«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өмір мен өлім арасындағы күрес

Өмір мен өлім арасындағы күрес
Автор
Бұл күнде қоғамда кеңінен етек жайған дерттің бірі – суицид. Ал жасөспірімдер арасындағы өзөзіне қол салу – қазіргі қоғамның қасіреті. Бұл тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін жағдай десек те болады. Жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуына отбасылық мәселелер, мектептегі қиындықтар, психологиялық мәселелер, әлеуметтік қысым, жеке проблемалар мен оқиғалар түрткі болуы мүмкін. Осы орайда психолог, отбасылық психодиагностика және психокоррекция маманы Айымгүл Ерланқызымен қоғамның қорқынышына айналған жасөспірімдер арасындағы суицидке байланысты және бұл оқиғаның себептері мен алдын-алу шаралары бойынша ой өрбіттік.

Психолог маманның пайымдауынша, жасөспірімдер арасында суицид оқиғаларының жиiлеуiне көбінесе қаржы мәселесі, психикалық аурулар, қоршаған адамдармен түсініспеушілік отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы,зорлықзомбылық, есiрткi қолдану, әртүрлі компьютерлік ойындар, атыс-шабыс, қантөгіске толы фильмдердің тікелей әсері бар.

– Жасөспірімдер арасында суицидке әкелетін негізгі себептер әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, белгілі психикалық ауытқулар, созылмалы-депрессивті күй, отбасындағы шешілмеген кикілжіңдер, достардың арасындағы түсініспеушілік, немесе сәтсіз аяқталған махаббат, ерте жүктілік, есірткі заттарын қолдану деген сияқты мәселелер жасөспірімдер арасында суицидке әкелуі мүмкін. Суицид - демонстротивті немесе шынайы болуы мүмкін. Демонстративті суицидті жеткіншектер өздеріне көңіл аударту үшін жасайды», – дейді Айымгүл Ерланқызы.

Сондай-ақ оның сөзінше әлеуметтік желілерде буллингтің алдын алу үшін, әлеуметтік желілерді бақылап отыру қажет. Әлеуметтік желілер арқылы суицид туралы ақпараттарды таратуға қарсы шаралар қабылдау маңызды.

– Әлеуметтік желілер мен ғаламтордың жасөспірімнің психологиясына әсері оң және теріс болуы мүмкін. Оң әсерін айтатын болсақ, жасөспірімдер әлеуметтік желі арқылы қарым-қатынас қажеттігін қанағаттандыра алады, қоғамдық-әлеуметтік тәжірибені жақсы меңгереді, виртуалды қарым-қатынас дағдыларын жақсартады. Теріс әсеріне келер болсақ, жасөспірімдер кибербуллингқа ұшырауы мүмкін немесе олардың бойында белгілі бір мінез-құлық пайда болуы ықтимал. Сонымен қатар олар өздеріне керек емес немесе психикалық жай-күйге жайлы емес ақпараттарды алып, өздеріне зиян тигізуі мүмкін» – дейді маман.

Ол өз сөзінде мектептерде кәсіби психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеуі тиістігін де алға тартты. Олар оқушылардың эмоционалдық жағдайын бақылап, қиындықтары туралы хабардар болуға көмектеседі. Бұдан бөлек балаларға суицид туралы дұрыс ақпарат беру және психологиялық көмек көрсету курстарын ұйымдастыру өте маңызды.

– Балаға үш тараптан да кешенді көмек көрсетілуі тиіс. Ең бірінші кезекте ата-ана, екінші педагогикалық орта, яғни баланың оқу орнындағы мамандар. Үшіншіден баланың мекенжайы бойынша тіркелген медициналық орталығындағы мамандар. Осы үш тараптан да бірдей көмек көрсетілуі керек. Ата-ана әрқашан баланың көңіл-күйін, болып жатқан өзгерістерді байқап әрқашан баламен байланыста болып, балаға қажет көңіл бөлу керек. Сонымен қатар мектепте өмір құндылықтарына байланысты тренингтер, лекциялар өткізу өте маңызды. Ал медициналық мекеменің тарапынан медициналық тексерістер яғни, әр жыл сайын медициналық тексерістен өткен кезде жасөсіпірімдердің толықтай психикалық күйі тексерістен өту керек. Неғұрлым ерте жасалған дүниенің барлығы жасөспірімнің өз-өзіне қол салуының алдын алады», – дейді Айымгүл Ерланқызы.

Бүлдіршіндердің өмірін сақтап қалуда қоғамның да рөлі айрықша. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін қоғам ең бірінші кезекте диагностика жүргізе алу керек дейді маман.

«Ата-ана болсын, мектеп қызметкерлері болсын баланың сөзіндегі немесе көңіл-күйіндегі өзгерістерді уақтылы байқап, сол белгіге назар аударуы тиіс. Сондайақ баламен әр уақытта тығыз қарым-қатынаста болған жөн. Ал психологтар атаанамен де жұмыс жүргізуі тиіс. Педагог мамандары да баланың бойында өзгерістер пайда болған кезде не істеу керек екенін білмей қалатын жағдайларда кездесуі мүмкін. Сол себепті мектеп қызметкерлерімен де ағартушылық жұмыс жүргізу маңызды», – деді психолог.

Қорыта айтқанда, суицидтің алдын алу – бұл тек кәсіби мамандардың ғана емес, атааналардың, мектептер мен қоғамның да бірлескен күшжігерін талап етеді. Ол тек бір адамның немесе отбасының мәселесі емес. Бұл бүкіл қоғамның жауапкершілігін талап ететін жағдай. Суицидтің алдын алу үшін ата-аналар, мектеп, қоғам және мемлекетте атсалысуы қажет. Өйткені қоғамдағы ең қымбат қазына – адам. Ал адам өмірін сақтау және оны қорғау мемелекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта суицид мәселесін қоғамда, әсіресе жеткіншектер арасында болдырмауға барынша күш салуымыз керек.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар