«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жас бала да еңбегінің еш болғанын қаламайды

Жас бала да еңбегінің еш болғанын қаламайды
dknews.kz
Еңбек жолында жинаған тәжірибесі, көкейге түйген өнегесі көп ардагерлер – жас ұрпақ үшін қазына. Қазақта «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген даналық сөз бар. Осындай көргені көп, көкейге түйгені мол жанның бірі – ардагер ұстаз Ақаш Абдалиев.

«Ұстаздық – ұлы қызмет» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Ақаш аға саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жан. Ол 1970 жылы Мыңбұлақ орта мектебін бітірген соң Жамбыл педагогика лық институтының математикафизика факультетіне оқуға түсіп, оны 1974 жылы физика пәні мамандығы бойынша тәмамдайды. Институтта жақсы оқығаны  және  қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Калинин стипендиясын иеленгені бар. Сондай-ақ үлкен теннис спортында жақсы нәтиже көрсетіп, 1974-1975 жылдары облыстың үздің ойыншысы атанған. Бұл спорт түрі бойынша республикалық жарыстарға да қатысып, талай жүлде де иеленді. Құдай қосқан жары Базаркүл апамен осы институт қабырғасында танысып, соңғы курсында шаңырақ көтерген. Жұбайы да математика және физика пәнінің мұғалімі. Еңбек жолын Мұхт ар Әуезов атындағы сегіз жылдық мектебінде математика және физика пәндерінің мұғалімі болып бастайды. Бұл жұмыстың да қызығы мен қиындығын қатар көріп, өсіп-жетілді. 1977 жылы сегіз жылдық мектеп орта мектеп болып ауысқаннан кейін бала саны артып, жұмыс ауқымы да кеңейе түсті. 1980 жылы өзі тәрбиелеген шәкірті Света Дабылтаева бірінші болып мектепті алтын медальға аяқтады . Сөйтіп Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетіне түсіп, оны бітірген соң өзі оқыған мектепке оралып, ұстазымен бірге жұмыс істеді. Кейіннен басқа мектепке ауысты. Бүгінгі күні Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеуде. Света 9-сыныпқа арналған физика оқулығының авторы. Ақаш ағайға мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған тұста оқушылардың білім сапасын арттыруға қатты көңіл бөлді. Соның нәтижесінде мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсуі артты. Мәселен, 1983 жылы мектеп бітіруші 22 оқушының 4-еуі мектепті алтын медальға аяқтады. Барлығы да өздері қалаған жоғары оқу орнына түсіп, бүгінгі күні түрлі салада еңбек етуде. Ал сол жылы алтын медальға ілікпей қалған шәкірті Жәнібек Елекбаев Мәскеу қаласындағы алдыңғы қатарлы университеттің студенті атанып, кейіннен сонда еңбек етті. Қазір Жәнібек елдегі белді кәсіпкер. Бұдан бөлек, Ақаш ағаның тәлім-тәрбие сін көрген шәкірті Құлмұхамет Исақов қазір Қонаев қаласының кіріс департаментінің басшысы, Талғат Рахманов – банк басшысы, Нұрхат Жақсылықов – кәсіпкер.

Ал Разия Оспанова, Жанна Шалданбаева, Шарапат Искакова және тағы басқа оқушылары Ақаш ағайдың жолын қуып физика пәнінен мектептерде оқушыларға дәріс беруде. Бүгінге дейін Ақаш ағай мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындап, жоғары балл алуына көмектесті. Таңадаулы шәкірттеріне еліміздегі Жәутіков атындағы республикалық физика-математика және Жамбыл облыстық физикаматематикалық Назарбаев мектептеріне түсіріп отырды. Ақаш ағай 1983-1987 жылдар аралығында мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ал 1988 жылы өзі еңбек жолын бастаған мектепке директор болып тағайындалды. Басшы қызметін атқарған тұста білімімен қатар іскерлігімен де көзге түсті. Атап айтсақ, мектеп жанынан оқушылардың өндірістік бригадасы құрылды. Совхоздан мектеп үлесіне тиген 10 гектар жерді осы бригада күшімен игерді. Ол бригада мұғалімдер мен оқушылардан құралды. Жаз айларында қант қызылша алқабында жұмыс істеді. Басқа да дақыл түрлерін өсірді. Ал күзде оның өнімін Тараз қаласындағы қант зауытына өткізіп, ақпан айында мектепке 22 тонна қант түсірген еді

. – Мұнша қантты мектепте сақтау оңай болған жоқ. Жұмыс істеген оқушылар мен мұғалімдерге әр жұмысқа шыққан күніне қарай үш килограмнан қант үлестірілді. Дүкенде қант тапшы кезде ауыл тұрғындарына бұл үлкен көмек болды. Жұмыстан қалмай, күнделікті өз нормасын жақсы орындағандардың алды алты қапқа дейін қант алды. Алтыншы сыныптың бір оқушысы істеген жұмысына қарай үш қап қант алды. Енді алатын үш килограмм қанты қалыпты. Үш қапты көрген қасындағы анасы «Бізге үш қап та жетеді, үш килограмның керегі жоқ» деді. Қызы «Мен жанымды салып еңбек еттім ғой, тастап кете береміз бе?» деп абыржып қалды. Ол оқушының өз еңбегінің нәтижесін дұрыс бағалап тұрғанын түсіндім де, үш килограмм қантын өлшетіп бергіздім. Анасы мен қызының сондағы қуанышын көрсеңіз. Еңбектің бағаланғаны деген осы. Келесі жылында бригадаға қосылған оқушылар өте көп болды. Осы шаруаға араласқан барлық қызметкер мен оқушының еңбек ақысымен есептесіп болған соң, артылған қантты дүкендерге өткізіп, барлық оқушыға бір жылға жетерлік дәптер мен қалам алып бергіздім. Жақсы оқитын оқушыларға стипендия тағайындалды. Қалғанын мұғалімдерді марапаттауға, басқа да мектепішілік қажеттіліктерге жұмсадық, – дейді ардагер ұстаз.

Одан кейінгі жылы қант қызылшасынан 20 тонна қант алды. Бұдан бөлек, егіс алқабынан 12 тонна қызыл қызылша, 9 гектар алқаптан мақсары жинап, оны мектептің қажет тілігіне жарат ады. Білім мен еңбекті қат ар ұштастыра білген басшының тәжірибесі облыс деңгейінде таратылды. Сол тұста көп мектептерде осы тәжірибе іске асырылған болатын. Ардагер ұстаздың айтуынша, бұл шаруаны жүргізуге сол тұста «Бурненский» совхозының директоры К.Гетманның көп көмегі тиіпті. «Ол кісі кездескен жерде, «Сіздің он гектар ғана жеріңіз бар, мың гектар жері бар бізге қарағанда сіз байсыз. Аз жерден қалай мол өнім жинап жүрсіз. Бізге келсеңізші», деуші еді», – деді ол.

Ақаш Абдалиев ғылымнан да алыс емес. Ауылда жүріп те үлкен шаруа тындырып жүр. Атап айтсақ, «Физикалық практикумдер» және «Атом физикасы» электрондық оқулықтарының авторы. Облыстық «Дарынн » мектеп-интернатында осы оқулықтардың тұсаукесері өткізілген. Пәні бойынша бірнеше облыстық және республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегері д е атанған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, сонымен қатар облыс пен ауданның бірнеше осындай Құрмет грамоталарын иеленген. Басқа да марапаттары жетерлік. Сондай-ақ «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен де марапатталған.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар