Алғаш туған бала еңбек әрекетін қарапайым көріністен бастайды. Хакім Абайдың айтатын, жас баланың анадан туғанда ішсем, жесем, ұйықтасам дейтін әрекеті уақыт өте келе, білсем, көрсем, үйренсем деген құмарлыққа ойысады. Адам өмірінің барлығы еңбекке байланысты. Еңбекті өмірден, өмірді еңбектен ажырата алмаймыз. Адам туылғанда анасының омырауын іздеп жылауының өзі – еңбек. Осылай адам алғаш рет өзіне керекті азық үшін әрекетке барады. Ғұмыр бойы еңбек үшін қимыл-қозғалыс жалғаса береді. Ойыншықты керек етсе, қолын созады, жаңа затты аузына салып көреді. Үлкендер барлығының ретті болғанын қалаймыз. Сол үшін сәбилердің әрекетіне тыйым салып жатамыз. Оларға тыйым жасау психикасына, қозғалысына бөгет болады.
Мен ұл-қыздарымның ерте жұмысқа араласуына ешқашан кедергі жасаған емеспін. Бүгінде немерелерім де үйдің жұмысы болсын, сырттағы түрлі қоғамдық жұмыстарды болсын, ерінбей атқарады. Оларға үлкен өмірдің жауапкершілігін қазірден сезініңдер деп ұдайы айтып отырамын. Көрсеткен тәрбием, айтқан сөздерім зая кетпеген сияқты. Немерелерім еңбекке құштар болып өсіп келеді. Маусымдық жұмыстарда егістік басына жұмысқа шығып, өздері табыс тауып жүр. Бірде үлкен немеремнен «тапқан табысыңнан менің зейнетақым келгенше, ақша бере тұрасың ба» деп сұрадым. Сөйтсем, немерем ақшасынан беріп тұрып «қашан қайтарасыз, өзім белім қайысып тапқан ақшама жете алмай қалмайын» деп қояды. «Мен сені жай сынау үшін сұрадым» деп ақшасын сол мезетте өзіне бердім.
Бұл жерде немеремнің еңбек етудің қаншалықты қиындығын, табысты дұрыс жаратудың қаншалықты маңызды екендігін түсінгеніне іштей қатты қуандым. Психолог мамандар балалардың еңбекке деген оң көзқарасын қалыптастыру, өз-өздеріне қызмет етуге, бір-біріне кедергі келтірмеуге, сыйлауға қалыптастыруда еңбекке баулудың маңызы зор екендігін айтады. Балаларды еңбекке баулу ісі балабақшадан басталу керек. Оларға түрлі ойын ойнатылса да еңбекпен байланыстыру қажет. Мен мұны 40 жылға жуық ұстаздық тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Бастауыш сынып мұғалімі болып жүргенде аптаның ең соңғы күнін тазалық күні деп жариялап, сол күні шәкірттеріме сынып кабинетін тазалататынмын. Олар жұмылып жүріп әп-сәтте сынып бөлмесін жарқыратып тастайтын. Бүгінде білім ордаларында мұндай үрдіс бар ма, жоқ па, білмеймін. Шәкірттерім әлі күнге солай еңбек ету қызық екендігін, тазалықты бойына мектептен сіңіргендерін айтады. Балалар ол тірлікті ойнап жүріп істейтін.
Педагог К.Д. Ушинский мен Е.И.Тихееваның ойын бала үшін шынайы еңбек екендігін ғылыми дәлелдермен негіздеген тұжырымдары да бар емес пе? Балаларды «Үйренгенің өзіңе жақсы» немесе «Үйрен де жирен» деп өздерінің істей аладыау деген шаруасына қазірден тоқтаусыз үйрете беру керек. Бұған ең алдымен баланың ата-анасы мүдделі болу керек. Өйткені бала анасынан, яки әкесінен үлгі алатыны хақ. Мұндайда халқымыздың «Әке көрген оқ жонатынын», «Шеше көрген тон пішетінін» ескеру керек. Бүгінде жасыратыны жоқ, қалада да, дала да қолынан телефоны түспей, өзгелердің бақытына қызыққан ана, теледидар алдында, желдеткішті қосып қойып, алаңсыз жататын әкенің әрекеті кездеседі. Мұны көрген бала ертең еріншек болмасына кім кепіл?! Сондықтан баланы еңбекке баулуда алдымен ата-аналар мүдделілік таныту керек. Рас, қазір бұрынғыдай кеңшілік кезең емес.
Бүгінгі оқушы сенбілікке шақырылмайды. Сыныпты тазаламайды. Жөндеу жұмыстарына жұмылдырылмайды. Олай ету Конвенцияға қарсылық. Еңбекке баулудың тәрбие жұмыстарынан бөлек жалғыз мүмкіндігі – көркем еңбек пәні. Аптасына көп болмайтын пәннің маңызы зор. Осы пән балалардың шығармашылық жігерін жанып, шеберлігін шыңдауға жетелейтін пән 1-9-сыныпта жасөспірімдерді жан-жақты еңбекке жетелеп, алғашқы өнертабыстарын жасауға қол жеткізсе, 10-11-сыныптарда жаңа бизнес жоспарлар құруға дағдыландырады. Немерелерімнің сабағын қадағалаған кезде «еңбек пәніне қатысып тұрыңдар» деп айтамын.
Ауылда тұратын балаларымнан бөлек қалада тұратын балалардың да жайын назардан тыс қалдырмаймын. Жиенім Бекнұр биылғы жазғы каникулда даяшы болғанын айтты. Даяшылықтан тапқан ақшасына өзіне керекті заттарын алыпты. Алдында үлкен жиенім де түрлі жұмыс істеп, атаанасына ауыртпалық келтірмей, айфон сатып алған еді. Аудан орталығында тұратын немерелерім әкесімен апта сайын мал базарға барып, табыс табады. Олар да ақша тауып, оны қалай сауатты жарата білу керек екенін түсініп келеді. Оның барлығы алдымен еңбектің арқасы дегенді айтудан мен жалыққан емеспін. Өзімнің түсінігімде еңбек еткісі келетін баланың қабілетін шектеу орынсыз деп санаймын. Барлық адам қабілетті келеді. Бастапқы жұмысы өміріне әсер етуі мүмкін. Бірақ бала істейтін жұмыс жеңіл, ыңғайлы, қауіпсіз болуы тиіс. Барынша ата-анасы, жақындарының көз алдында болғаны дұрыс.
Бүгінгі қазақ қоғамында кеңестік кезең терең сіңіріп тастаған «бұйырғаны болады» деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Әрекет етпеген адамда берекет қайдан болсын?! Талпынып тұрғанда тауын осылай шағып жататынымыз бар. Сондықтан балаларды ес біле бастағаннан еңбектенуге баулу маңызды. Одан әрбір ата-ана қорықпауы керек. Бұл физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да тиімді. Жаңа сөзімнің басында айтқанымдай, ұзақ жыл мектепте мұғалімдік қызмет атқара жүріп, балаларды еңбекке баулыдық. Өзіміз де бағытбағдар беріп, жандарында болдық. Еңбекке бейім бала математикалық дәлдікке де үйренеді. Табиғат аясындағы жұмыс денесін шынықтырса, мектеп, үй ішіндегі шаруа ұйымшылдыққа, дене сымбатының қалыптасуына әсер етеді.
Қазір көпшілік отбасында балаларды жұмсамайды. Тым қатты өбектеу бар. Сол өбектеу келешекте өзектен тептірмесе жарар еді. Ет те тырнақтан мезгілі жеткенде ажырайды. Еңбек ету – әр адамға міндет. Әрбір ата-ана баласын қаршадайынан еңбекке баулыса, қартайғанда соның жемісін жейді. Мен қазір сондай бақытқа бөленіп жүргенімді де атап өтпесем болмас. Қазір бала-шағам отағасы екеумізді өбектеп отыр. Түрлі қажетімізді алып береді, емдеу орындарына жолдама беріп жібереді, солардың арқасында әртүрлі жерлерге саяхат жасаймыз. Өзім зейнеттегі педагог болғандықтан, кез келген жағдаятқа педагогикалық тұрғыда қарайтыным заңдылық.
Әлемдік педагогикада еңбексүйгіштікке баулу маңызды рөлге ие. Осы тұрғыда бірқатар елдердің тәжірибесін зерделеп көрген едім. Мәселен, Қытайда балабақша бүлдіршіндері спортқа, киім тігуге, тоқыма тоқуға, ас әзірлеу сынды жұмыстарға ерте жастан дағдыланады. Ауыр, үшкір, өткір заттарды тұтынуға мүмкіндік берілген. Тіпті, тәрбиешілер мен балалар химиялық, физикалық зертханалық жұмыстар да жасай алады екен. Бұл ұстанымның бүгінде аспан асты елінің абыройын асқақтатуға қандай мүмкіндік беріп отырғанын бәрі біледі. Ал Солтүстік Кореяда балаларды ауыл шаруашылығы жұмыстарына жіберу әлі де бар. Жазғы демалыста әр оқушы әскери машықтан өтеді. Жапонияда оқушылардың өздері отыратын сынып бөлмелерін, мектеп ауласын, дәретхананы да тазалау үрдісі бар. Канада мектептерінде аспаздық өнер, мүсіндеу сабақтары қосымша жүргізіледі. Қазір балалар арасында денсаулығына шағым айтып, дәрігерге жүгінетіндер көп. Жуырда көп жыл балалар дәрігері қызметін атқарып жүрген келіншекпен пойызда бірге сапарлас болып қалдым. Екеуміз өз саламыз бойынша көп пікірлестік. Оның айтуынша, қазір дәрігерге жүгінетін балалар мен жасөспірімдер көп.
Балалар арасында тұмау, ас қорыту жүйесінің бұзылысы, салмақ жетіспеушілігі, клиникалық семіздікке шалдыққандардың қатары көбейіп кеткенін айтады. Қан аздығы, қан айналым бұзылысы, кальций мен фолий қышқылының жетіспеушілігі тағы бар екен. Көз аурулары да көбейген. Күн көзін көрмейтін, айналасына зер салмайтын баланың бойында кешеуілдеу, әлсіздікпен қоса жоғарыда айтылған аурулардың барлығы кездесуі мүмкіндігін алға тартады. Бұл орайда перзентіне тым қамқор болып, тежеуден гөрі, дұрыс бағыттау маңызды. Күн ұзақ балалардың қолына телефон беріп, дамуын тежеген ата-аналардың амалының салдарын көріп жатқан жағдайымыз бар деді жолсерік дәрігер алаңдаушылығын білдіріп. Болашағыңды ойласаң, бүгініңді байыпта дегенді ескерсек, балаларды еңбекке баулу, оны бейімдеу, түрлі саланың тізгінін ұстап көруге бағыттау әр адам үшін, оның болашағы үшін өте маңызды. Еңбекпен шынықпаған баланың бүгінгі өмірден алатыны аз, болашағы да бұлыңғыр болмақ. «Балаңды аясаң, аяма» деген сөздің де текке айтылмағаны даусыз.
Мейрамкүл ӨСКЕНБАЕВА
зейнеткер ұстаз.
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




