«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
Автор
Қылмыстың өтеуі – жаза.

Жарылыс жасаймын деп жазаланды

Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде жарылыс жасаймын деп қорқытқан ер адам ұсталды. Ол желідегі діни бірлестіктердің қызметіне қатысты жарияланым астына жарылыс жасау туралы қорқыту сипатындағы пікір қалдырған. Ал аталған дерек бойынша «102» пультіне хабарлама түсіп, полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының мамандары жедел іске кіріскен. Нәтижесінде, елді дүрліктірген пікір авторының жеке басы анықталып, желі қолданушысы полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Интернетке жазылған болса да, кез келген қорқыту полиция тарапынан қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатер ретінде қаралады. Мұндай «әзілдердің» салдары ауыр болуы мүмкін. Әрбір хабарлама мұқият тексеріліп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады, – делінген экстремизмге қарсы күрес басқармасы таратқан хабарламада.

Айта кетейік, азаматтар түрлі әлеуметтік желілерді қолдануда жауапкершілік танытуы тиіс. Сондай-ақ қорқыту немесе құқыққа қайшы мазмұндағы әрбір ақпарат құзырлы органдар тарапынан айрықша назарда екенін ұмытпаған жөн.

Мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді

Полицейлердің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Тергеу барысында белгілі болғандай, топ құрамында 18-22 жас аралығында жігіттер бар. Олар осы жылдың қыркүйек және қараша айлары аралығында бірнеше рет өзгелерге тиесілі төрт түлікті қолды еткен. Күдіктілер түнгі уақытта өрісте жайылып жүрген малды атып, сойып алған. Сонымен қатар арам пиғылды жас жігіттер қора-жайлардан да мал ұрлаған.

Қазіргі таңда бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ал барымташылар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

Осы ретте тәртіп сақшылары тұрғындарды өз мүлкіне, соның ішінде мал басына мұқият қарауға, төрт түлікті қараусыз қалдырмауға шақырады. Сондайақ полицейлер қауіпсіздік шараларын атап айтқанда, қора-жайларға бейнебақылау мен жарықтандыру орнатудың да артық етпейтінін еске салды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар