Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда өткен жылы жастардың жұмыссыздық деңгейі шамамен 3,8-4,1 пайыз аралығында болған. Бірақ бұл тек ресми сан. Шын мәнінде, уақытша жұмыс істеп жүрген, тұрақты табыс таба алмайтын немесе мамандығына сай қызмет таппаған жастар саны әлдеқайда көп. Тараз қаласы еңбек мобильді орталығы жауапты мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мансаптық орталықтарға 24431 жас жүгінген. Олардың ішінде 15320 адам мансаптық орталықтың белсенді шараларына тартылған.
Атап айтқанда, 13276 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 397 адам білім беру ұйымдарына кәсіптік оқуға жіберілген. Сонымен қатар 134 адам жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқытуға қатысып, 1185 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өткен. Ал 328 адам мемлекеттік грант иегері атанды. Одан бөлек 256 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 1772 адам жастар тәжірибесіне бағытталған және 2251 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. Бүгінгі таңда тіркеуде тұрған жұмыссыз жастар саны 6844 адамды құрайды.
Қазіргі уақытта бұл азаматтарды мансаптық орталықтың белсенді шараларына тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл тек экономикалық көрсеткіш емес – әлеуметтік сенімнің әлсіреуі, үміттің азаюы, болашағына деген сенімсіздік сияқты терең мәселелердің айғағы. Осы мақалада біз жастар арасындағы жұмыссыздықтың себептерін, оның салдарын және шетелге кету құбылысының түпкі себептерін сыни тұрғыда талдап көреміз.
Жұмыссыздықтың түпкі себептері
Еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің үйлеспеушілігі. Қазақстандағы негізгі проблемалардың бірі – оқу орындарында берілетін білім мен еңбек нарығындағы сұраныстың сәйкес келмеуі. Көптеген жоғары оқу орындары әлі күнге дейін теориялық білім беруге басымдық береді, ал практикалық дағдылар екінші орында. Нәтижесінде жастар диплом алғанмен, нақты жұмыс істеуге дайын болмай шығады. Мысалы, гуманитарлық және экономикалық мамандықтар бойынша түлектер өте көп, ал өндірістік, инженерлік және ауыл шаруашылығы саласында білікті кадрлар жетіспейді. Бұл – еңбек нарығындағы дисбаланс.
Тәжірибесіз мамандарға мүмкіндік аз. Жастардың жұмыс табудағы басты қиындықтарының бірі – жұмыс берушілердің тәжірибе талап етуі. «Тәжірибең жоқ» деген сылтаумен көптеген жас мамандардың өтініші қабылданбайды. Ал тәжірибе жинау үшін жұмысқа кіру қажет. Бұл тұйық шеңбер жастарды уақытша, маусымдық немесе бейресми жұмыстарға итермелейді.
Жалақының төмендігі мен әлеуметтік жағдай. Қалаларда жалдамалы пәтердің бағасы мен күнделікті өмір сүру шығындары жыл сайын өсіп келеді. Ал көптеген жас мамандардың бастапқы айлығы 100- 150 мың теңгеден аспайды. Мұндай жағдайда жас отбасын құру, үй алу, өзөзін дамыту мүмкін болмайды. Бұл – ел ішінде әлеуметтік әділетсіздік сезімін тудырып, жастардың үмітін сөндіреді.
Таныстық пен жемқорлықтың әсері. Қоғамда әлі де «тамыр-таныспен» жұмысқа орналасу, пара беру арқылы манс ап жас ау сияқты келеңсіз құбылыстар бар. Бұл әділетсіз жүйе жастардың сенімін жоғалтып, адал еңбекке деген ынтасын төмендетеді. Көптеген талантты жас «еңбегім бағаланбайды» деп ойлап, өз мүмкіндігін шетелден іздейді.
Шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр
Шетелге кетудің басты себебі – жақсы табыс табу мүмкіндігі. Мысалы, Оңтүстік Корея, Германия, Польша сияқты елдерде қарапайым жұмысшылардың жалақысы Қазақстандағы орташа табыстан бірнеше есе жоғары. Сондықтан жастар тек ақша үшін емес, әділ еңбекақы алу үшін де шетел асып кетуге мәжбүр болып отыр. Көптеген елдерде еңбек адамының құқығы нақты қорғалған: жұмыс уақыты, демалыс, сақтандыру, зейнетақы жүйесі нақты жұмыс істейді. Ал біздің елде кейбір жұмыс орындарында еңбек шарты дұрыс рәсімделмейді, жұмыс уақыты ұзақ, әлеуметтік пакет қарастырылмаған.
Салыстырмалы түрде алғанда, шетелде еңбек еткен адам өзін құрметке ие тұлға ретінде сезінеді. Жастардың бір бөлігі шетелге білім мен тәжірибе жинау үшін кетеді. Бірақ сол жастардың едәуір бөлігі кейін елге оралмайды. Өйткені өз елінде алған білімін қолдануға мүмкіндік таппайды немесе лайықты жағдай жасалмаған.
Дарынды, білімді, инновациялық ойы бар жастар басқа елдердің экономикасын күшейтіп, өз елінің әлеуетін әлсіретеді. Ұзақ мерзімде бұл интеллектуалды тәуелділікке әкелуі мүмкін. Бұл проблеманы шешу тек жастардың емес, мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар бар – «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға», «Жас маман», «Жас кәсіпкер» деген сияқты. Бірақ олардың тиімділігі жиі сынға ұшырайды. С ебебі бағдарламалар қағаз жүзінде жақсы көрінгенімен, іс жүзінде бюрократия мен формализмге тап болады.
Жұмыссыз жүрген жас өз қоғамынан оқшауланады, өзіне сенімсіз болады, кейде депрессияға ұшырайды. Ал бұл өз кезегінде қылмыс, маскүнемдік, әлеуметтік пассивтік сияқты теріс құбылыстардың өсуіне ықпал етеді. Жастардың шетелге кетуі де кейде жеке бақыт пен еркіндік іздеу нәтижесі. Олар өз елінде бағаланбаған соң, өз орнын басқа қоғамнан табуға тырысады.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Жастар жұмыссыздығы–мемлекеттің экономикалық емес, идеологиялық және стратегиялық қауіпсіздігіне әсер ететін үлкен проблема. Жұмыссыздықтың көбеюі – ел ішіндегі әлеуметтік тепе-теңдіктің бұзылуы, әділетсіздіктің күшеюі, болашаққа деген сенімнің азаюы.
Осы мәселені шешу үшін:
1. Білім мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайту;
2. Жас мамандарды қолдау мен тәжірибе бағдарламаларын кеңейту;
3. Жалақы мен еңбек жағдайын жақсарту;
4. Жастар саясатының шынайы тиімділігін қамтамасыз ету қажет.
Жастар – елдің қозғаушы күші, мемлекеттің болашағы. Егер олардың әлеуеті өз елінде іске аспаса, ол мүмкіндікті басқа мемлекеттер пайдаланады. Ал шын мәнінде, еліміздің дамуы мен жаңаруы дәл осы жастардың қолында. Сондықтан мемлекет пен қоғамның басты міндеті – жастардың өз елінде жақсы өмір сүруіне, еңбек етуіне, армандарын жүзеге асыруына жағдай жасауға тиіспіз. Ойланайық...
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
«Таза Қазақстан»: биыл 800 мың тонна қоқыс қалдығы жиналды
- 4 желтоқсан, 2025
«Заң мен тәртіп – біздің ұстаным» тақырыбында адалдық сағаты өткізілді
- 3 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




