«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тіл үйреніп, мамандық меңгергеннің жолы қашанда ашық

Тіл үйреніп, мамандық меңгергеннің жолы қашанда ашық
Автор
Талпынған табысқа жетеді. Еңбек етіп, елінің қажетіне жарау – әр адамның басты мақсаты. Ал жаңаны үйреніп, еңбектену жетістікке жеткізетінін өмір өзі көрсетіп жүр. Бүгінде «QazaqGaz» барлау және өндіру жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде пультпен басқару операторы болып жұмыс істейтін Нұржан Дәрібаев бұл істің қырсырын бастапқыда Пекинде оқып, меңгеріпті. Жаңалыққа құштар жас талапкер әуелі тіл үйренуді көздейді. 2009 жылы Қытай мемлекетінің Сиань қаласында «Бо-Ай» тіл үйрету мектебінде оқиды.

Ұжымында өз ісін жетік білетіндігімен сыйлы Нұржан Юлдашбайұлы бүгінге дейінгі 9 жылдық тәжірибесінде бірнеше жұмысты атқарып, мамандығына әбден машықтанған.

– Түркістан облысының Келес ауданы, Абай ауылында дүниеге келіп, 1998-2002 жылдар аралығында сол ауылдағы Еркіндік бастауыш мектебінде оқыдым. Кейін отбасымыз Тараз қаласына қоныс аударып, 2002-2007 жылдары осы қаладағы №33 Мұхтар Әуезов атындағы, 2007-2009 жылдары №53 орта мектебінде білім алдым. 2009 жылы Қытай мемлекетіне Сиань қаласына Бо-Ай тіл үйрету мектебіне оқуға түстім. Бір жыл сонда тіл үйрендім. 2010 жылы тіл үйреніп, қасымдағы досым Мақсат екеуміз Пекинге барып білім алуды қаладық. Мен өзім Пекинде Джиаотонг университетіне түстім. Қазақша айтқанда, бұл – Пекиндік тасымалдау университеті. Қасымдағы досым Мақсат 17 жаста еді, оған сол Қытайдың өзінен қамқоршы керек болды. Қамқоршысы болмаса, оқуға алмайды екен. Негізі Пекин Джиаотонг университеті үлкен болған соң сонда түсеміз деп шешкен едік. Сосын Мақсатқа басқа университеттер іздей бастадық. Біраз жоғары оқу орындарын көріп жүріп, жолымыз сәтті болып, пекиндік Йоу-диан университетіне келдік. Ол – Пекиндік байланыс және телекоммуникация университеті. Сол жерден Қытай тілінен сабақ беретін мұғаліммен сөйлесіп, Мақсатқа қамқоршы болуын сұрадық, ол да келісе кетті. Пекиндік Шы-йоу университетіне түсіп, мұнай-газ саласы бойынша бір жыл оқып, 2012 жылы Қазақстанға қайттым. 2012-2016 жылдары өз өңіріміздегі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мұнай-газ және механика» факультетінің «Мұнай-газ кен орнын игеру және пайдалану» мамандығында оқып, диплом алдым. Университетті бітірген соң алғашқы еңбек жолымды «Клинал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2-ші категориялы инженер қызметінен бастадым, – дейді 33 жасар жұмысшы.

Мұнай-газ саласының қыр-сырын үйренуге оның түрлі қызметтерді атқарғаны әсер етсе керек. 2016 жылдың шілде айынан 2017 жылдың наурыз айына дейін 2-ші категориялы инженер болған ол кейін жұмысын «Амангелі газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде іс-тәжірибеден өтіп, осы зауытта 2017 жылдың тамыз айынан 2019 жылдың қыркүйек айына дейін қара түсті мұнай өнімдерінің резервуарлар паркінің операторы қызметін атқарған.

Кейін 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап, 2020 жылдың желтоқсан айына дейін «Амангельді Газ» серіктестігінде жөндеу слесарі болып жұмыс істейді. Ал 2020 жылдың желтоқсан айында «QazaqGaz» барлау және өндіру жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне газ жинау және дайындау операторы болып жұмысқа келеді. Өткен жылдың тамыз айына дейін сол қызметті атқарған ол аталған серіктестікте пультпен басқару операторы қызметіне ауысқан. Қазіргі уақытта бір шаңырақтың иесі болып отырған Нұржан әке ретінде балаларын да еңбекқорлыққа тәрбиелеуді ұстанады.

Жұбайы Айшабибі Ержанқызы да Түркістан облысының Біртілек ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Өзі де кішкентайынан еңбекке араласып өскендіктен білімге, кәсіп үйренуге жақын болыпты. Әкесі Юлдашбай Дәрібаев та мұнай-газ саласының ардагері. Жұмысшы мамандығының қадірін білген бұл отбасы еңбекқорлықты өз ісәрекеттерімен дәріптеп келеді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар