«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұжымның 20 пайызы – әйелдер

Ұжымның 20 пайызы – әйелдер
Егемен Қазақстан
Еңбек адамды есейтеді, еліне елеулі етеді. Өз халқының қамы үшін қолынан келер іспен шұғылданып, көпшілікке пайдасы тиіп, еңбек еткеннің ертеңі де жарық болмақ. Өмірде кездесетін түрлі қиындықтарда да еңбек адамды езілмей, ес жиюға жетелейді. Жұмысты өте қарапайым қызметтен бастаған адам іскерлікте ғана емес, өмірлік те тәжірибе жинайды.

Биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар – өңіріміз үшін ерекше маңызды. Себебі еңбек адамы – елдің тұғыры, қоғамның дамуы мен өркендеуінің басты тірегі. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жас ұрпақты адал еңбекке баулу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Қазірде мен өзім жұмыс істейтін «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамында Amanat партиясының бастауыш партия ұйымының төрайымымын. Біздің станция Тараз қаласына қарасты Жалпақтөбе елді мекенінде орналасқан және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше орын алатын стратегиялық нысан саналады. Жамбыл ГРЭС-і – еліміздің оңтүстік өңірін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған қуатты кәсіпорындардың бірі. Мұнда жүздеген жұмысшы маман еңбек етеді, олардың басым бөлігі – жастар.

Станцияда қазіргі заманғы технологиялар мен автоматтандырылған жүйелер кезең-кезеңімен енгізіліп, өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігі артып келеді. Электр қуатын өндіруде экологиялық стандарттарға сай отын түрлері пайдаланылады. Сонымен қатар мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді – олар үнемі оқу курстарынан өтіп, заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге бейімделеді.

Бүгінгі таңда зауытта жас кадрларды қолдау, еңбек әлеуетін көтеру және өндіріс саласында білікті мамандардың тұрақтап қалуына жағдай жасау – басты назарда. Жастарға арналған тәжірибеден өту, тағылымдамалар мен әлеуметтік қолдау тетіктері – біздегі кадр саясатының маңызды бөлігі.

Осы орайда, Жамбыл ГРЭС-і ұжымы ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылын» толық қолдай отырып, жастарға қолдау білдіру, еңбек адамының мәртебесін көтеру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп отырғанын атап өткім келеді. Жалпы, жұмысшы мамандар арасында нәзікжандылардың белсенділігі мен кәсіби жетістіктеріне ерекше тоқтала кеткен жөн. Мен қызмет ететін «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамында қазіргі таңда 600-ден астам маман еңбек етеді. Олардың шамамен 20 пайызын әйелдер құрайды. Бұл – энергетика сияқты күрделі, жауапкершілігі жоғары салада нәзікжандылардың ер-азаматтармен иық теңестіре еңбек етіп жүргенінің жарқын дәлелі. Әйелдер қауымы біздің кәсіпорында өндірістік, инженерлік, зертханалық және әкімшілік бағыттарда табысты жұмыс атқарып келеді. Олар өздерінің ұқыптылығы, тәртіпке бейімділігі мен табандылығы арқылы жұмыс сапасын арттырып, ұжымда сенім мен сыйластықтың үлгісін көрсетуде. Бүгінде әйел мамандар тек орындаушы емес, сонымен қатар бөлім басшысы, инженер, технолог ретінде де өздерін мойындатып отыр.

Энергетика саласындағы мұндай үйлесімділік жұмысшы жастар үшін де үлкен мотивация. Себебі жынысына, жасына қарамастан, әрбір жанға тең мүмкіндік берілген ортада кәсіби өсудің, дамудың жолы да ашық болады. Сондықтан біз еңбек ететін әрбір адамды бағалап, олардың жетістігін ортақ мақтаныш деп қабылдаймыз.

Жұмысшы әйел – отбасының тірегі, ұжымның сенімді мүшесі, ел экономикасының қозғаушы күші. Олардың ерен еңбегі – біздің кәсіпорынның тұрақты дамуының, жетістіктерге жетуінің берік негізі. Осы орайда жастарға айтарым – жұмысшы мамандығын тек кәсіп емес, оны – абырой, елге адал қызмет етудің бір жолы деп бағалаңыздар.

Ұлдана ТОҒАНБАЕВА,

«Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамының референт-аудармашысы.

Ұқсас жаңалықтар