«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«AR-AI» – жастардың жарқын үні

«AR-AI» – жастардың жарқын үні
Автор
Кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші – жастар. Себебі егемен еліміздің ертеңі – жалынды жастардың талап-тілегіне, еңбекқорлығы мен арман-мұратына тікелей байланысты. Ал белгілі қаламгер, журналистика жампозы марқұм Болат Бекжанов негізін қалаған «AR-AI» жастар газеті – өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын жас қаламгерлердің ордасы екені анық. Талай таланттың басын қосқан басылымға биыл 20 жыл толып отыр. Осынау уақыт ішінде жамбылдық жастардың сүйікті басылымына айналған мерзімді ақпарат құралының мерейтойына орай аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев редакция ұжымымен арнайы кездесті.

Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйінде өткен жылы жүздесу газеттің қос онжылдық тарихынан сыр шертетін фотокөрмені тамашалаудан бастау алды. Оның авторы – басылымның фототілшісі Алтынбек Қартабай. Мұнан соң аймақ басшысына «Aulieatamedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы жастар газетінің тарихы мен мерейтойға орай ұйымдастырылатын шаралар туралы қысқаша мағлұмат берді.

Еске салайық, бұл газетке әулиеаталық қаламгерлер қауымы құрмет тұтатын Болат Үмбетәліұлынан кейін әр жылдары Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Ембердиева, Масат Берік, Дәулет Төленді және Біржан Сөктай сынды журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан азаматтар да басшылық етті. Нәтижесінде, «AR-AI» – жастық жалын мен зор жауапкершіліктің, ізденіс пен ілгерілеудің символы ретінде қалыптасты.

Бүгінде аталған басылымның бас редакторы әріпте сіміз Тұрсынбек Сұлтанбеков. Облыс әкімі өз сөзінде ақпарат аламанына атой салып келген газет – жастар үшін шыңдалу мектебі болатынын айрықша атап өтіп, басылымнан келешекте де қоғамдағы орны мен ойы бөлек жастардың бір шоғыры шығатынына сенім білдірді. Сондай-ақ облыс әкімі республика аумағында жастардың үнін естіртіп, сөзін сөйлейтін санаулыақ басылым бар екендігіне тоқталды.

– Құрметті «ARAI» газетінің ұжымы! Қадірлі журналистер! Сіздерді «AR-AI» жастар газетінің 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде «Aulieatamedia» серіктестігінің құрамындағы «АR-AI» жастар газеті ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Елімізде жастарға арналған екі-ақ басылым бар екен. Бірі – өңірлік «AR-AI» газеті. Ал екіншісі Қызылорда облысындағы «Ақ мешіт жастары» басылымы. Қазіргі таңда «ARAI» газеті – жастардың шығармашылығын насихаттап, қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, жас буынның көзқарасын қалыптастыруда айрықша рөл атқарып келеді. Мемлекет басшысының саясатын насихаттап, халыққа жеткізуде газет ұжымының еңбегі орасан. Қазіргі таңда басылым заман ағымына ілесіп, цифрлық форматта оқырманға мазмұны терең тартымды материалдар ұсынып отыр. Өзім газеттің тұрақты оқырманымын. Әр санын қарап, маңызды материалдарды назарда ұстаймын. Өзекті мәселелер көтерілсе, орынбасарларыма, қала және аудан әкімдеріне жолдаймын. Мәселен, жақында ғана тәжірибелі журналист Нұрым Сырғабаевтың ветеринария саласына қатысты көлемді материалы көңілімнен шықты. Редакциядағы жас журналистердің де қарқыны жоғары. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылықтарыңызға толағай табыс тілеймін. Жиырма жылдық мерейтой құтты болсын! – деген Ербол Шырақпайұлы арайлықтарға қаржылай сертификатты табыстады.

Облыстық «AR-AI» жастар газетінің 20 жылдығына арналған шаралар легі жұма күні жалғасын тапты. Алдымен «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешеніндегі «Қоғамдық келісім» мекемесінің көрме за лында ре спублика лық байқаулардан жүлде алып жүрген белгілі фотограф, осы басылымның фототілшісі Алтынбек Қартабайдың «Жастықтың жарқын сәттері» фотокөрмесі ұйымдастырылды.

Бұдан соң мекеменің екінші қабатындағы сахналық алаңда басылымның жиырма жылдық тарихын қамтитын «Жастық рухының жалаугері» естеліктер жинағының тұсаукесері өтті. Кітаптың лентасын облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Қазақст ан Журна листер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов пен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы қиып, жинақ көпшілікке таратылып берілді.

Келесі кезекте мерейтойға жиналған қауым «Талай жасқа жол ашқан «AR-AI» тақырыбындағы конференцияға жиналып, жұртшылыққа жастар газетінің өткен тарихынан сыр шертетін бейнебаян көрсетілді.

Конференция жұмысын облыс әкімінің кеңесшісі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман жүргізіп, конференцияға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтады. Сонымен қатар жиында Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, еңбек ардагері Сағындық Ордабеков, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, «AulieataMedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Асқарұлы, жастар басылымының 2012-2017 жылдар аралығындағы бас редакторы Гүлнұр Ембердиева сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты жиында «AulieataMedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Асқарұлы Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, белгілі журналист Гүлнұр Ембердиева сондай-ақ «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Азамат Есалы, «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева, аға тілші Нұрым Сырғабаев «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, фототілші Алтынбек Қартабайға «Еңбек даңқы» медалі табыс етілді.

Осы күні «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы мен белгілі журналист, марқұм Болат Бекжановтың шәкірттері ұстаз рухына Құран оқытып, дастарқан жайды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар