«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Самса сатудан басталған бизнес

Самса сатудан басталған бизнес
Автор
Әрине, қатпарлы дәмді самсаның қамырын кез келген қазақ әйелі де дайындай алады. Десе де бір жесең аузыңда еритін шырынды қытырлақ самсаның құпия технологиясын «Пышка және Ко» деп аталатын тараздық жеке кәсіпкерлік біледі. Әр әйел самсаны әртүрлі жасаса да, көпке танымал бренд «Пышка» самса қамырын ерекше әрі бір ғана тәсілмен жасайды екен. Өз ісін сонау атақты көк базар аталып кеткен «Төлебай» базары кезінде бастаған Фархад Фазылов шағын ғана жерде өз қолынан пісірген самсаларын сатумен бастапты. Сөйткен ісі 2015 жылы жаңа атауға ие болып, жеке кәсіпкерлік ашады. Бүгінде «Пышка және Ко» компаниясы 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бастапқыда самса қамырының бірнеше түрін жасаған олар бүгінде халыққа бірнеше тауар ұсынып отыр. Атап айтсақ, осы брендпен шұжықтар, кондитерлік өнімдер, мұздатылған жартылай дайын өнімдер шығарады. Жақын арада тағы да жүз шақты адамды жұмысқа аламыз деп отыр.

Ақылбекова көшесінде орналасқан цехқа барғанымызда мұнда 40 шақты жұмысшы жұмыс істеп жатыр екен. Әркім өз тірлігімен әлек. Бірі қамырды арнайы құрылғы арқылы жаюда. Екіншісі өлшеуде, үшіншісі қаптауда. Әйтеуір көз ілеспес жылдамдықпен әрекет етуде. Түсінгеніміз, цех екі аумақта орналасқан. Біз барған цехта қамырмен жұмыс жасайды. Яғни самса қамырын өндіріп, кептіріп, мұздатып, дүкендерге жөнелтеді. Ал екінші цехта тек кондитерлік тәтті өнімдер шығарылады екен. Екі цехты екі адам басқаруда. Бәрі де туыстар. Бауырлардан құралған серіктестер жұмыла жұдырық болып компанияның дамуына жағдай жасап отыр екен.

– Мен осы самса қамырын дайындайтын цехты басқарамын. Кондитерлік цехты Диера Акрамқызы басқарады. Бұл жақта 40 шақты, ол цехта 60 шақты адам жұмыс істейді. Ашытқысыз, ашытқымен деген секілді самсаның бірнеше түрін шығарамыз. Өткен жылы біз кәсіпкер ретінде 250 миллион тауар айналымын жасадық. Жақында ғана немістің екі жаңа құрылғысын сатып алдық. Өнімдеріміз Қазақстан бойынша саудалануда. Жасағандарымызды барлық қалаларда көптеген дүкендерден таба аласыздар, – дейді «Пышка» жеке кәсіпкерлігінің коммерциялық директоры Фархад Миршарипов.

Германиядан алынған немістің «Фритч» атты қамыр жаятын екі құрылғысын әрқайсысын 18 миллион теңгеге сатып алыпты. Құрылғымен екі жігіт қамыр жайып тұр. 10 килограмм болатын ауыр қамырды көтеріп, аппаратпен жаюға да күш керек екен. Азат Мамбетқұловтың мұнда жұмыс істеп жүргеніне жыл толыпты. Міндеті – осы құрылғымен қамыр жаю.

– Бір ауысымда 8 адам жұмыс істейміз. Таңғы сағат 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін осындамыз. Түскі ас компания тарапынан беріледі. Айлығым өзіме жетеді. Әйел адамдарға аппаратпен жұмыс істеу оңай емес. Қамырдың иленген соң салмағы болады. Оны көтеріп, тестомеске салып әрмен қарай жаю ер адамның күшін қажет етеді. Сондықтан бұл ауысымда екі ер адам жаяды. Әйел адамдар сұрыптайды, өлшейді, қаптайды, – деді ол.

Жоғары сортты ұн Павлодардан әкелінеді екен. Бір шетте қаптаумен айналысып отырған әйелдермен сөйлестік.

– Жақында айлығымызды көтермекші. Соған қуанып отырмыз. Әр қамырды өлшеп, оның сыртқы қаптамасын кигізіп, орау, дәлме дәл ету – оңай шаруа емес. Кез келген адам мұны жасай алмайды. Ептілік, шапшаңдық керек. Былжырап отырсаң ақша қайдан келеді. Сондықтан біз ылдым-жылдым қимылдаймыз, – дейді Малика Орынова есімді жұмысшы.

Компания осы уақытқа дейін жеңілдетілген несие немесе грант алып көрмепті. Бар тапқан ақшаларын ұқсатып жаратып, игілікті іске салыпты. Соңында осы кәсібінен нәсіп көріп отыр. Осы жылдан бастап өзге де мемлекеттерге саудаласақ деп жоспарлап отыр екен. 2023 жылы «Қазақстанның үздік тауары» қатарына енген «Пышка және Ко» компаниясы нәзікжандылардың сүйіктісіне айналған. Себебі қатпарлы самса қамыры қыз-келіншектердің ас үйдегі тірлігін жеңілдетті. Әп-сәтте үлбіреген жұмсақ самсаны «Пышкамен» бірге дайындау да бір бақыт дейтіндердің бірі Жұлдыз Әуелбекова.

– Арнайы төрт бөлікке бөлінген самса мен чебурек қамыры менің ісімді оңтайландырды. Алам да ішіне салмасын салып пісіре саламын. «Пышка» өнімдері – халал сертификатын алған. Еш қорықпай пайдаланамын. Көп май кетіріп, ағызып-тамызып оны ұзақ тоңазытқышқа қойып әуре болмаймын. Бүгінгі заманда жеңілдетілген ғой. Тұрмыстық техниканың бәрі бар. Адам баласының барлық ісі жылдам жасалуда. Сондықтан мен үшін әрі жылдам, әрі дәмді, әрі тез іс қылу – ең керегі, – дейді үйде отырған ана.

Адам ба ласы өзінің жолын, бойындағы мүмкіншіліктерін, қабілетін дұрыс пайдалана білсе, алмайтын қамалы жоқ екен. Аспаздықты жанына серік еткен Фархат Фазыловтың еңбегі орасан. Самса сатып бастаған ісі үлкен компания құруға дейін жеткізді. Арманы алдамады. Бүгінде ол мешіттердің құрылысына көмектесіп, қайырымдылық істермен айналысады екен. Нарықта өзіндік орны бар компания ел экономикасына да пайдасын тигізіп отыр.

«Егенек болмаса, есік тұра ма, еңбек болмаса несіп тұра ма?» дейді халық мәтелі. Әр адамның өзіндік ризығы бар. Еңбек еткенде ғана сол ризық тұрақтанады екен. Компанияның әрбір жұмысшы алдында алып отырған жауапкершілігі бар. Және күллі Қазақстанды таза әрі адал өніммен қуанта берсек деген тілегі бар екен. Мақсаты да сол.

– Адам – адамнан еңбегімен, сол іске жуапкершілігімен, істі сапалы орындайтындығымен ерекшеленеді. Мен өзімнен де, жұмысшылардан да осыны талап етемін. Шығарып отырған өніміміз таза, адал болуы керек. Бизнес тілімен айтсақ, мұны нарықтық өлшеу деп айтамыз. Яғни, кәсіпте де солай. Нарық талабына кім жауап бере алады. Кім талапқа сай еңбек ете алады. Сол нарықта ұзақ жылдар бойы қалады. Жауапкершілікті сезіне алатындар табысқа кенеледі. Біздің өнім қолжетімді, бағасы тұрақты. Әу бастан-ақ шыр етіп дүниеге келгенімізден бастап маңдайымызға қай жақтан ризық алатынымыз пешенеге жазылады екен. Мәселен, сіз жерді емген диханшы боларсыз. Сол істен ләззат алып, барша жауапкершілікпен әрекет етсеңіз, күндердің бір күні асығыңыз алшысынан түсері анық. Оқ бойы озық, өз ісінің шебері боласыз сонда. Дәл осылай біз бұл кәсіптен нәсіп көруге баппен сатылап жеттік. Асықпадық. Бірінші инвестиция салдық. Мұздататын, кептіретін, жаятын құрылғыларды сатып алдық. Әртүрлі үлкенді-кішілі аппараттармен жабдықтадық. Сосын барып жұмысшыларды алып, іске көштік. Бір атадан тараған бауырлар алпауыт компания құрдық деп мақтана айта аламыз, – дейді кәсіпкер Фархат Фазылов.

Бүгінде «Пышканың» круассандары, торттары, тәтті бәліштері, қатпарлы самса мен чебурек дайын қамырлары көптің көңілінен шығуда. «Пышканың» құпия тәсілімен екінші цехтың басшысы Диера Акрамқызы бөлісті.

– Самса атауы парсы тілінен шыққан. Түркітілдес халықтардың бәріне ортақ тағам. Самсаның түрі көп. Тандыр самса, қаусырма самса, ош самсасы, самарқандық самса, қатпарлы самса деген секілді. Біздің өндіретініміз – қатпарлы самса. Жартылай дайын өнім. Тек ішіне салмасын салып пісірсе болды. Цехта біріншіден қамыр аппаратпен иленеді. Сосын адам қолы тимей жайылады. Жайылған қамырлар әр бөлікке бөлініп оралады. Қапталады. Сосын барып қамыр 5-6 сағатқа мұздатылады. Мұздатылған қамыр арнайы көліктермен дүкендерге жөнелтіледі. Бүгінде өндірген өнімді жарнамалаудың, сатудың бірнеше тәсілі бар. Соның бірі – әлеуметтік желілердегі парақшалар. «Instagram» желісіндегі парақшамыз арқылы күнделікті шығарған өнімдерімізді жарнамалап отырамыз. Арнайы амбассадорымыз бар. Ол фудблог жүргізіп күнделікті жарнама жасайды. Самсамыздың еш құпиясы жоқ. Майы да, қамыры да бірдей болса, ас махаббатпен дайындалса, оның құпиясы сонда, – деп жымиды ол.

Бәсекелестіктен қорықпайтын компания жақын күндері дайын фарш өнімдерін жарыққа шығарды. Онымен қоса шұжықтарды да жаңа өнім түрлеріне қосты. Әйелдердің алтын уақытын үнемдеуде таптырмас шешім болған «Пышка және Ко» компаниясы әлі де тың идеяларды жүзеге асырамыз деп отыр. 2021 жылы аталған кәсіпорын халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар стандартына сай деп танылды.

– Тек самса қамыры ғана емес екінші цехты ашып, кондитерлік өнімдерді жолға қойдық. Олар тәтті дәммен, күрделі ароматымен, жоғары энергетикалық құндылығымен сипатталады. Шикізаттарымыз – сірне, желе, агар, табиғи бояғыштар, эссенция. Осы шикізаттардың барлығы тексерістен өтті. Зертханалық сынақ алынды. Тексеріс толық аяқталған соң сертификатталдық. Сондықтан бізден еш қорықпастан өнімдерімізді пайдалансаңыздар болады, – деп сөзін түйіндеді коммерциялық директор.

«Көпшіліктің игілігіне жұмыс істеу – дұрыс ұстаным» деген екен Альберт Швейцер. Ал көне қытайлықтар «Раушан гүлін берген қолда оның хош иісі қалады» деп тұспалдаған. Берекелі өмір сүрудің құпиясы – табысқа жетуге ұмтылу емес, өзгелерді де бақытты етіп, өз болмысыңды түсіну екен. Тараздықтарды жұмыспен қамтып, ел игілігіне қызмет етіп отырған бауырларға алғыс айтып, сәттілік тіледік!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

Ұқсас жаңалықтар