Садырбек Бақтиярұлының ұлты – қырғыз. Әуелі Бішкек қаласында 16 жыл әскери салада келісім шартпен қызмет еткен. Дегенмен, сол әскери қызметтің арасында құрылыс жұмыстарына да араласып, бейімділігін байқатып жүріпті. Тараз қаласына қоныс аударып келгеніне 14 жыл. Әуелі «ЖамбылГИПС» акционерлік қоғамында қатардағы жұмысшы болып еңбек жолын бастап, цех бастығы қызметіне дейін жоғарылаған.
Бұл жерде еңбек адамының жауапкершілігін ерекше айтқымыз келіп отыр. Әйтпесе цех басшысы бола жүріп, өзі де жұмысшыларға үлгі болып, шаруаның алдыңғы шебінде еңбек майданын қыздырған. Кейінгі 6 жылдан бері кірпіш қалаушы болып еңбек етеді. Бұл – өте жауапты жұмыс. Кірпіштің түзу қалануы, сапалы қалануы аса маңызды. Оның үстіне қазір қолданыста бұрынғыдай көлемі кішілеу қызыл кірпіштер жоқ. Үлкен-үлкен газаблок кірпіштерді көтеріп қою, арнайы арамен кесу, жапсарлас кірпіштерді қиюластыру оңай жұмыс емес. Бір сөзбен айтқанда дүниеге кірпіш болып қалану да, кірпішті қалау да жеңіл міндет емес. Бірақ, Садырбектің жұмысына төселіп, сұранысқа ие маманға айналғаны көрініп тұр. Кірпіш қалауды Астана қаласында құрылыс жағында жүріп үйреніп, Шымкент қаласында да осы бағытта жұмыс істеп шыңдалған. Бір жарым жылға жуық уақыттан бері Тараз қаласында еңбек етуде. Аталған фирманың алдыңғы қатарлы, еңбек өнімділігі жоғары жұмысшыларының бірі.
Ол туралы еңбек адамы былай дейді:
– Мәселе қай қалада, қай салада істегеніңде емес. Жасалған істің сапалы болуы маңызды. 18 жасымнан бастап әртүрлі жұмыстарға араластым. Еңбектен қашпадым. Мүмкіндігінше, құрылысқа қатысты бірқатар бағыттарды меңгердім. Кафельде жапсыра беремін. Мынау жұмыс қолымнан келмейді деп айту маған ұят сияқты. Қазіргі мен жұмыс істеп жатқан фирма да маған ұнайды. Айлығымызды уақытылы және көңілден шығатындай етіп төлейді. Әрине, әр жұмысшының еңбегі жұмыс өнімділігі мен сапалы атқаруына қарай бағаланады. Өз жұмысыма деген жауапкершілік жадымнан шыққан емес, – дейді Садырбек Сарыбағышев. Ол туралы фирма басшылығының да пікірі оң. – Садырбектің «Sultan City Group» ЖШСне келгеніне бір жылдан бірнеше ай ғана асты. Алайда, ол өзінің тындырымды іс, сапалы жұмысымен озаттар қатарына кіріп отыр. Соған орай алатын жалақысы да төмен болмайды. Одан бөлек кейде озаттарға сыйақы тағайындайтын кезіміз де болады. Садырбектің жұмысы өнімді, басқа жұмысшыларға үлгі, – дейді аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Абдулла Жатқанбаев.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




