«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баспана алуға бөлінген қаржыны игере аламыз ба?

Баспана алуға бөлінген қаржыны игере аламыз ба?
Автор
Бүгінгі таңда Әулиеата өңірінде халықты баспанамен қамту мен арендалық тұрғын үй сатып алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мәселе өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатаң бақылауында. Облыс әкімі жергілікті басшылардан әркімнің босағасын аттап, біреудің үйін уақытша жалдап жүргендердің санын азайту мақсатында қолға алынған ілкімді істердің нәтижелі болуын талап етіп келеді. Осы аптада аймақ басшысының төрағалығымен кезекті рет өткен аппараттық кеңесте мемлекеттік тұрғын үй саясатын жүзеге асыруда жайбасарлыққа салынуға болмайтыны, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау бағытындағы жұмыс кемшіліксіз әрі дер кезінде атқарылуы тиістігі кеңінен сөз болды.

Басқосудың күн тәртібіндегі бірінші мәселе – тұрғын үйлерді сатып алу барысы туралы облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлінген. Жоспар бойынша 1415 пәтер сатып алу көзделсе де, бүгінгі күнге дейін небәрі 307 пәтер ғана сатып алынған.

– Қазіргі таңда тағы 284 пәтер бойынша конкурс өтіп жатыр. Қалған 824 пәтердің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Дегенмен Талас пен Сарысу аудандарында құрылыс қарқыны баяу, дайындық деңгейі 50- 60 пайыз шамасында. Бұл қаражатты толық игере алмау қаупін тудырып отыр. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар сатып алу жұмыстарын жеделдетуі қажет. Жалпы, қаңтар-қыркүйек айларында облыста 522,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 101,7 пайыздық өсімді көрсетеді, – деді Ерлан Орынбаев.

Айта кетейік, өңірде пәтерлерді сатып алу жұмыстары өте төмен деңгейде жүргізілуде. Мәселен, бір ғана Тараз қаласында жоспарланған пәтерлердің бірде-бірі сатып алынбаған. Ал мемлекет бюджет тапшылығына қарамастан, бұл бағытқа қомақты қаржы бөліп отыр. Осы ретте аймақ басшысы көне шаһардың әкімі Бақытжан Орынбековпен өзге де бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды. Өз кезегінде жауаптылар жыл соңына дейін меже 100 пайыз орындалады деп сендірді.

– Тұрғын үй мәселесін шешу – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Әсіресе жылдар бойы кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті. Бұл бағытта салғырттыққа жол беруге болмайды. Осыған байланысты аудан және қала әкімдері ұсынылатын пәтерлердің дайын болуын, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алсын. Құрылысы аяқталған нысандар бойынша пәтер сатып алу конкурстары жедел ұйымдастырылып, бөлінген қаражат толық игерілуі қажет. Барлық жұмыстар заңнама талаптарына және сәулет-құрылыс нормаларына сай жүргізілуі тиіс. Мердігер компаниялар құрылыс жұмысын сапалы атқаруы керек. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу жұмыстары 10 желтоқсанға дейін толық аяқталуы қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сондай-ақ жиында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады. Спикер өз сөзінде 2021-2025 жылдары аралығында 814,6 гектар аумаққа 12 түрлі 970 мың ағаш отырғызу бойынша «Жасыл белдеу» өңірлік жоспары бекітілгенін, өткен жылға дейін 636 гектар аумаққа 12 түрлі 775 мың ағаш отырғызылғанын жеткізді.

«Биылдан бастап энергетика басқармасы тарапынан «Жасыл белдеу құру» жоспарына бақылау жүргізілуде. Осы жылы бұл жұмыстарға 305,6 миллион теңге қарастырып, 178,6 гектар аумаққа 195 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Аталған ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарының сметасында 1 жылдық күтіп ұстау, суғару жүйесін жүргізу жұмыстары қаралған. Сондайақ қажеттілікке байланысты қоршау орнату туралы Тараз қаласы және аудан әкімдіктеріне тапсырма берілген болатын. Тараз қаласы мен ауылдық округтердің маңайына жасыл желектерді орналастырудың карта-схемалары әзірленді», – деді Ғалым Исабайұлы.

Басқосу соңында облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің «Жасыл белдеу» құруда атқарған жұмысына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар