«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білім мен еңбектің жарқын жемісі

Білім мен еңбектің жарқын жемісі
Автор
Жуырда облысымыздың білім беру саласында айтулы оқиға – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен өткен «Тарих қаһармандары» және «STEAM-ғылым» тақырыптарындағы облыстық байқау өз мәресіне жетті.

Аталмыш байқау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы № 514 бұйрығымен бекітілген республикалық маңызы бар іс-шаралар тізбесіне сәйкес өткізіліп, педагогтердің еңбегін, шығармашылық жұмысын және инновациялық әдістерін насихаттауды мақсат етті. Бұл алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды шараға облысымыздан 100- ге жуық педагог қатысып, өздерінің білім берудегі үздік тәжірибелері мен терең ғылыми-әдістемелік жұмыстарын ұсынды. Бұл тек білім сынағы емес, ұстаздар қауымының кәсіби шеберлігін көрсету алаңына, сондай-ақ, жас буынның тарихқа деген құрметін, ғылымға деген құштарлығын және осы екі маңызды бағытты еңбек пен кәсіби дағдымен ұштастырудың жарқын көрінісіне айналды. Байқаудың екі бағытының да мәні зор.

«Тарих қаһармандары» секциясының қатысушы педагогтері білім алушыларға ұлттық мұраны, еңбек ерліктерін және еліміздің қалыптасуына үлес қосқан тұлғалардың өмір жолын зерттеуге бағыттау әдістерін ұсынса, STEAM (Science, Technology, Engineering, Art, Mathematics) бағытындағы ұстаздар жас зерттеушілердің техникалық ойлау қабілетін, инновациялық шешімдерін және қазіргі заманғы өндіріске қажетті дағдыларды қалыптастыру бойынша үздік жұмыстарын көрсетті. Педагогтердің жұмыстары олардың білім алушыларды ертеңгі еңбек нарығына дайындауға деген ұмтылысын айқын танытты.

STEAM-дағы жеңімпаз жұмыстар бағыты үздік деп танылған әдістемелердің көбі жергілікті кәсіпорындардың қажеттіліктеріне сай, мысалы, Меркі ауданы №44 орта мектебінің физика және информатика пәнінің мұғалімі Калиниченко Григорий Викторовичтің ұсынған суармалы жерлердің тиімділігін арттыруға арналған автоматтандырылған құрылғыларды құрастыру жұмысы энергия үнемдеу технологияларын меңгертуге бағытталған.

Бұл – ұстаздардың сабақты өмірмен, ғылымды өндірістік еңбек пен байланыстырудағы үздік тәжірибесі. Тарих қаһармандары байқауы бойынша жұмыстардың бағытын ұстаздар білім алушыларды еңбек майданында ерлік көрсеткен жерлес қаһармандардың мұрасын зерттеуге, олардың өмір жолын үлгі етуге бағыттаған. Бұл – тарихты құрметтеу арқылы, адал және қажырлы еңбекке деген патриоттық сезімді оятудың тиімді жолдары. Байқаудың жоғары деңгейде өтуі және оның мақсаттарына қол жеткізуі – бұл ең алдымен, педагогтердің күнделікті, тынымсыз еңбегінің жемісі екені сөзсіз.

Олар: «Біздің басты мақсатымыз – білім алушыға тек білім беру емес, оның бойында болашаққа қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыру. STEAM – бұл жай пәндер жиынтығы емес, бұл – өндірістік ойлау қабілеті. Ал «Тарих қаһармандары» арқылы біз оларға еңбекке, отанға деген сүйіспеншілікті ұялатамыз. Әрбір жеңімпаздың жетістігі – бұл ұстаздар қауымының осы жолдағы төккен терінің қайтарымы» деп атап өтті жеңімпаз ұстаздар марапаттау рәсімінде.

Педагогтердің инновацияға деген құштарлығы, олардың оқу процесіне робототехника, жобалау және кәсіпорындармен бірлескен тәжірибе алмасу сабақтарын енгізудегі табандылығы – олардың кәсіби шеберлігінің ең жарқын дәлелі. Байқау жеңімпаздары үздік педагогтерді салтанатты марапаттау сәтінің Облыстық «Кәсіподақ үйі» ғимаратында өтуі де терең символдық мәнге ие болды.

Ұстаздар–болашақ мамандарды, яғни, ертеңгі кәсіподақ мүшелерін тәрбиелейтін тұлғалар. Олардың осы киелі шаңырақта құрметтелуі – білім беру мен ұйымдасқан еңбек қозғалысының бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Бұл – ұстаздардың ғана емес, барлық еңбек адамдарының құрметтелуі.

Байқау қорытындысы бойынша, үздік педагогтер дипломдармен, алғысхаттармен марапатталды және барлық байқау қатысушыларына сертификаттар табысталды. Олардың білім берудегі инновациялық еңбегі облыстық деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де танылып, еңбек жемісін көрсете берсін деп жақсы тілектер білдірілді.

Бұл байқау облыс педагогтерінің кәсіби дамуға деген зор ұмтылысын, олардың ел болашағы үшін атқарып жатқан ұлы қайратын паш етті. Ұстаздар еңбегі – шын мәнінде, ел игілігінің басты кепілі.

 

Назира ЖОРАБЕКҚЫЗЫ

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы.

Ұқсас жаңалықтар