«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдық жолшының еңбегі лайықты бағаланды

Жамбылдық жолшының еңбегі лайықты бағаланды
Автор
Қазіргі таңда «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жамбыл облыстық филиалында 20-ға жуық адам еңбек етуде. Ал берекесі мол ұжымды жас та болса, іскер азамат Телеужан Ержан басқарады. Көлік қызметкерлері күні қарсаңында аталған филиалдың қызметкерлері де құрметке бөленді. Бұл күні өңірлік филиалдың бірінші санатты инженері Жұмахан Шәкірбаев «Құрметті жолшы» атағын иемденді.

Жалпы, осы саладағы кәсіби жолын инженер-зертханашы болып бастаған Жұмахан Айтжанұлы нағыз еңбек адамы. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі студенттердің аяқ алысын жіті бақылап, олардың келешекте кең қанат жаюына жағдай жасауды місе тұтқан жергілікті басшылардың көзіне дер кезінде түскен ол Тараз қаласының тумасы. Кейіпкеріміз облыс орталығындағы мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың есімін иеленген №14 қазақ орта мектебін сәтті тәмамдаған соң, жоғарыда атауы жазылған іргелі оқу орнының «Автомобиль жолдары және аэродрондар құрылысы» мамандығына оқуға қабылданады.

Талапты жігіт жоғары оқу орнында білім ала жүріп, тұрақты жұмысқа да орналасып үлгереді. Ал оның ең үлкен табысы – кейбір замандастары секілді ата-анасына салмақ салмай, өз жолын адаспай таба білуінде дер едік. Өз ісіне адал, іскер әрі жауапкершіліктен жалтармайтын жігерлі жігіттің алғашқы қадамы сол кездегі мекеме басшылығының да көңілінен шыққаны рас. Сонау Атыраудан арқа төсіндегі бас қала – Астанаға дейін іссапар жасаған оған кейінірек «Кадрстрой» мекемесінде қызмет етуге жол ашылады. Мұнда табаны күректей 5 жыл жемісті жұмыс істеген Жұмахан Айтжанұлы абыройдан да кенде болған жоқ. Ол жол салу кезінде жіберілген қателіктерге дер шағында сын айтып, олқылықтың орнын толтыруға күш салар еді.

Құрылыс магистрі деген атаққа ие жігіт ағасы жол саласындағы қызмет еткен осынау жылдар ішінде талай жердің топырағын басып, талай елдің дәмін татқан майталман маманға айналды. Бүгінде өн бойындағы тәжірибесінің күн өткен сайын толысуы – ізденімпаздығынан болса керек. Ол әрбір іссапарында қара жолдың қадірін кетірмей, керісінше, саладағы кемшіліктерді нақты дәлелдермен баяндаудың өзіндік үлгісін қалыптастырып үлгерді. Рас, білікті маманға деген сұраныстың көп болуы – заманға сай заңды құбылыс. Бірер жыл бұрын «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалына материалдар бойынша инженер болып жұмысқа орналасқан Жұмахан өз әріптестерін шексіз оптимиздігімен баурап алған.

Әр істің иінін тауып мың құбылтатын Жәкең қазіргі таңда төрт бірдей ханшайымның әкесі. Тұшымды пікірі жол саласын жаңғыртуға бастайтын оның дәйекті дәлелдері мен тиянақты тұжырымдары өзгелерге қашанда үлгі. Оған оның әр жылдары қол жеткізген Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті төрағаларының қолы қойылған Алғыс хаттары нақты дәлел.

Ұқсас жаңалықтар