«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атаулы жылда қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?

Атаулы жылда қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аталып, елімізде еңбеккерлерге қолдау көрсету, адал еңбекті құрметтеу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып отыр. Біздің облыста бұл мақсаттағы жұмыстар қаншалықты нәтижелі жүргізілуде? Осы сұрақпен әр салада ұйымдастырылған іс-шараларды сараптап көрдік.

Жұмысшы мамандарын кәсіби тұрғыда оқытып дайындайтын білім беру саласы атаулы жылдың нәтижелі болуы үшін арнайы жоспар құрып, жұмыс жүргізді. Облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысы Нұрбек Оршубековтың айтуынша, өңірде жұмысшы мамандықтары жылын өткізу туралы 123 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітіліп, өңірлік штаб жұмыс істеген.

– Жоспарда 2025-2026 жылдары колледждер халықаралық салалық аккредиттеуден өту, «1С» сертификаттау орталығын құру, 220 орындық жатақхана құрылысын салу, 6 салалық (hub) кешенін ашу, жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, шетелдік инвестор тарту арқылы жаңа мамандық ашу секілді іс-шараларын өткізу қамтылған. Аталған іс-шараларды жүзеге асыруға 404 миллион теңге көлемінде, оның 304 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен, 100 миллион теңгесі демеуші кәсіпорындар есебінен қаражат бөлу жо спарланған. Жұмысшы мамандықтары жылына қатысты 123 іс-шараның 71-іне білім басқармасы жауапты. Бүгінгі күнге дейін 30 іс-шара орындалды, 41-інің орындалу мерзімі бар. Жоспарға сәйкес І-ІІ тоқсанда орындалған іс-шараларға тоқталатын болсақ, 7000 оқушыға кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті кәсіпорындар базасында 3960 оқушыға экскурсия ұйымдастырылды. Жұмыс берушілермен 5 салалық форсайт сессиясы өтті. 1 халықаралық, 1 республикалық, 3 облыстық чемпионат, 5 шеберлік конкурсы өтті. «Үздік топ-100 студент» ре сп убли ка лық кон курсын да облыстан 6 студент «ТОП-100» студент қатарына енді. 16-19 маусым аралығында 28 құзыреттілік бойынша WorldSkills Jambyl-2025 облыстық чемпионаты өтіп, жеңімпаздар республикалық чемпионатқа жолдама алды. 20 мамырда «Innovation Hackathon» республикалық чемпионаты өтті. Мұндағы бағыт – жастардың жасанды интеллект саласына қызығушылығын арттыру, бағдарламалық жобалар жасауға ынталандыру. Чемпионатқа 6 облыстан 90 команда қатысты. 29 маусымда №9 Меркі колледжінің базасында «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша колледж студенттері арасында «WELDINGSKILLS-2025» халықаралық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Байқауға Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан және Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен 9 студент қатысты. Қыркүйек айында Дания мемлекетінде өтетін «EuroSkills-2025» чемпионатына Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің 2 студенті Рысбек Әлнұр мен Ақылбек Мадияр «IT шешімдерін басқару» құзыреттілігі бойынша қатысты. №8 Мойынқұм колледжінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстарына 35 миллион 584 мың теңге бөлінді. 19 миллион теңгеге «Дәнекерлеу ісі», «Электрмен жабдықтау » мамандықтарына шеберхана салынуда. Құлан агротехникалық жоғары колледжінде Агро-хаб кешенін ашуға 10 миллион 227 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда Агрономия саласы бойынша кешенге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Ветеринария саласына қажетті құрал-жабдықтар алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаңатас көпсалалы колледжіне Аuto-Skills кешенін ашуға 19 миллион .458 мың теңге қаржыға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. №9 Меркі колледжінде 62 миллион теңгеге ІТ-хаб кешенін ашу мақсатында тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Облыста колледждер мен кәсіпорындар, жоғары оқу орындары арасында 98 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде 3607 студент дуалдық оқыту жүйесімен қамтылды, №7 Бетқайнар колледжіне «Сұлтан Бейбарыс» шаруа қожалығы тарапынан 232,2 гектар жер телімі берілді, – дейді басқарма басшысы Нұрбек Әбубекұлы.

Шетелдік, отандық инвесторлар мен салалық мемлекеттік органдардың қатысуымен кадр дайындау, түлектерді жұмысқа орналастыру, инвестиция тарту мәселелері бойынша өңірлік форсайт сессиясы өтіп, оған 40 инвестор қатысқан. Нәтижесінде жұмыс берушілердің сұранысы негізінде 570 орынға мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген, кадр даярлау мәселесінде жұмыс берушілердің талаптарына назар аударылып, мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары жаңартылған. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бірқатар кәсіпорындар мен оқу орындары арасында тікелей келісімдер жасалып, түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктері артты. Сонымен қатар №9 Меркі колледжіне «Мерагро Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен «Токарьлық іс» кабинетінің құрылысына 4 миллион 506 мың теңге инвестиция тартылған. Сол секілді жұмыс беруші «QyzylshaZher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен 29 миллион инвестиция тартылып, №10 Шу колледжінің базасында «Агрономия» құзыреттілік орталығы ашылды. «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Шолақтау» тау-кен өндірістік комбинаты базасында әлеуметтік серіктестікті дамыту жөніндегі жасалған меморандум аясында «Химиялық және техникалық саласы бойынша» құзыреттілік орталығы ашылды.

«Алина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 миллион теңгеге құрылыс саласына қатысты құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті. 15 мамыр күні Қытай мемлекетінің Сиянь қаласындағы кәсіптік білім беру комитетінің төрағасымен келіссөз жүргізілді. Осы келіссөздің нәтижесінде №7 Бетқайнар колледжінің базасында шетелдік колледж филиа лын ашып, материалдық-техникалық жабдықтармен және арнайы мамандармен қамтамасыз етуге 100 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылуда. Одан бөлек алдағы уақытта Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде әлеуметтік серіктестік негізінде «KNAUF» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен 25 миллион теңге қаржы бөлініп, оқу орталығы, яғни құрылыс-хаб ашуға қол жеткізілді.

М. Тынышбаев атындағы ALT университетінің демеушілігімен «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша ALT аудиториясын электркөлікке зертханалық жұмыс жүргізу құралдарымен жабдықтауға және BYD электрокөлігімен қамту мақсатында 12 миллион теңге көлемінде қаржы тартылған.

«Есептеу техникасы» мамандығы бойынша «Q» университеті тарапынан 4 миллион теңге тартылған. «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Химия саласына қатысты зертханалық кабинетін ашуды, «НДФЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Химия саласына қатысты «Автоматика» мамандықтарының құрал-жабдықтарын алуды қарастыруда.

Бос орын жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылуда

Атаулы жыл басталғалы бері Еңбек мобильді орталықтары да жұмыссыздықпен күрес бағытындағы іс-шараларының қатарын арттырды. «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шара лар жоспарының 50-тармағы «Колледждер базасында кәсіпорындар, орта бизнес өкілдерінің қатысуымен «Ашық есік» күндерін және бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін» өткізу көзделген. Іс-шараны жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылғы 1 қыркүйегіне дейін Тараз қаласы және аудандық Мансаптық орталық филиалдарының ұйымдастыруымен облыс көлемінде барлығы 77 жәрмеңке ұйымдастырылды.

Облыстық Еңбек мобильдігі орталығының маманы Гүлнара Байбосынованың айтуынша, Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде 1234 жұмыс беруші, оның ішінде орта бизнес өкілдерінен 600 мекеме қатысқан. Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс іздеушілер 5510 адамды құраған. Оның 2472-сі әйелдер. Жәрмеңке қорытындысымен 30 адам кәсіптік оқытуға, 380 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданған. Жастар тәжірибесіне 164 жас жіберілсе, «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасына – 51 адам, бірінші жұмыс орындарына – 29, «Күміс жас» бағдарламасына – 125 адам, ал 543 жұмыс іздеуші тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.

– Тұрғындарды жұмыс пен қамтамасыз ету іс-шараларының бірі – жеке кәсіп ашуға ниеттілерге гранттар беру. Осындай қолдауға биыл қыркүйек айына дейін 46 адам ие болды. Сондай-ақ кәсіпкерлік негізінде 30 адам оқып, 4072 адам жұмыспен қамту шаралары бойынша консультация алды. Барлығы 2562 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 699 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қат ар іс-шаралар жоспарына сәйкес, колледждер базасында 192 кәсіпорындар, оның ішінде 117 орта бизнес өкілдерінің қатысуымен барлығы 56 Ашық есік күндері өтті. Ашық есік күніне барлығы 3113 адам қатысты. Оның ішінде 552-сі мектеп оқушылары, 952-сі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары, ал 306 қатысушы жоғары оқу орындарының студенттері. Алдағы уақытта 21 «Ашық есік» күнін өткізу жоспарда бар. Осындай кездесулер және 7 экскурсия, 16 семинар, 23 дөңгелек үстел, 7 мастеркласс жүргізілді. Бірнеше тақырыптар бойынша өткен іс-шарада еңбек адамының беделін көтеру және әлеуметтік әділдік құндылықтарын ілгерілету бойынша талқылаулар өтті. Басқосуға қатысқан қонақтар да кез келген еңбек қадірлі екенін және соны қоғам санасына сіңіру қажеттігін жеткізді. Жұмысшылардың уақытын тиімді пайдаланып, белсенді өмірге машықтандыру мақсатында бұқаралық спорт түрінен қызметкерлер арасында мини-футбол өткізілді. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың бастамасымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» деп бекітілген. Осыған орай Еңбек күнін мерекелеудің жаңа дәстүрін қалыптастыру мақсатында Тараз қаласы мен аудандық Мансап орталықтарының қызметкерлері жұмысшы мамандығының еңбек ардагерлерін марапаттап, құрмет көрсетті. Атап айтар болсақ, Тараз қаласының тұрғындары облыстың ірі өндіріс орны «ТаразКожОбув» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ардагерлері Г.Атабаева мен Н.Бажина, Талас ауданында «Игілік» кәсіпорнында 29 жыл еңбек еткен, еңбек ардагері А.Мырзахметов, Меркі ауданында «Меркі шипажай» акционерлік қоғамының еңбеккері Б. Келгенбайұлы, Сарысу ауданында 30 жыл тігінші болып еңбек еткен А.Изатуллақызы және Байзақ ауданында «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 25 жылдан аса ауыр жүк көлігін жүргізіп келген еңбек ардагері Қ. Абилдаев және тағы да басқа еңбек ардагерлері марапатталды. Сонымен қатар Еңбек күніне орай Тараз қаласы мен барлық аудандарда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағыттау мақсатында Тараз қаласы «Білім» гуманитарлық-техникалық колледжінде «Бүгінгі студент – ертеңгі жұмысшы» тақырыбында жұмысшы мамандармен кездесу ұйымдастырылды. Т. Рысқұлов ауданы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде жұмысшы мамандықтарында оқып жүрген студенттермен кездесу өткізіліп, бағдарлама бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. №17 Жамбыл колледжінің студенттері «Қызыл-Дихан қожалығы» өндірістік кооперативіне арнайы барып, кәсіпорынның жұмысымен жан-жақты танысты. Меркі аудандық Мансап орталығының ұйымдастыруымен Меркі колледжінің студенттері және мектеп оқушыларына «Zeta» кәсіпорнының қызметкерлері өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін берді. Осындай іс-шара лар барлық аудандарда өз жалғасын тапты, – дейді Гүлнара Тұрсынбекқызы.

Жұмысшы мамандығының маңыздылығын қоғамда ашып көрсетіп, жастардың қызығушылығын арттыру мақсатындағы іс-шараларды Amanat партиясы да түрлі форматта ұйымдастырып жүр.

– Amanat партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының облыстық филиа лы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырды. Жыл ішінде аймақ жастары үшін 5 ірі өндіріс орнына экскурсиялар ұйымдастырылып, қатысушылар өндіріс процесімен, жаңа технологиялармен және заманауи жабдықтармен танысты. Сонымен қатар жұмысшы мамандармен кездесулер өткізіліп, олардың кәсіби жолы мен табысқа жету тәжірибесі талқыланды. Сондай-ақ №3 Байзақ колледжінде «Мамандықтар әлемі» атты көрме-экскурсия өтті. Шара барысында қатысушылар техникалық және қызмет көрсету салалары бойынша жаңа мүмкіндіктер мен оқу бағыттары жайлы толық ақпарат алды. «Жұмысшы жастар аманаты» облыстық жастар форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Форумға «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, Тараз қалалық мәслихатының депутаттары, өндіріс өкілдері, жас мамандар, колледж студенттері және ерікті жастар қатысып, еңбек адамының мәртебесін арттыру, кәсіптік білімнің беделін көтеру мәселелері кеңінен талқыланды, – дейді аталған партияның облыстық филиалы «Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Мерей Жолдасбек.

Еңбеккерлердің беделін көтеруді, еңбек қауіпсіздігінің маңыздылығын жеткізуді, қоғам мүшелерін еңбекқорлыққа шақыруды мақсат еткен іс-шаралар атаулы жылмен шектеліп қалмасы белгілі. Осы жылда бастау алған жаңа жобалар келешекте де қажеттілігіне қарай жалғасын тауып, тиімділері жаңаша бағытпен дами бермек. Себебі өмірді мәнді ететін де, адамды есейтіп, өркендететін де еңбек. Халық «Еңбек бәрін де жеңбек» деп бекер айтпса керек.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар