«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адал еңбек – Әділетті Қазақстанның алтын тірегі

Адал еңбек – Әділетті Қазақстанның алтын тірегі
Автор
Біз өмір сүріп жатқан қоғамда еңбек адамының мүддесі қорғалып, заң мен тәртіп үстемдік құруы тиіс. Халықтың ұғымындағы келешегі кемел «Әділетті Қазақстан» моделі осындай. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын жүзеге асыру арқылы қол жеткізе аламыз. Мемлекет басшысы қоғамдық жүйенің жаңа форматын қалыптастыру жолын «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы – ұлттық экономикамыздың басымдықтарын айқындаған, қоғамдағы құндылықтарға жаңаша серпін берген тарихи шешім болды. Бұл бастама тек жылдық науқан емес, ол – адал еңбек пен кәсіпқойлықты дәріптеу арқылы Әділетті Қазақстанды құрудың іргетасын нығайтуға бағытталған кешенді саясаттың көрінісі. Соңғы онжылдықтарда қоғамда жоғары білім мен «кеңселік» мамандықтарға деген ұмтылыс басым болғаны рас. Алайда, еліміздің экономикалық тірегі – өндіріс, құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларындағы білікті жұмысшы мамандарға деген сұраныс жылдан-жылға артып отыр. Осыған орай, Мемлекет басшысы «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деп атап өткен болатын.

Бүгінде Қазақстанның индустриалдық дамуы, ірі жобаларды жүзеге асыруы, ең алдымен, қолмен жұмыс істейтін, техниканы меңгерген, жаңа технологияларды игере алатын мамандарға тәуелді. Жұмысшы мамандық – бұл мақтауға тұрарлық, абыройлы және жоғары жалақыға қол жеткізуге болатын кәсіп. Еңбек адамының мәртебесін көтеруді тек ересектер арасындағы науқанмен шектеуге болмайды. Бұл – балабақша мен мектеп қабырғасынан басталатын, ұзақ мерзімді тәрбиелік процесс.

Бүгінде білім беру ұйымдарында оқытылатын көркем еңбек, жаһандық құзыреттер, кәсіптік оқыту және бизнес негіздері сияқты пәндердің оқытылуы өскелең ұрпаққа белгілі бір кәсіп түріне бағыт беру мен еңбекке баулудың негізі болып табылады. «Көркем еңбек» пәнін тек қолөнермен ғана шектемей, оған заманауи инженерияның, робототехниканың, электр және сантехниканың қарапайым бастауларын енгізуге бетбұрыс жасаса, білім алушылар теорияны ғана емес, нақты құралдармен жұмыс істеу дағдысын да меңгерер еді. Сонымен қатар, мектептерде дуалды оқыту жүйесін қолданатын колледждермен және ірі кәсіпорындармен тығыз байланыс орнату – өте маңызды. Білім алушылар 8-9 сыныптан бастап зауыттар мен фабрикаларда, құрылыс алаңдарында кәсіптік турларға қатысып, нақты жұмысшының еңбегімен танысуы керек.

Еңбекке баулу және кәсіптік білім беру тек білім беру ұйымдарының міндеті болып қалмай отбасылық тәрбиемен ұштастырылса адал еңбек ұғымының мәнін тереңірек түсіндіруге ықпал етеді. Баланы ерте жастан бастап үй шаруасына араластыру, қарапайым жұмыстарды орындауға үйрету – еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырудың ең тиімді жолы. Себебі, еңбек – нағыз тәрбиеші.

 

Назира ЖОРАБЕКҚЫЗЫ

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы облыс бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы.

 

Ұқсас жаңалықтар