Жеңілдікпен қаржыландыру көлемі, лизингті қоса алғанда, рекордтық 1 триллион теңгеге жетті. Диқандар тұқымдық материалмен, арзандатылған жанар-жағармаймен және қажетті көлемдегі тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді. Қабылданған шаралардың және бірлескен жұмыстың арқасында мол өнім алынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, биыл дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақ және майлы дақылдар сияқты негізгі жоғары рент абелді және сұранысқа ие дақылдар бойынша рекордтық көрсеткішке қол жетті. Мәселен, 16 миллион гектар алқаптан 27,1 миллион тонна астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 17 центнерді құрап отыр. 20,3 миллион тонна бидай жиналды, бұл өткен жылдың деңгейінен 500 мың тоннаға артық. Әртараптандыру шеңберінде бидай егістігінің 900 мың гектарға азаюына қарамастан, өндіріс көлемі сақталып қана қоймай, ауыл шаруашылығы технологиясын қолданудың едәуір артқанын көрсетті.
Елімізде алғаш рет бұршақ дақылдарының өнімі 1 миллион тоннаға жетті. Майлы дақылдарды жинау әлі де жалғасуда, ал елімізде 4,3 миллион тонна майлы дақылдар өнімінің рекордтық көлемі жиналды. Сондай-ақ 2,9 миллион тонна картоп, 3,8 миллион тонна көкөніс және 2,6 миллион тонна бақша дақылдары жиналды.
Орташа өнімділік гектарына 30 центнер деңгейінде қалыптасып, 428 мың тонна шитті мақта жиналды, бұл өткен жылғы деңгейден 42 пайызға артық. Осыған байланысты әкімдіктерге мақта өсірудің дәстүрлі тәсілдерінен озық және тиімді технологияларға көшу бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
«Егіншілерімізге қажырлы әрі адал еңбектері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Көріп отырғандай, жер жағдайы мен қолайлы ауа райы ғана емес, агротехнологияларды толық сақтауда үлкен табысқа жеткізеді. Дұрыс агротехнология – жақсы егіннің кепілі. Сонда ғана біздің өнімдеріміз экспорттық нарықтарда бәсекеге қабілетті болады», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ КӘСІПОРЫНДАРЫ ӨНІМДІ ҮЗДІКСІЗ ҚАБЫЛДАУЫ ТИІС
Премьер-министр Олжас Бектенов ендігі негізгі міндет жиналған өнімді сақтау және тиімді бағамен өткізу екенін атап өтті. Ол үшін астықты дер кезінде кептіріп, қамбаға құйып алу маңызды. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары өнімді үздіксіз қабылдап, тұрақты режимде жұмыс істеуге тиіс.
«Сақтаудың технологиялық талаптарын үнемі бақылауда ұстаңыздар. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге өнімнің үздіксіз тасымалын ұйымдастырып, жылжымалы құрамды беру кестесінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Фитосанитариялық қызмет астықты сақтау мен өткізудің барлық с атысында оның сапасын тұрақты бақылауда ұстасын. Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктері жиналған өнімді тиімді өткізу, оның ішінде дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа шетелдік нарықтарға да экспорт көлемін ұлғайту үшін тиісті шаралар қабылдауы керек», – деп тапсырды Олжас Бектенов.
АСТЫҚ ЭКСПОРТЫНАН – ТЕРЕҢ ӨҢДЕЛГЕН ӨНІМГЕ ДЕЙІН...
Үкімет отырысында терең өңделген өнім шығару мәселелеріне баса мән берілді. Мысал ретінде Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жүгері өңдеу, Астана қаласындағы крахмал өндірісі, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы лизин, глютен және биоэтанол шығару жобалары атап өтілді.
Премьер-министр АӨК саласын кешенді дамыту үшін мұндай жобалар санын көбейту қажет екенін атап өтті. Осыған ұқсас жобаларға инвестиция тартуға баса көңіл бөлінуі тиіс. Дәстүрлі астық экспортынан жоғары қосылған құны бар терең өңделген өнімдерді шығаруға көшкен жөн. Жалпы азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қалыптастыру қажет.
Өңір әкімдіктеріне тұрақтандыру қорларындағы жағдайға үнемі мониторинг жүргізіп, негізгі көкөніс өнімдерін қажетті көлемде жеткізу бойынша шарттардың уақытылы жасалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
АЛДАҒЫ КӨКТЕМГІ ЖҰМЫСТАРДЫ ЕРТЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАСТАЛДЫ
Үкімет отырысында Олжас Бектенов салалық министрліктер мен өңірлердің әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жасалған форвардтық келісімшартт ар аясында Азық-түлік корпорациясына бидайды уақытылы жеткізу бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Жасақталған қор кейін еліміздің ішкі сұранысын өтеуге жұмсалады. Келесі егін егу науқанына дайындықты қазірден бастау керек.
Облыс әкімдіктері 2026 жылы кемінде 2,3 миллион тонна минералды тыңайтқыш себуді қамтамасыз етулері қажет. Өнеркәсіп министрлігі егіншілерге қажетті тыңайтқыш көлемін отандық өнім өндірушілермен алдын ала пысықтап алғаны жөн. Әкімдіктер тыңайтқыштарды жеткізу үшін уақытылы шартқа отырып, қоймаларда олардың жеткілікті қорын қамтамасыз етуі тиіс.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, келесі жылдың көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары басталып кетті. Егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасы жалғасатын болады. Басымдық – жоғары рентабельді және экспортқа бағытталған дақылдарға беріледі, ал суды көп қажет ететін дақылдар көлемі қысқарады.
Келесі жылдан бастап әртараптандыру көрсеткіштерін орындауға бақылау күшейтіледі. Сондықтан өңірлер қазірден бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, егіс құрылымын алдын ала пысықтауы тиіс. Келе сі маңызды бағыт – тұқымдық материалды сапалы дайындау. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, жалпы қажеттілік 2,3 миллион тоннаны құрайды, оның 96 пайызы дайындалған. Әкімдіктерге тұқым сапасын тексеруді қазірден бастау қажет.
2026 жылы 2,3 миллион тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қажетті көлемдер бойынша келісімшарттарды уақытында жасап, қоймаларды дайындау қажет. Техниканы жаңарту да басты назарда. Келер жылғы жаңарту жоспары 8 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірге 2026 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыруды бастап кетті.
Осыған байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді барынша қамту үшін қаржыландырудың қолда бар құралдарын тиімді және ашық пайдалануды қамтамасыз ету тапсырылды. Жалпы үйлестіру Премьерминистрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.
ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ҚАБЫЛДАУ ЖӘНЕ ӨҢДЕУ ЖОСПАРЛАРЫ АЙТЫЛДЫ
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында қант қызылшасын зауыттарда қабылдау мәселесін көтерді. Премьер-министр өткен жылы осы салада мәселелер туындағанын еске салып, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің назарын қант қызылшасын қабылдау және өңдеу мәселесіне аударды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өткен жылы 25 мың гектар алқаптан 1,3 миллион тонна қант қызылшасының рекордтық өнімі жиналғанын хабарлады.
«Біз егіс алқаптарын әртараптандырдық және қант қызылшасын егуді 19 мың гектарға дейін қысқарттық. Бүгінгі таңда 43 пайызы жиналды, 363 мың тонна өнім алынды, оның 277 мың тоннасы өңдеу зауыттарына жөнелтілді. Қазір үш кәсіпорын жұмыс істейді. Меркіге 300 мың тонна, Ақсуға 300 мың тонна және Көксуға 250 мың тонна бағыттауды жоспарлап отырмыз. Шаруаларға барлық қажетті көмекті жергілікті әкімдіктер көрсетуде», – деді министр.
«Егін орағын уақытылы әрі сапалы аяқтағаны үшін диқандарымызға тағы да шынайы алғысымды айтқым келеді. Өзімізді астықпен толық қамтамасыз еттік», – деп қорытындылады сөзін Премьер-министр Олжас Бектенов.
Aq jol-Aqparat
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




