«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құс шаруашылығы қарқынды дамып келе жатыр

Құс шаруашылығы қарқынды дамып келе жатыр
Автор
Биылғы он айдың қорытындысы бойынша елімізде 307 мың тоннадан астам құс еті өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға көп.

Расында құс шаруашылығы мемлекетіміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Бүгінгі таңда Қазақстанда 37 жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы, 32 ет өндіретін кәсіпорын және 7 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Олардың үшеуі бройлер, үшеуі жұмыртқа бағытында, ал біреуі үйрек шаруашылығы санатында. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, биылғы 1 қарашада елдегі жалпы құс саны 48,3 миллионға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға артық.

Өткен жылы 4,5 миллиард дана тағамдық жұмыртқа өндіріліп, ішкі нарық толық қамтамасыз етілді. Сол жылы құс еті өндірісі 360 мың тоннаны құрады. Инвестициялық жобалардың арқасында соңғы бес жыл ішінде елді құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 58 пайыздан 79 пайызға дейін артты. Саланы дамыту мемлекет тарапынан белсенді қолдау табуда. Жануар шаруашылығын субсидиялау қағидалары аясында өндірушілерге бірқатар қолдау шаралары көрсетіледі. Ет бағытындағы құс шаруашылығында асыл тұқымды балапандар сатып алуға және құс еті өндірісінің өзіндік құнын арзандатуға субсидиялар қарастырылған, ал жұмыртқа бағытында – соңғы буындағы балапандар сатып алуға субсидиялар бөлінеді.

Сонымен қатар инвестициялық субсидиялау аясында мемлекет құс етін өндіру, асыл тұқымды репродукторлар және жұмыртқа фабрикаларының өндірістік қуаттарын құру немесе кеңейту кезінде салынған капиталдық инвестициялардың 25-тен 40 пайызына дейінгі бөлігін өтейді. Импортқа тәуелділікті азайту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, былтыр жалпы қуаттылығы жылына 15,9 мың тонна құс етін өндіретін 6 жоба іске қосылды, инвестиция көлемі 5,7 миллиард теңгені құрады.

2025 жылы жалпы қуаттылығы жылына 45 мың тонна болатын 5 жоба жүзеге асырылуда, инвестиция көлемі – 26 миллиард теңге. Алдағы үш жылда жалпы қуаттылығы 241 мың тонна және инвестиция көлемі 167,9 миллиард теңге болатын 8 ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 2027 жылға қарай Қазақстан ішкі нарықты құс етімен толық (110 пайыз) қамтамасыз етіп, сонымен қатар экспорттық жеткізілімдерді ұлғайта алады. Жақында ғана өткен жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстел барысында Жамбыл облысы әкімдігі бұл бағытта бірқатар меморандум мен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Құжаттар өңірдің өнеркәсіп, энергетика және агроөнеркәсіп салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігі, «Алель Агро» АҚ және Shandong Guangming Biotechnology Co., Ltd. арасында бройлер құс фабрикасын салу жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Инвестиция көлемі – 15 миллион АҚШ доллары. Кәсіпорын жыл сайын шамамен 45 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіруге арналған, бұл 75 мың тоннаға дейін дайын ет шығаруға мүмкіндік береді.

 

Оралхан ДӘУІТ

Ұқсас жаңалықтар