«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбегі жанған арулар

Еңбегі жанған арулар
Автор
Іс бастаудың қиындығы мен қызығы көп. Оны нөлден бастаған адам біледі. Елімізде сан түрлі кәсіп, әртүрлі жұмыс бар. Себебі әркім жүрегіне жақынын, қолынан келгенін жасайды. Туындаған идеяны әрекетке айналдыру – кез келгеннің қолынан келмейді. Қолында қаражаты болса, идеясы жоқ, идеясы болса қалауы жоқ, қалауы болса қаржысы жоқ. Әйтеуір әрбірімізде іс бастамауға бір себеп бар

Іскер адамдардың айтуынша, ойға алған нәрсені 72 сағатта іске асыру қажет екен. Олай етпесең оны жасамауға мың сылтау табылады. Елімізде ай сайын мың түрлі кәсіп ашылып, дереу қайта жабылады. Себебі жауапкершіліктің жоқтығы мен біліктіліктің болмауы, кәсіпті жасаудың, сала таңдаудың қыр-сырын білмегендіктен солай болып жатады. Бизнес бастауға да дайындық керек. Моральдық тұрғыдан, материалдық жағынан ой мен сананы біріктіріп, жұп-жұмыр дүние жасау үшін ептілік пен төзімділік қажет.

«Әйел жүрген жер береке әрі мереке» демекші, бизнесте де әйелдердің алар орны ерекше. Нәзікжандылардың басқан жері құлпырып шыға келеді емес пе?! Экономикамызға қомақты үлес қосып жүрген әйел кәсіпкерлер біздің өңірде өте көп. Олар қай істі қолға алса да түрлендіріп, дамытуға күш салады. Сегіз қырлы, бір сырлы арулар қай қырынан алсаң да мықты. Облыстың жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері ішінде әйелдер басшылық жасайтын кәсіпорындардың үлесі 47 пайызды құрайды. Кәсіпкер әйелдердің саудадағы ең жоғары концентрациясы 40 пайыз, қызмет көрсету саласында 22 пайыз және ауыл шаруашылығында 17 пайызды құрайды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша «Мен кәсіпкер» жобасын іске асыру шеңберінде Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы шеңберінде 672 әйелге 398 кеңес беріліпті. Кәсіп бастаудың жай-жапсары жөнінде еңбегі жанған арулармен сөйлестік.

МЫҚТЫ МОТИВАТОР

Мықты мотиватор, тараздық белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаева талай жанға үлгі болған жан. Ол – көшбасшы. Өзінің айтуына қарағанда, бір кездері баласына бір литр сүт алуға ақша таппай, тарыққан. Оның мойнында жүз мың доллар қарызы болған. Ол бұрынғы жағдай. Ал ол бүгінде Тараздағы ірі ресторатор. «Гауһартас», «ІнжуМаржан» мейрамханаларының егесі. Жай ғана аспазшы, салат жасаушыдан мейрамхана егесі атану үшін үлкен күш-жігер керек. Қайырымдылығымен де, іскер әйелдерді басқаруымен де республикаға үлгі болып жүрген жан ұзақ жылдық кәсіпкерлігінің қырсырымен бөлісті.

– Рас, жас күнімізде жұбайым екеуміздің қиындық көргенімізді үлкен сабақ деп білемін. Қызымның сүтіне ақша таппайтынмын. Сондай күндердің бірінде бір мейрамханаға салат жасаушы болып жұмысқа тұрдым. Салаттарым тамаша шығатын. Қарапайым жұмысшыдан мейрамхана егесі атану үшін талай жолдан өттім. Қажырлы еңбегімнің арқасында «кімсің, Меруерт» болдым. Паңданып, ашкөз боп, шалқақтап кеткенім жоқ. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп айтқан Аяз би секілді ескі шапаныма қарап қоямын мен де. Өзгелерге сабақ болсын, сенің де қолыңнан келеді деп жастарға, ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлерге дәріс беріп, шақырған жерден қалмай, мотивация беремін. Ешкім дәл осылай атақты болып немесе мықты кәсіпкер болып тумайды. Бәріміз бірдейміз. Бізді ерекшелендіретін – қабілетіміз, дарынымыз, еңбекқорлығымыз. Біз кәсіпкерлер алды-артымызды екшеп, мың ойланып, жүз толғанатын адамдармыз. Қаладағы мейрамханаларымызды ашарда елде жоқ нәрсе ашсақ деп ойладық. «Гауһартас» мейрамханасының ішіне көлік кіргізуді ерекшелеп бастапқыда біз ашқан едік. Қашанда алда болуды ойладық. Және өзгелерге де көмегімнің тиюін бірінші орынға қойдық. Менімен бірге бес жыл, он жыл жұмыс істеген адамдарға басына баспана сыйлап, қымбат сыйлықтар беретінімді тараздықтар жақсы біледі. Адал қызмет еткен жандарды мен бағалаймын. Екінші мейрамханамыз «Інжу-Маржанның» ішіне балалар ойнайтын алаң құрып қойдық. Тойға келіп отырған ата-ана балаларын уайымдамай алаңсыз отырсын дедік. Кәсіпте жүргеніме 40 жылға жуықтады. Талай адамдармен араластық. Кәсібін ашамын деп талпынған талай жасқа көмек көрсеттім. Қазақта «алаған қолың береген болсын» деген сөз бар. Қарап отырсаңыз, жыл сайын кәсіпкерлерге қолдау көбейіп келеді. Байыса қазақ байысын. Жастардың әртүрлі идеяларын ортаға тастап, жаңа іске құмартуын жақсылыққа балаймын, – дейді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Қаттабайқызы.

Кәсіпкерлік деген – ақша табу дейді ол. Неде болса Меруерт Қаттабайқызы «заманың қалай болса, бөркіңді солай қисайт» деген жаңа заманның мәтеліндей бүгінде кәсіптен бағы жанған адам. Еңбек еткен адамға ақша табылады. Қашанда қоластындағы жұмысшыларының қамын жеп, жағдайын жасап жүретін оның тың идеялары көп. Кәсіпті қолыңнан келетін істен бастауды құптайтындардың бірі де осы Меруерт ханым. Ол да бастапқыда қолынан салат жасау жақсы келетіндіктен осы істі бастаған.

– Қазақта тек деген нәрсе бар. Әншілік, ұсталық, ділмар шешендік тегінде бар еді деп айтып жатамыз ғой. Сол секілді дәмді ас әзірлеу, салаттар жасау әжемнен, анамнан берілген өнер. Қолыңнан не келеді сонымен кәсіп баста деп отырғаным – өйткені сен сол істе ғажапсың, 100 пайыз дәлме дәл жасайсың. Өз-өзіңе сенімді жасайсың. Сол үшін де білмеген нәрсеңнен емес, білген нәрсеңнен кәсіп баста деп жиі айтамын. Білмеген нәрсеңді білуге құмарту – ол да жақсы. Оны зерттеп барып, үйреніп болған соң ғана ашу керек. Не нәрсеге бейімің бар? Тігін, асабалық, би өнері, аяқ киім шебері, әншілік, бәлкім мобилограф. Бейімді салаңды жетілдіріп, тәжірибе жинақтап, өзіңді дамытып отыру қажет. Сонда ғана мықты кәсіпкер боласың. Мен бәрін біледі екенмін деп қарап отырмаймын. Республикамыздың басқа қалаларына барып, ондағы рестораторлармен тәжірибе алмасамын. Не өзгешелік бар, көріп келемін. Қандай ас мәзірін жасасақ, нендей жаңалық енгізсек деп талпынамыз, – дейді ол.

ГҮЛДЕЙ ЖАЙНАҒАН ГҮЛДАНА

Кәсіп – нәсіпке айналса құт. Жалпы, Тараз қаласы бизнес жүргізуге ең қолайлы қала. Екі мың ғасырлық көне қалада не көп мейрамхана көп. Тамақ өнеркәсібі тоқтаусыз жүріп жатқан сала. Мемлекеттің бай-қуатты болуына әрі экономикаға үлес қосып жатқан еңбегі жанған арудың бірі – Гүлдана Атабаева. Ол үнемі жарқын жүзімен нұрланып жүретін, өзіндік қолтаңбасы бар жас ресторатор. Іскерлік ортада өте сыйлы. Жас та болса көпке үлгі болған ол «La villa» мейрамханасының иесі. Үш баланың анасы. Жұбайы Санжар Апбасов бұрынғы полиция қызметкері. Қазір «Friends burger taraz», «Tandir_ taraz» кәсіптерінің иесі. – Әйел баласының кәсіпкерлікте жүруі – құптарлық іс. Кәсіпкерлікке келуім – ата-анамның арқасы. Анам Дана бастапқыда көк базарда қуыршақ сатудан ісін бастаған кәсіпкер.

Бүгінде республикаға белгілі жан. Отбасымызбен кәсіпкерлікпен айналысамыз. Сіңлім Айдана Атабаева ол да ресторатор. «Matador» мейрамханасының иесі. Ауыз толтырып айтуға, әрине, жақсы. Бірақ ресторан иесі атану – жауапкершілігі мол іс. Қарамағыңдағы қаншама адамға жауапты болу, балғын өнімдерді сатып алу, қадағалау, кеш иесінің көңілінен шығу – оңай емес. Кәсібіңді жыл сайын құлпыртып отыру керексің. Жылт еткен жаңалық енгізіп отыру қажет. Мен әрі келінмін. Енем Сәулеш Апбасова «Адия» медициналық орталығында балалар неврологы. Енем – біздің үйдің патшайымы. Мен үнемі солай айтамын. Рас, енем алтын адам. Үш балама қарап, мені қызындай көріп отырған жан. Жұбайым да кәсіпке қосылды. Оның қолынан дәмді өзбек палауын жасау келеді. Өз қолымен келушілерге ерінбей дайындап береді. Біз мынау ердің сі, мынау әйелдің ісі деп қарап отырмаймыз.

Ақша табу – ол жақсы өнер. Ақшаны шашқаннан гөрі адал еңбекпен тапқан, жиған сауаптырақ. Лажы болса ешкімнен қарыз алмауға, сұрамауға, несиеге жоламауға тырысамыз. Бар ақшаны ұқсатып жаратып, айтқан уәдеде тұрғанды сүйемін. Ресторан қызметкерлеріне жылы қабақпен қараймын. Айлықты уақытылы беремін. Белсенді қызметкерлерге себепсіз сый-сияпат жасаймын. Мереке сайын премия, сыйлық үлестіремін. Менің командам болмаса мен кіммін? Кәсіп болған соң ауызбіршілікте жұмыс істеген жөн. «Саудада – береке бар». Сондықтан өзіме көп сенемін. Базарға, сауда орындарына өзім барамын.

Көбінде балғын көкөністер мен жемістерді ерінбей жүріп таңдаймын. Өзім дәмді ас ішкенді ұнатқандықтан, көпшілік те тәтті ас ішсе деп осы істі қорықпай бастадым. Жас болдым, басымнан көп сабақ өтті. Өмірдің берер сабағынан бөлек, мен кәсіп жолында көп шыңдалдым, – дейді Гүлдана кәсіпкер. Гүлдана Атабаева 1990 жылы облысымыздың Жамбыл ауданында дүниеге келген. Мектеп бітірісімен шетелге оқуға кетіп, ойын өзгертіп келгені бар. Шетел көрген жас. Жастығына қарамастан елдегі ірі ресторатор. Сүйікті келін, адал жар. Отбасының ұйытқысы болып отыр. Бұл күні ешкімнің бір айлыққа күнелткісі келмейді. Әр кәллада бір қиял демекші, дүкен ашсам, балмұздақ па, жүгері сатсам ба деп отырған жандарға жоғарыдағы кәсіпкерлердің өмір жолы, кәсіп бастауы үлгі болса дейміз. Өз үйінде отырып іс ашып, кәсібін кеңейтіп, бір іс бастағысы келіп жүргендерге азық болар дейміз.

– Бүгінде елдің көзі ашық. Әлеуметтік желілерден көреді. Біздің өмірімізді бақылайды. Сала таңдап, өз ісін ашам деушілерге ақыл-кеңес беріп, көмектесуге әзірмін. Тәлімгерлік жасауға да дайынмын. Қанша дегенмен кәсіп бастауда ит көйлекті бұрын тоздырдық қой. Алдыма көптеген адамдар келеді. Жер үйден, көпқабатты пәтерден қандай іс ашсам болады? Идея бар, ақша жоқ дейтіндер келеді. Жүзеге асырайын десем тамыр-танысым жоқ деп келеді. Мен айтайын, ешқандай тамыр-таныс, әке-көке керек емес. Ең керегі – сенің таудай талабың. Жетістікке жетемін деген сенімің керек. Құдайға шүкір, жыл сайын үкімет қайтарымсыз грант беруде. Оны алудың жолдары бар. Бизнес бастау үшін жол сілтейтін мамандар «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығында да, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасында да отыр. Облысқа белгілі кәсіпкерлердің телефон номерін алып, ақылдассаңыз да еркіңіз, – дейді ол.

Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Гүлдана «Instagram» әлеуметтік желісінде өте белсенді. Оны күніне 243 мың адам қарайды. Бұл күндері мейрамхана ісі мен мейманхана ісі арнайы жоғары оқу орындарында оқытылады. Келешекте бес жұлдызды қонақ үйдің не табысты мейрамхана иесі атану үшін бұл кәсіпті мамандық ретінде игеруге әбден болады. «La villa» мейрамханасы бастапқыда «Райский сад» деп аталған.

Бүгінде атауы өзгерген. Көбінде бұл ресторан ең үздіктерді таңдайтындарға арналған. Еуропалық тағамдардың сан алуан түрі мен мұндалап тұр. Мұндағы мәзір мен сусын авторлық жолмен жасалады. Аспазшылары дәмді ас дайындаумен аты шыққан. Қазір «қай салаға барсам ақша көп» деп ойланатын дәуір. Әр саланы зерттеп жүргендер де жетерлік. Жылына екі рет туады деп ешкі бағып, жұмыртқасы мен еті пайда деп тауық асырап, бір балақты қысқартсаң 1000 теңге табам деп тігіншілікке келгендер де көп. Бір істі бастап, екіншісін тастап,әр істің басын шатып жүріп, үшіншісін ашқанда пайдаға кенелгендер бар. Кәсіпті ашып-жабудан қорықпай, оны бизнес биігіндегі дәріс деп білген жөн болар-ау. Әр саланы байқап көру – ұят емес. Не де болса, ашар кәсібіңді жақсы көріп істесең ақша сол жерде екен.

«Сізде ақша аз болса, кәсіп жасаңыз, егер мүлдем болмаса, дереу кәсіп баста» деген екен Джон Рокфеллер. Ұлы Абай да «Ісім өнсін десең ретін тап» деп бекерге айтпаған болар. Әлдекімнен көмек күтіп, оңтайы болар деп тосып отырсақ, өзгеріс өздігінен келмейді. Өзгеріс деген – мына өзіміз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар