Қаралма: Дүбірлеп басталып еді, күбірлеп айтатын жағдайға жетті
- author «Ақ жол»
- 15 қараша, 2025
- 292
Әрине, Бауыржандай хас батырды, Шерхандай Халық жазушысын дүниеге әкелген қасиетті өлкенің жұмысын жамандаудан, қаралаудан аулақпыз. Біздікі жақсылар мен жайсаңдар мекен еткен аймақтың тұрмыстық, әлеуметтік әлеуеті де сондай жақсы деңгейден көрінсе екен деген ақ ниет қана.
Ендеше, Жуалы ауданының жағдайы, бүгінгі ахуалы қандай?
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Жуалы ауданының әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштері» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза баяндап берді. Аталған ауданның өнеркәсіп көлемі облыс бойынша бекітілген индикаторға сәйкес, 13 миллиард 500 миллион теңгеге артық орындалған. Ал ауыл шаруашылығындағы нақты көлем индексі 102,7 пайызға жетіп, 40374 миллион теңге көлеміне тұрақтаған. Оның ішінде мал шаруашылығының көлем индексі 17907,3 миллион теңгені (101,6 пайыз), өсімдік шаруашылығының көлем индексі 22463 миллион теңгені (103,6 пайыз) құрайды.
– Аудан бойынша 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мал шаруашылығы саласының өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оң нәтижелер көрсетті. Ет өндіру көлемі 8797,2 мың тонна болып, өткен жылмен салыстырғанда 101,4 пайызға жетті. Ал сүт өндіру көлемі 27632,5 мың тоннаға (101,6 пайыз) тұрақтап, жұмыртқа өндірісі 6 801,4 мың дана болып, өткен жылдың деңгейінен сәл жоғарылады (100,2 пайыз). Мал шаруашылығы бойынша мүйізді ірі қараның саны 51303 басқа, қой мен ешкінің саны 240149 басқа, жылқының саны 18949 басқа, құстардың саны 79738 басқа жетті. Өздеріңізге белгілі, биылғы қуаңшылыққа байланысты шаруалар мал басын реттеп, артық малын сатуда, оның үстіне жем-шөптің аз болуы мал бағасының күрт өсуіне әкелуде. Тағы бір айтары, аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9680 миллион теңгені құрайды (122 пайыз). Ал аймақтың жалпы сауда айналымы 8565,5 миллион теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде бөлшек сауда айналымының нақты көлем индексі 4146,9 миллион теңгеге (115,8 пайыз), көтерме сауда айналымының нақты көлем индексі 4418,6 миллион теңгеге (104,3 пайыз) орындалса, мерзімді кезеңде құрылыс көлемі 6145,6 миллион теңгеге, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 12714 шаршы метр көлемінде орындалды. Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тікелей әсерін тигізетін саланың бірі ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан осы бағытқа арнайы тоқтала кетсек, аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 216306 гектарды құрайды. Оның ішінде 95435 гектары егістік, 2046 гектары шабындық, 109439 гектары жайылымдық жерлер. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 95435 гектарды құрап, өткен жылдың деңгейінде сақталды (100 пайыз). Негізгі дақыл түрлері бойынша төмендегідей көрсеткіштер қалыптасты: бидай егіс көлемі 11206 гектарға, жаздық арпа 28192 гектарға, майлы дақылдар 18467 гектарға, көпжылдық шөптер 4500 гектарға, картоп 2554 гектарға, көкөністер 706 гектарға, дәндік жүгері 183 гектарға, бақша дақылдары 13 гектарға, сүрлемдік жүгері 708 гектарға, мал азықтық дақылдар 28906 гектарға егіліп, жинап алынды, – дейді Жалғас Әлижанұлы.
Баспасөз мәслихаты барысында әулиеаталық журналистер аудан әкіміне аймақтағы түйткілді мәселелерге қатысты бірнеше сұрақ қойды. Алғашқы сұрақ Б.Момышұлы ауылындағы орталық аудандық базарды қоршап тұрған аумақтың жай-күйіне қатысты болды. Аудан орталығының тұрғындары мұның алдында бірнеше рет облыстық БАҚ-қа осы базардың айналасындағы орындардың «бомбаланған» аумаққа ұқсайтындығы туралы шағымдарын айтып, жүгінген болатын. Бұл жөнінде аудан әкімі төмендегіше мәлімет берді:
– Жалпы, орталық базар аумағында негізгі базардан басқа көптеген сауда нүктелері бар. Біз аумақты абаттандыру, базардың санитарлық тазалық жұмыстары бойынша өте үлкен жұмыс істедік. Біріншіден, биылғы жылы жолдарымызды кеңейттік, аудан азаматтарының еркін жүруі үшін автотұрақтар жасадық. Екіншіден, биылдан бастап Бауыржан Момышұлы ауылдық округінің әкімдігі орталық базар аумағында жұмыс істейтін әрбір сауда нүктесімен қоқыс шығару туралы шарт жасасып отыр. Сондай-ақ біз өткен жылдармен салыстырғанда аталған базардың аумағын және оған іргелес жатқан жерлерді ретке келтірдік. Прогресс бар! – деді аудан басшысы.
Күн тәртібіне шығарылған келесі сауал ағын суға қатысты болды. Осыған байланысты жиында тілшілер аудандық орталық аурухананың жанындағы көшелердің тұрғындарының шағымын жеткізіп, бау-бақшаларын толығымен ауыз су құбыры арқылы суаруға мәжбүр болып отырғандарын айтты. Әкім мырза бұл мәселеге байланысты мынадай жауап қайтарды:
«Бұл мәселе жыл сайын күрделене түсуде, өйткені қолданыстағы суару жүйесі ескіріп, жарамсыз бола түсуде. Арықты тұрғындардың өздері тазаламайды, олар оңай жолмен – бау-бақшаларын ауыз сумен суаруға дағдыланып алған. Қазір осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Аудан орталығында 83 көше бар, оның ішінде ағын суға арналған арықтар әлгі көшелердің жартысына жүргізілген. Міне, біз қазір тұрғындарды ағын сумен толық қамту үшін қалған көшелердің арықтарын ретке келтіріп жатырмыз».
Келесі мәселе ауданның таулы аймағында орналасқан Қошқар ата, Рысбек батыр секілді ауылдардың электр қуатымен қамтылуына қатысты болды. Бұл ауылдардағы электр желілері қатты тозған.
Бұған:
«Жуалы ауданының аумағында 49 елді мекен бар. Олардың ішінде барлық дерлік электр желілері, тіректер, трансформаторлар – ескірген. Өйткені олар бізге Кеңес Одағынан мұраға қалған. Жуалы ауданының ауа райы мен географиялық ерекшеліктеріне байланысты электр желілерінің тозуы екі есе тез іске асады. Сондықтан біз қазіргі уақытта «ЖЭС» ЖШС-мен бірлесіп инвестициялық жобалардың жоспарын пысықтап отырмыз. Мұның алдында таулы аймақтағы үш елді мекеннің тіректері, электр желілері және трансформаторлары толық ауыстырылған болса, ендігі кезекте Қошқарата, Ақтасты және Рысбек батыр ауылдарын да сондай қызметпен «ЖЭС» серіктестігімен бірге жүзеге асырылатын инвестициялық бағдарлама аясында қамту жоспарланып отыр. Біз өткен үш жылда осы инвестициялық бағдарламамен тоғыз елді мекенді қамтыдық. Кезең-кезеңімен, 2030 жылға дейін барлық елді мекендердің электр жүйесін жаңартуға ниеттіміз. Келесі жылдың кезегінде аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылы тұр», – деп жауап берді.
Журналистер тарапынан қойылған сауалдың кезекті бірі «Қаралма» тау-шаңғы кешені туралы болды. Аталған кешен 2022 жылы пайдалануға берілуі тиіс болған болатын. Алайда оған қомақты қаржы құйған кәсіпкерлердің табыс тапсақ деген үміттері ақталмады. Нақты уақытта кешен аймағында салынған туристерге арналған мейрамхана, сервистік орталық, гараж және котедж үйлер пайдаланусыз босқа тұр. Осыған байланысты түсініктеме берген Жалғас Әлижанұлы сөзін былайша сабақтады:
– Сіздермен қолдағы бар ақпаратпен ғана бөлісе аламын. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Жоба қозғалыссыз тұр. Алматылық бір инвестор бұл жобаны сатып алып, жұмысты жалғастырғысы келетіндігін мәлімдеген болатын. Бірақ атаулы жобаның қазіргі инвесторлары, екі құрылыс компаниясының басшылары алматылықтармен нысанды сату бағасына келісе алмады. Олар кешенге бес миллиард теңге салған. Бұл сомаға жаңа инвестор соңғы жылдары орын алған инфляцияны ескере отырып, келіспеді. Бір айта кетерлігі, қазіргі инвесторлар келесі жылдың наурыз айында жұмысты қайта бастап, нысанның құрылысын өздері аяқтайтындықтарын мәлімдеп отыр. Ал шындығына келсек, «сақалданған» кешеннің қазіргі жағдайы өте аянышты: орнатылған барлық құрал-жабдықтарды тот басқан, салынған нысандар тозған, – деді әкім.
Қысқасы, Қаралма тау шаңғы базасының тағдыры тағы да белгісіз деген сөз. Қалай айтсақ та, Қаралманың қазіргі көрінісі Жуалы ауданы кәсіпкерлігінің бүгінгі жағдайына ұқсап тұрғандай.
Aq jol-Aqparat
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




