«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Құрылыста бауырларыммен бірге жүрмін»

«Құрылыста бауырларыммен бірге жүрмін»
Автор
Көпқабатты үй тұрғызу жұмысында маңызды істің бірі – бетон құю. Бетонның беріктігі үйдің сапалы болуының кепілі. Жас бетон құюшы Азат Оразбаевтың да жұмысы мақтаулы. Азат – бір отбасының үлкені екен, сондықтан ба, жауапкершілігі жоғары.

Азат Қоңыратбайұлының осы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бетон құюшы болып жұмыс істеп жүргеніне үш жыл болыпты. Айналасындағы құрылысшылармен тіл табысуы өте жақсы. Жаздың аптабы мен күздің салқын күндерінде бетон құю оңай міндет емес. Бабында тұрған бетон құймасын дер кезінде жаймалап, уақытылы жайып отыру маңызды шаруа. Екінің бірі, егіздің сыңары атқара салатын іс емес бұл. Оның қаншама үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Азат жас болса да сол үдеден шығып жүр. Жұмысы сапалы болғандықтан мұны жас та болса бағалайтындар аз емес.

Қазіргі таңда туған бауырлары Ерлан мен Кенжемұрат та қасында. Інілерінің де қамын ойлап, қасына жұмысқа шақырған ағалық қамқорлығына да жүрегіміз елжірегені рас. Өзі 28 жаста бола тұра, ағалық қамқорлықты ұмытпағаны қандай жақсы. Бетон құйып, жұмысқа жауапкершілігін көрсетіп жүрген жас құрылысшының сөздері әрбір жасқа үлгі болғандай.

– Бүгінгі таңда әкем де, анам да жоқ. Бір үйдің үлкені ретінде жауапкершілік салмағы маған түсіп отыр. Адал еңбекпен бауырларымды жеткізу, оларға бағыт беру менің міндетім. Екі інімді қасыма алып, еңбекке баули бастағаныма көңілім толады. Мұнда олар жұмыс істеп, қаражат табады. Бастысы жаман істерден аулақ жүреді. Бұзық істер жасауға уақыттары болмайды. Қылмыстың көбі жұмыс жоқтықтан, бос уақыттың көптігінен шығады емес пе? Өзім отбасын құрғанмын. Әзірге пәтер жалдап тұрамыз. Келіншегім Фатима екеуіміздің бір ұлымыз бар. Менен кейінгі інім де отбасылы. Оған да қуанамын. Адал еңбек ету – басты мұратым. Інілеріме де адал жүріп, адал тұрыңдар деп айтамын. Мұндағы жұмыс маған ұнайды. Басшылық жұмысымды дұрыс бағалайды, жағдайымды айтсам түсінеді. Қысқасы еңбек шартына сай, аса түсіністікпен жұмыс істеп отырмыз, – дейді өз ісіне жауапты маман Азат Оразбаев.

Аталған фирмада еңбек қауіпсіздігін сақтауға баса мән беріледі. Бұл жөніндегі инженер Елдус Зимуков айтып берді.

– Мұнда бірнеше қабатты тұрғын үй құрылысы салынып жатыр. Жұмыс барысында еңбек адамына қауіп тудыратындай сәттер де бар. Бірақ біз қауіпсіздікті күшейтіп, оқыс жағдайлардың алдын алып отырамыз. Жұмысшының арнайы бас киімі мен арнайы киімдер кию керектігін айтып, жоғары қабаттарға шыққанда белдеріне қауіпсіздік белбеуін тағуын үнемі бақылап отырамыз. Себебі, еңбек адамының денсаулығы мен қауіпсіздігі өте маңызды. Мұндағы әр жұмысшы өз міндетіне жауапты. Азат Оразбаев та жұмысты сапалы істейді. Бетон құйғанда жүрдім – бардым қарамайды. Ауырлықты қиналмай көтере білетін, жұмыстың көзін тауып жүрген азамат, дейді қауіпсіздік инженері.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар