қос кезеңнің жобалық құны 114 миллион АҚШ долларын құрайды.
Жалпы бөлінген жер аумағы 24 гектар. – Облысымызда осындай Орта Азияда жоқ SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт құрылысының басталуы қуанарлық жағдай. Өйткені бұл жоба – облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін растап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр. Жалпы Президент тапсырмасымен елге инвестиция салған инвесторларға барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен, біздің арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жаңа ел экономикасына пайдасын тигізетін ірі жобаларға инвестициялық преференцияларына толық көлемінде қолдау көрсетілуде.
Ең алдымен олар корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал-жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов. Облысымыздың Қордай ауданында бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосылса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасы жүзеге асырылды.
Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы талапқа сәйкес жұмыс істеп тұр. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловатт сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Сондай-ақ осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы – 504 киловатт болды.
Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мегаватт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерген. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 мегаваттық «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады.
Бұдан бөлек, Жуалы ауданында Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасы мен «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу жоспарлануда. Бұл жобалар бірнеше жыл қолға алынғанымен, әзірге құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор.
Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс істейді. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Осылайша жыл санап облысымызда жасыл экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда.
Аймақта күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген. Жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 24 нысанға дейін жеткізілмек. Жамбыл облысы өңірінде күн инсоляциясының көрсеткіші сағатына 1500-1600 киловатқа дейін жететінін, бұдан Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіншілктері бар екендігін көруге болады.
Бұл көрсеткіш бизнес жобалар үшін өте қолайлы аймақ қатарында. Аудандар бөлінісінде қарасақ, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында сағатына – 1 465, Меркі ауданында – 1471, Шуда – 1459, Т.Рысқұловта – 1463, Жуалыда – 1520, Сарысуда – 1520 киловатт күн инсоляциясы мүмкіншілігі бар. Облыстың жел энергиясын өндіру бойынша басымдылығын анықтау үшін Қазақстанның жел ресурстарының атласы пайдаланылды.
Атлас картасына сәйкес республика бойынша 100 метр биіктіктегі жел жылдамдығының орташа көрсеткіші жел энергиясын дамытудың негізгі алғы шарты болып табылады. Картадан есептеп, салыстырып қарасақ, жел энергиясын дамыту бойынша Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарымен қатар Мойынқұм ауданында үлкен мүмкіншіліктер бар екендігі байқалады.
Қалған аудандарда, картаға сәйкес, жел энергиясын өндіру әлеуеті төмен, желдің жылдамдығы 5 метр/ секундтан аспайды. Су ресурстарының мүмкіндіктерін анықтау бойынша табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі басқармамен бірлесіп облыстың өзендері мен су қоймаларының мүмкіндіктері зерттелді.
Нәтижесінде облыстың 10 өзені мен су қоймаларында жүзеге асырылуы мүмкін 12 перспективалық жоба анықталды. Стансалардың болжамды қуаты шамамен 140 мегаватты құрайды. Перспективалы жобалар негізінен тау өзендерінің жоғарғы ағысында тұрған Жуалы, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарының аумағында орналасқан. Жобалардың бұл тізімі шетелдік және отандық инвесторларға ұсыныс ретінде ұсыну үшін «Қазақ Инвест» компаниясының облыстық филиалына жіберілді.
Аталған аудандарға облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялықинновациялық даму басқармасымен бірлесіп, осы жобаларды іске асыру бойынша инвесторларды тарту бойынша жұмыс күшейтілген. Облыстың табиғи және климаттық жағдайлары ЖЭК нысандарын салуға барынша қолайлы болғандықтан, алдағы жылдары екі ірі жобаны іске асыру көзделуде. Оның бірі – Мойынқұм ауданында Франциялық «Total Eren» ЖШС тарапынан жүзеге асырылатын жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы. Оның жүзеге асырылу мерзімі 2028 жыл. Екіншісі Сарысу және Талас аудандарында Біріккен Араб әмірлігінің «Masdar» компаниясы. Оның қуаты да 1 гигаватты құрайды. Бұл жел электр стансасы 2029 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар, өңірде күн, жел және су электр станцияларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленді. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватқа жалпы қуаттылығымен 24 нысанға дейін жеткізілетін болады. Жалпы алғанда, аталған жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электр энергиясымен қамтуға және облысты толықтай «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Энергиясы ешқашан азаймайды
- 4 желтоқсан, 2025
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




