Дей тұрғанмен қаламызда әлі де болса атқарылатын шаралар жоқ емес. Әсіресе жоғарыда айтылған жаңадан салынған шағын аудандардың, жаңа массивтердің көшелері өте тар, көгалдандыру жұмыстары тиісті дәрежеде емес. Қарама-қарсы келе жатқан көліктердің еркін жүруіне қолайсыз. Жаяу адамдар жүретін жолдар жоқтың қасы. Жалпы бүгінде қаламызда автокөлік саны қарқынмен өсіп келе жатқанын ескерсек, алдағы 5-10 жылда қала көшелеріндегі кептеліс Алматы қаласынан кем түспеуі мүмкін.
Бұл жағдай қаламыздағы жаңа шағын аудандарды және массивтердің құрылыстарын жоспарлау кезінде жіберілген қателіктердің салдары. Жақында Тараз қаласының әкімдігі демеушілік көрсетіп, қаланың бір топ ардагерлері Ташкент қаласына туристік сапармен барып қайттық. Біз негізінен Ташкент қаласының соңғы жылдары пайдалануға берілген жаңа аудандарында болдық. Ол жерлерде орналасқан көшелердің кеңдігі, тазалығы жақсы әсер қалдырды. Көшелердің көбінде екі бағытта төрт-төрттен сегіз автокөлік жүретін жол жолақтары және сол жолдың екі жағында да автобустар жүретін жолдар жасалған.
Осы автобустар жүретін көшеден кейін міндетті түрде ағаштар отырғызылған газондар, одан соң жаяу адамдар жүретін жолдар орналастырылған. Көше бойындағы үйлердің маңында автотұрақтар салынғандықтан жол бойында тоқтап тұрған автокөліктерді көрмейсіз. Үш жарым миллион тұрғыны бар қаланың жаңа көшелерінде ешқандай кептеліс жоқ. Біздің қаламыздың келбетін жақсартатын осындай тәжірибені қабылдап, келер ұрпақтарымызға аманат ретінде қалдыру үлкен абырой болатыны сөзсіз. Әрине, қаламыздағы ертеде салынған көшелерді кеңейте алмайтын шығармыз. Бірақ, жаңадан салынып жатқан көшелерді келешектің сұранысына сай жобалап кеңейтіп, көрікті етіп салу бүгінгі күннің талабы.
Қаламыздың батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігін тікелей жарып өтетін ұзына-бойы бірнеше үлкен даңғыл көшелердің қажеттілігі білініп тұр. Сонымен қатар Ташкент қаласындағы жаңадан соғылған аудандардағы көшелердің тазалығына бәріміз тәнті болдық. Көше бойындағы, ғимараттардың жанындағы газондарда тазалық жақсы жолға қойылған. Оларды тазалап жүрген жұмысшыларды көре алмадық. Ешқандай қағаз, пакет, сусын қораптары, темекі қалдықтары көрінбейді. Бұл жағдай негізінен қала тұрғындарының тазалық тәртібін қатаң сақтайтындығына байланысты екендігі білініп тұрды. Сондықтан біздің қалада да тұрғындардың тазалық тәртібін қолға алғанымыз жөн.
Айыппұл салумен тазалыққа қол жеткізу қиын. Сонымен қатар қала тұрғындарына үй салуға жер учаскесі берілгенде, оларға үйлерінің тұсындағы жерлердің тазалығын, ағаш отырғызуын міндеттейтін келісім шарттар жасалуы керек деп есептейміз. Себебі тұрғындар аула қоршауы мен көше аралығында жерлердің тазалығына мән бермейді. Шөптер солып, сарғайып, жердің шаңы шығып жататыны шындық. Бүгінде жеке үйлерде тұратындардың көпшілігі осы айтылған жағдайларды өздерінің міндеті деп есептемейді, себебі ешқандай құжаттарда көрсетілмеген. Қазіргі кезде жаңа көшелерде ағаштарды отырғызуды бірлі-жарым тұрғындар қолға алып, қалғандары мұндай шаруамен айналыспайтыны белгілі жағдай.
1996-1997 жылдары Тараз қаласының әкімшілігі «Фасад» деген бастаманы жүзеге асырғанын білеміз. Сол кезде қаладағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға қаланың көшелерінің тазалығы мен әрбір тұрғын үйлердің, дүкендердің, басқа да нысандардың сыртқы келбетін жөндеу мен әрлендіру жұмыстары тапсырылып олардың орындалуы қатаң қадағаланатын. Осы шараларға бюджеттен қаражат қаралмағанына қарамастан қаламыз республика көлемінде тазалығы мен көгалдандыру жұмыстары бойынша алдыңғы орындарда болғанын тұрғындардың есінде деп ойлаймыз. Сондықтан сүйікті қаламызды көркейту үшін «Тараз жайлы, таза қала» бағдарламасын көпшілік болып қабылдап, оның жүзеге асуын қадағалайтын қоғамдық ұйым мен қаланың атқару органдары бірлескен ұйым құру керек.
Осы бағдарламаны жүзеге асыруды қамтамасыз ету Тараз қаласының жаңадан құрылған екі ауданының әкімшіліктерінің негізгі қызметтерінің бірі болуы керек деп есептейміз. Әрине, қаланы көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын қаражатсыз атқару мүмкін еместігі түсінікті. Бүгінде қаланың тазалығын қамтамасыз ететін техникалар, құрал жабдықтар жеткілікті деңгейде емес. Сондықтан қаланың ірі кәсіпорындары мен дара кәсіпкерлерінің қаржаттай немесе техникамен тиісті құрал-жабдықтарымен көмегін көрсетуге ынталандыру мәселесін жақсы жолға қоя білудің маңызы зор. Дегенмен қаламыздың тазалығын жақсарту мәселесі жөніндегі негізгі бастаманы тұрғындардың өздері міндетіне алып жүзеге асырғанда ғана нәтиже болатыны сөзсіз. Ол үшін әр қаланың тұрғыны өз ауласының, көшесінің тазалығына, көгалдандыру жұмыстарына жауапты болу міндеттерін енгізген жөн.
Бұл өз кезегінде қаламыздың тазалығын, көріктілігін ғана дамытып қоймай, сонымен қатар Таразға туристердің көптеп келуіне үлкен септігін тигізетінін баса айтуға болады. Жалпы Тараз қаласын туристер орталығына айналдырудың мүмкіндіктері мол. Туристердің көптеп келуіне жағдайлар жасау, қаламыздың бюджетінің өсуіне септігін тигізетіні анық. Қаламызда шешімін таппай келе жатқан мәселенің біріне көшелердегі дүкендердің, киоскалардың басқа да кәсіпкерлік орындардың атауларының мемлекеттік тілде жазылмауы. Олардың атауы тек шет тілінде немесе орыс тілінде жазылған. Не үшін басқа тілдерде жазылғаны түсініксіз. Кейбіреулерінен сол жазылған атаулар нені білдіретінін сұрасаң мардымды жауап ала алмайсың. Осы мәселені құзыреттері бар органдар назарына алып, тиісті шараларды іске асыруы керек деп есептейміз.
Мұрат ЖҰМАДІЛДАЕВ
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры.
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




