«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есірткі бизнесіне қарсы күрес екпінді жүргізілуі тиіс

Есірткі бизнесіне қарсы күрес екпінді жүргізілуі тиіс
Автор
Өңіріміз соңғы жылдары экономикалық және әлеуметтік даму тұрғысынан тұрақты аймақтардың біріне айналды. Инфрақұрылым жаңарып, жаңа өндіріс орындары салынып, ауылдарда халық өміріне қажетті нысандар ашылуда. Алайда қоғамның тыныштығына қауіп төндіретін көлеңкелі құбылыстар да қатар жүр. Соның ішінде ең қауіптісі – есірткі бизнесі мен нашақорлық. Бұлар бір отбасының емес, тұтас бір ұлттың келешегіне әсер ететін, алдын алмаса асқынып кететін әлеуметтік індет.

Есірткі мәселесі бүгінгі күні тек қылмыстық оқиға немесе медициналық проблема шеңберімен шектелмейді. Ол – ұлттық қауіпсіздікке, қоғамның психологиялық және рухани саулығына төнген үлкен қатер. Әлемде есірткі бизнесінің қарқыны жыл санап артып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес басқармасының мәліметінше, әлемде 36 миллионнан астам адам есірткіге тәуелді. Соның ішінде әр төртіншісі – жастар. Ең алаңдатарлығы – есірткі қолданушылардың жасы жыл сайын жасарып барады.

Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Соңғы бес жылда нашақорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар 1,5 есеге артқаны туралы түрлі зерттеулерде айтылып жүр. Еліміздің оңтүстік өңірлері, соның ішінде біздің облыс транзиттік аймаққа жататындықтан есірткі бизнесінің белсенділігінен қалыс қала алмайды. Географиялық орналасуы, халықаралық бағыттағы жолдардың көптігі, үлкен қалалардың жақындығы бұл аймақты есірткі тасымалы үшін қолайлы бағытқа айналдырады. Бірақ бүгінгі ең үлкен қауіп – дәстүрлі апиын өнімдері емес, синтетикалық есірткілердің көбеюі. Бұрын есірткі саудасы жасырын орындарда немесе нақты делдалдар арқылы жүрсе, қазір интернеттің көмегімен оны тарату жеңілдеді.

Облыстағы жағдайға келер болсақ, облыстық полиция департаментінің мәліметтері бұл мәселенің өзектілігін айқын көрсетеді. 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, аталған кезеңде 272 есірткі қылмысы анықталған. Ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 69 дерекке артық. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 8 тонна 587 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның ішінде 4 тонна 179 килограмм кептірілген марихуана, 4 тонна 248 килограмм каннабис өсімдігі, 29 килограмм гашиш және 9 килограмнан астам синтетикалық заттар бар.

Ресми деректерге сүйенер болсақ, жыл басынан бері Шу өңірінен еліміздің басқа аймақтарына есірткі тасымалдаудың 16 арнасының жолы кесілді. Операция нәтижесінде 485 килограмнан астам марихуана мен 129 килограмм гашиш тәркіленіп, 18 адам ұсталған.

Полиция департаменті синтетикалық есірткінің таралуының алдын алуға ерекше назар аударып келеді. Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы бері сегіз адам ұсталып, заңсыз айналымнан 9 келіден астам синтетикалық есірткі заты алынған. Синтетикалық есірткі өндіретін зертхана ұйымдастырған Ресей Федерациясының екі азаматы ұсталып, олардың зертханасынан сегіз килограммнан астам мефедрон, екі тоннадан астам прекурсорлар мен арнайы жабдықтар табылған. Сондайақ трамадол есірткі препаратын заңсыз сатумен айналысқан алты адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылған. Барлығы 6 мың 417 гектар алқапта 3 мың 919 тонна жабайы қарасора шабу арқылы жойылды.

Есірткі бизнесінің тағы бір ерекшелігі – оның қоғамдағы әлсіз топтарды тез-ақ арбауында. Ата-ана тарапынан бақылаудың болмауы, баланың бос уақытының көптігі, психологиялық дағдарыс, достар ортасының ықпалы – жасөспірімді есірткіге икемдейтін негізгі факторлар. Сондықтан бұл мәселені тек құқық қорғау органдарының жұмысы ретінде қарастыру – үлкен қателік.

Әлеуметтік-психологиялық факторлар ескерілмейінше, нашақорлықпен күрес нәтиже бермейді. Сарапшылардың айтуынша, анықталған есірткі көлемі – нарықта айналымда жүргеннің шамамен 10 пайызы ғана. Қалғаны жасырын арналар арқылы таралады. Сондықтан күрестің негізгі бағыты – есірткіні сатушыларды емес, ең алдымен оның таралу арналары мен ұйымдастырушыларын анықтап, толығымен жою.

Есірткінің таралу жолдарының бірі – әлеуметтік желілер. Бүгінгі таңда Telegram арқылы жұмыс істейтін жасырын дүкендер, криптовалюта арқылы жасалатын төлемдер, чатботтар арқылы тапсырма беру тәсілі кең таралған. Кейбір арналардың мыңдаған жазылушысы бар. Олар геолокациялық белгілер арқылы «қойма», «жасырын орын» көрсетіп, есірткіні сол жерге жасырып кетеді. Сатып алушы ақшаны алдын ала аударып, мекенжайды алады. Мұндай схема сатушы мен сатып алушыны тікелей байланыстырмайды, бұл құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатады. Осыған байланысты ел бойынша арнайы киберқылмысқа қарсы бөлімдер күшейтілді.

Енді мәселенің әлеуметтік жағына тоқталсақ. Балалар мен жасөспірімдердің есірткіге тәуелді болуы – көбіне отбасындағы жағдаймен тікелей байланысты. Мектеп психологтары «жоғары тәуекел топтары» деп аталатын топпен арнайы жұмыс жүргізуі тиіс. Бұл – көңіл-күйі тез өзгеретін, жалғыздығын сезінетін, ата-анасынан алшақ балалар. Олар интернеттегі жалған достар мен қауіпті топтардың ықпалына тез түседі.

Нашақорлықпен күресте білім беру мекемелерінің рөлі орасан. Мектеп мұғалімдері, колледж педагогтары, психологтар балалармен тұрақты профилактикалық жұмыс жүргізуі керек. Тек лекция оқу немесе қарапайым брошюра тарату жеткіліксіз. Сабақтар интерактивті болуы керек: өмірлік мысалдар талдансын, жасөспірімдермен пікірталас өткізілсін, бұрын есірткіге тәуелді болып, қайта қалыпқа келген адамдармен кездесу ұйымдастырылсын. Бұл балаларға әлдеқайда әсер етеді. Сонымен қатар спорттық үйірмелердің, шығармашылық орталықтарының, тегін секциялардың санын көбейту – жасөспірімді қауіпті ортадан алшақтатады.

Тараз қаласында және аудандарда соңғы жылдары жаңа спорт залдары ашылып, бұқаралық спорт дамып келеді. Бірақ ауылдарда мұндай мүмкіндіктер әлі де жеткіліксіз. Жастар бос уақытын пайдалы іске жұмсамаса, интернеттегі қауіпті контентке оңай алданып қалуы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, есірткінің салдарынан психикалық ауруларға шалдыққан жастардың саны жыл сайын өсіп келеді. Олардың көбі – синтетикалық есірткіден зардап шеккендер. Мұндай пациенттер ұзақ мерзімді ем қабылдайды, кейбірі өмір бойы диспансерде тіркеуде болады. Бұл – қасірет. Тек бір адам емес, оның отбасына, жақындарына ауыр соққы.

Есірткі бизнесіне қарсы күрес тек жазалау шараларымен шектелмеуі тиіс. Қылмыскерді ұстап, жаза кесу – ең соңғы кезең. Ал оның алдын алу – басты міндет. Сондықтан әлеуметтік бағдарламалар, психологиялық көмек, жастар саясаты, білім беру саласы – барлығы бірігіп әрекет етуі керек. Қоғам болған соң, оның ішінде проблемалар да қатар жүреді. Бірақ ең маңыздысы – сол проблеманы жасырмай айту, оған қарсы нақты шара қолдану.

Егер қоғам, ата-ана, мектеп және құқық қорғаушылар күш біріктірсе – есірткіге жол бермеуге толық мүмкіндік бар. Өйткені ең асыл байлығымыз – ұрпақтың денсаулығы мен болашағы.

Құқықтық сауатсыздық – киберқылмыстың көбеюіне себеп

Цифрландыру заманында адам өмірінің барлық саласы интернетке тәуелді болып қалды. Қаржы аудару, қызмет төлеу, құжат рәсімдеу, сауда жасау, ақпарат алу – бәрі онлайн форматқа көшті. Бұл, әрине, заман талабы. Алайда цифрлық мүмкіндіктердің артуымен бірге интернеттегі қылмыстар да көбейді. Бұрын ұры көшеде әмиян тартып кетсе, қазір үйден шықпай-ақ адамның бүкіл қаражатын жымқыра алады.

Бүгінде алаяқтар компьютерлік бағдарламаларды, психологиялық әдістерді және коммуникациялық технологияны шебер қолданады. Сол себепті киберқылмыс Қазақстанда ғана емес, әлемде ең жылдам өсіп келе жатқан қылмыс түріне айналды. Соңғы жылдары еліміз бойынша интернет-алаяқтыққа байланысты тіркелген қылмыстардың саны екіүш есеге артқаны туралы ресми мәліметтерде жиі айтылады.

Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 45-50 мыңға жуық киберқылмыс тіркеледі. Бұл – тек анықталғандары ғана. Сарапшылардың айтуынша, халықтың көп бөлігі интернет арқылы алданып қалғанын полицияға хабарламайды, өйткені «бәрібір қайтарып ала алмаймын» деген түсінік қалыптасқан. Облысымыз да бұл статистикадан тыс емес. Тараз қаласы – облыстағы цифрлық қызметтер ең көп қолданылатын өңір. Киберқылмыстың көбеюіне әсер ететін басты себептердің бірі – халықтың құқықтық сауатсыздығы.

Интернет қолданушыларының басым бөлігі дербес деректерді қорғау ережесін сақтамайды, күмәнді сайттарды ажырата алмайды, алаяқтардың айла-тәсілін білмейді. Мысалы, көпшілігі «банк қызметкері» звондап тұрса, дереу үрейге беріліп, карта нөмірін, бір реттік кодты айта салады. Ал көптеген елдерде, мысалы Еуропада немесе Канадада, мұндай қоңырауларға халық мүлде сенбейді, себебі құқықтық және цифрлық мәдениеті жоғары. Құқықтық сауатсыздықтың тағы бір себебі–интернет қолданушылардың басым бөлігі ақпаратты тексермейді. Әсіресе WhatsApp немесе Telegram арқылы таралатын жалған хабарламаларға жиі алданып қалады.

«Президенттен 70 000 теңге», «Балаңызға мемлекеттен жәрдемақы беріледі, сілтемені басыңыз», «Зейнетақы қоры 300 000 теңге қайтарады» деген хабарламалар он минут ішінде бүкіл елге тарап кетеді. Көп адам сілтемені ашып, жеке деректерін енгізіп қояды. Бұл – алаяқтар үшін нағыз мүмкіндік. Киберқылмыскерлер ең алдымен адамның эмоциясына әсер етеді. «Жедел!», «Қазір!», «Қателік жібердіңіз!» деп жеделдік пен қорқыныш тудырады. Неліктен? Себебі үрейге түскен адам ойланбайды. Ал ойланбай әрекет еткен адам қателеседі.

Кибер қылмыстың тағы бір өзекті себебі – балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздік ережесін білмеуі. Әсіресе онлайн ойындардағы алаяқтық, жалған сыйлықтар, бопсалау – бүгінгі күннің үлкен проблемасы. Жасы 12-15 аралығындағы балалар ойын аккаунты үшін, виртуалды сыйлықтар үшін бөтен адамдарға жеке суреттерін, ата-анасының картасының суретін, тіпті мекенжайын жіберіп қояды. Соңғы жылдары мұндай оқиғалар көбейді. Киберқылмыс түрлерінің ішінде ең жиі кездесетіні – банктік алаяқтық.

Алаяқтар өзін банк операторымын деп таныстырып, адамның картасында күдікті операция анықталғанын айтады. Бұл кезде адамдардың 70 пайызы абдырап қалады. Психологтардың пайымынша, көп адам банкке қатысты мәселені естігенде өз-өзін кінәлі сезінеді, «мен бір қателік жіберіп қойдым ба?» деп ойлайды. Осы әлсіздікті алаяқтар пайдаланады. Келесі кең таралған киберқылмыс – фишинг сайттары. Яғни сырттай мемлекеттік сайтқа немесе банк жүйесіне ұқсас порталдар жасалып, қолданушылардан логин, құпиясөз, ЖСН, карта нөмірі сұралады.

Халықтың көбі сайттың атауына мән бермейді, тек сыртқы дизайнына қарап алданып қалады. Бұл – құқықтық сауатсыздықтың нақты көрінісі. Интернет-алаяқтықтың жаңа түрі – жалған инвестициялық жобалар.

«Криптовалютаға 50 мың теңге салсаңыз, екі аптаның ішінде 200 мың теңге аласыз» деген жарнамалар әлеуметтік желілерде өте көп. Тіпті белгілі актерлердің, спортшылардың атынан жалған видеоролик жасап шығаратын алаяқтар да бар. Көп адам бірден сеніп, ақшасын салып, соңында барынан айырылады. Тағы бір кең таралған тәсіл – қорқытып ақша талап ету. Мұндай схема көбіне жастарға бағытталады. Алаяқтар әлеуметтік желідегі аккаунтты бұзып, жеке суреттерді ұрлайды. Сосын «жариялаймын» деп қорқытып, ақша талап етеді.

Қорыққан азаматтар ақша аударып, соның кесірінен беймәлім қылмыскерге тәуелді болып қалады. Киберқылмыстың ауылдық өңірлердегі көрінісі де ерекше. Мысалы, аудандарда интернет сапасы әлсіз болғанымен, тұрғындар онлайн сауданы жиі қолданады. Тауарды арзан бағамен сататын фейк парақшаларға сеніп, ақшасын жоғалтқан оқиғалар көп. «Алдын ала төлем жасаңыз, тауар 2 күнде келеді» дегенге сеніп қалатындар аз емес. Ауылдағы адамдар үшін бұл үлкен шығын. Негізгі мәселе – азаматтардың киберқауіпсіздік туралы білімінің жеткіліксіздігі. Көп адамдар «интернеттегі ақпараттың бәрі рас» деп ойлайды.

Шындығында, интернет – алаяқтың ең үлкен алаңы. Сол себепті цифрлық сауаттылықты арттыру – қоғамның ортақ міндеті. Киберқылмыспен күрестің екінші деңгейі – қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру. Егер азамат интернеттегі әр хабарламаны сын көзбен қараса, күмәнді нөмірлерге жауап бермесе, бейтаныс сайттарға жеке дерегін енгізбесе – алаяқтың жұмысы қиындайды. Яғни киберқылмыстың 50 пайызын алдын алу – адамның жеке жауапкершілігіне байланысты. Киберқауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – мемлекеттік орган, банк, мектеп, ата-ана, БАҚ және әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Мысалы, банктер тұрақты түрде халыққа «құпиясөзді айтпаңыз», «кодты ешкімге жібермеңіз» деп ескерту жасайды. Бірақ оны әр адам қатаң сақтамаса – алаяққа жол ашылады.

Соңғы жылдары Тараз қаласында цифрлық мәдениетті арттыру мақсатында түрлі акциялар мен семинарлар өткізілуде. Университеттерде студенттерге арналған «Кибер қауіпсіздік апталығы» ұйымдастырылып, мамандар нақты мысалдармен түсіндіру жүргізуде. Бұл шаралар нәтижесін бірден бермесе де, халықтың санасын біртіндеп өзгертуге септігін тигізеді. Киберқылмыстан қорғанудың ең қарапайым, бірақ ең тиімді ережелері бар. Банк қызметкері ешқашан телефон арқылы код сұрамайды. Күмәнді сілтемелерді ашпаңыз. Жеке деректі бөтен адамға жібермеңіз.

Жалған сыйлық немесе жеңіл несие дегенге сенбеңіз. Әлеуметтік желіге жеке суретті тым көп салмаңыз. Құпиясөздерді жиі ауыстырып отырыңыз. Ата-ана үшін маңыздысы – баланың интернеттегі мінез-құлқын бақылау. Баланың телефонын тартып алу – шешім емес. Ең тиімді жол – түсіндіру, ашық сөйлесу, қауіп туралы алдын ала айту. Жасөспірімді ақпараттық кеңістікте өзін қорғауға үйрету – ең маңызды міндет.

Қорытындылай айтқанда, киберқылмыстың көбеюінің негізгі себебі – құқықтық сауатсыздық. Сондықтан цифрлық мәдениетті үйрету, құқықтық білім беру, интернеттегі этиканы қалыптастыру – қоғамды қылмыстан қорғаудың басты жолы. Жалған қайырымдылық ұйымдары да өте көбейді. Алаяқтар ауру балалардың суретін пайдаланып, «шұғыл ота керек» деген жалған ақпарат таратады.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Қоғамның қауіпсіздігі бір ғана құқық қорғау органдарының қолында емес. Қазіргі заманда қауіптің түрі өзгерді, қылмыстың сипаты күрделенді, ал алаяқтар бұрынғыдан да айлакер бола түсті. Синтетикалық есірткі жасөспірімдердің санасын улап, киберқылмыс азаматтардың қалтасын жұқартып, әлеуметтік желідегі алаяқтар ел ішін алдап-арбаудың жаңа деңгейіне өтті. Осы үш қатердің түп тамыры – халықтың құқықтық, ақпараттық және әлеуметтік сауаттылығы мен жауапкершілігінің төмендігі екенін мойындауымыз керек. Есірткі бизнесі шекара таңдамайды. Ол бір өңірдің немесе бір отбасының ғана мәселесі емес, бүкіл елдің болашағына төнген ортақ қауіп. Киберәлемде де жағдай күрделі. Интернет – ақпарат қана емес, үлкен қауіп алаңы. Смартфон мен әлеуметтік желінің дамуы алаяқтарға мыңдаған мүмкіндікті ашып берді. Жалған инвестиция, фишинг, несие рәсімдеу, deepfake видеолар – мұның бәрі адамның сенімін пайдаланып, қалтасын қаққан қылмыс түрлері. Ауылда да, қалада да, жас та, кәрі де – бәрі нысанаға айналуы мүмкін. Сондықтан цифрлық мәдениет – бүгінде жай дағды емес, өзін-өзі қорғаудың негізгі құралы. Алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің артында үлкен дайындық, жоспар, психологиялық талдау және ұйымдасқан топтың жұмысы тұрғанын түсінуіміз керек. Олар адамдардың эмоциясына әсер етуді біледі, сеніміне кірудің жолын меңгерген, технологияны толық пайдаланады. Демек, қарапайым азаматтың олармен бетпе-бет келгенде жеңіліп қалуы – заңды құбылыс. Бірақ бұл жағдайға бой алдыруға болмайды. Әр адам өзінің және отбасының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Ең бастысы – қоғам болып сауаттану. Қауіпсіздік мәдениеті жоғары болса, қылмыс та азаяды. Балаға да, қартқа да, жасқа да цифрлық этика мен құқықтық дағдыны үйрету – заман талабы. Ақпаратты тексеру, бейтаныс қоңырауға сенбеу, жалған хабарламаны таратпау – бұл әр азаматтың өзінен басталатын жауапкершілік. Қауіптің түрі көп, бірақ оның бәрінен қорғанудың жолы – білім, сақтық және сергектік. Қоғам абай болса, қылмысқа орын қалмайды. Сондықтан бүгінгі талқыланған үш мәселе – тек заңдылықтың ғана емес, елдің ертеңіне деген жауапкершіліктің айқын көрсеткіші.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар