Ол 1977 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген. Небір зиянды сусыннан гөрі денсаулыққа пайдасы бар құрмадан жасалған сүт өнімін жасап, саудаға шығарды.
– 2023 жылы «Бизнестің жол картасы - 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз бес миллион ұтып алдым. Қолда белгілі бір мөлшерде капитал болмаса бизнесті тұрғызу қиын. Мен алғашқы капиталды мемлекеттен алдым. Ол үшін ешкімде жоқ идеямен жұпжұмыр бизнес жоспар жасадым. Бағымды сынап көрдім. Ұттым. Керек аппараттарымды алып, технологтармен келісіп, ісімді бастап кеттім. Бүгінде үш технолог, бір сатушы, жалпы он шақты адамды жұмыспен қамтып отырмын. «Нұрислам» сынды үлкен дүкендер желісіне, шағын маркеттерге өткізіп, саудаға шығардық. Құрамы – сүт, ванилин, құрма. Халыққа ұнап жатыр. Ғалымдар «Құрма – құнардың қайнар көзі» деген. Яғни, құрманың адам ағзасына пайдасы дәлелденген. Құрма 50 пайыз қанттан тұрады. Сондықтан да өте нәрлі. Ол ағзада тез таралады, қант шырыны жүйке жүйені тыныштандырады. Құрма мидың қызметіне өте пайдалы, себебі 2.2 пайызы ақуыздан тұрады. Сондай-ақ А, В1 және В2 дәрумендеріне бай. Ақуыздар ағзаны жұқпалы аурудан қорғаушы қызметін атқарады. А дәрумені көз бұлшық еттерін жақсартады, сүйек және тісті қатайтады. В1 дәрумені ақуыздарды, көмірсуларды және майларды жойып, ағзадағы жасушалардың жаңаруын қамтамасыз етеді. Алла тағала Құранда ерекше мән берген бұл жемістің химиялық құрамын жер жүзінің ғалымдары баяғыда-ақ зерттеген. Ендеше осы жемісті сиыр сүтімен араластырып, дұрыс технологияны қолдану арқылы дәруменге бай сусынды өндіріп отырмыз, – дейді ол.
Мұхиттың айтуынша, пайдалы құрма сүтін өндіруге зиянды энергетикалық сусындардың көбейіп кетуі себепші болыпты. Адамзаттың бертінде ойлап тапқан өнертабысының бірі осы – энергетикалық сусындар. Жарнамасы жер жарып, емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, спортшыларға, шаршаған жүргізушілерге арналған жүйке жүйесін тынықтырушы сусын деп айтылғанымен, бұл сусындардың зияндылығы да шаш етектен. Осы бір олқылықтың орнын басатын ұлттық дәмі бар сусын шығарсам деген ойын осы жылы жүзеге асырыпты.
Рамазан айында ауызашарға, сәресіне ішу пайдалы екен. Ішсең шырын әрі бал татитын бұл сусынды қаладағы көптеген дүкендерден табасыз. Бағасы 450 теңгеден басталады. Әртүрлі құтыдағы сусындарды қолжетімді бағада біз де алып көрдік. Расымен адамды сергітеді. Күн ұзаққа шаршамай, сергек жүруге көмектеседі екен. Дәмі тіл үйірер сусын Қазақстан бойынша Таразда ғана бар екен. Болашағын алыстан болжайтын кәсіпкер жақында өнімдерін Қазақстан бойынша саудаламақ.
– «Құрма сүті» деп аталатын сусын – экологиялық таза және тағамдық құрамы толық отандық бренд. Құрамында химиялық қоспалар жоқ. Кәсіпкер дегеніміз – ең алдымен өзіне таныс әлемнің коммерциялық мүмкіндіктерін көре білетін қайсар тұлға. Әзірге пайда көру емес, халыққа жақсы әрі пайдалы дүние ұсынсам екен деген оймен мемлекеттен алған гранттан бөлек, шағын кәсіпкерлігіме арнап бірнеше несие де алдым. Жүз пайыз табиғи өнім болғандықтан тіпті жүкті әйелдерге де пайдалы. Сауда әлеміне кездейсоқ келмедім. Бала күнімнен саудаға жақын болдым. Мақсатым – сату ғана емес, жоғарыда айтқанымдай халықты сапалы өніммен қамту. Сауда саласы – сан қырлы. Ерте заманнан бастау алған ата кәсіп өмір бойы жалғасын табады. Жұртшылықтың арақ-шарапқа немесе зиянды сусындарға емес пайдалы құрма сүтіне қызыққанын қалаймын, – деді кәсіпкер.
Бұл сусын Мысыр елінде және Колифорнияда бар екен. Жамбылдық кәсіпкердің ойлап тапқан пайдалы элексирі көпшілікке жағып жатыр. Дәмін татқандар оң пікірде. Солардың бірі – Жақсыгүл Дәрменбаева.
– «Нұрислам» дүкендер желісінде сатылады екен. Немерем әкеп берді. Балиғат жасына толғаннан бастап отыз күн оразам түгел. Ауызашарда ішіп едім, маған ұнады. Сүт пен құрманың қосындысынан жасалған кілегейлі сусын екен. Әу бастан құрма – жұмақтың жемісі емес пе? Енді күн сайын осы сусынды үй-ішімізбен ішіп жүрміз. Сәресінде ішіп едік, тоқтық сыйлайды екен, – дейді сатып алушы апамыз.
Осы уақытқа дейін coca cola немесе газдалған тәтті сусындар тұтынған болсаңыз, енді жаңа отандық өнім құрма сүтінің дәмін татар кез келді. «Instagram» әлеуметтік желісінда «Qurma suti» деген атаумен танылған кәсіпке сәттілік тіледік. Аталмыш дәруменге бай сусынды үйде қолдан жасау мүмкін еместігін түсіндік. Өнертапқыш алдағы уақытта шағын цехын үлкен зауытқа айналдырсам деп жоспарлап отыр.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




