Бүгінде ауданда газдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевтың айтуынша, жалпы аудан бойынша 49 елді мекеннің 44-і табиғи газбен қамтылған.
Аудан бойынша 49 елді мекен 10134 аула болса, оның ішінде 44 елді мекенде 9638 ауланың аумағына газ тартылған. Ал бүгінгі күнге нақты 9197 аула газ тұтынып отыр. Яғни бұл газ игілігін көріп отырған халықтың 90 пайызын құрайды. Биыл Қошқарата ауылындағы газ құбырының құрылыс жұмыстарын аяқтап, тапсыру жоспарланған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру», – деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты көгілдір отынмен қамту. Жалпы, елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарайда өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Қазіргі таңда аудан тұрғындардың 97,1 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Оның көлемін ұлғайту жұмыстары да өңірде жалғасын табуда, – дейді бөлім басшысы.
Биыл жыл басында Қошқарата ауылындағы газ желісінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы, Қошқарата ауылына кварталішілік газ кіргізу құрылыс жұмыстарын жүргізуге 110 миллион теңге бөлінген болатын. Нәтижесінде аудан бойынша жыл соңына табиғи газбен қамтылу үлесі 45 елді мекенге жетіп, тұрғындардың көгілдір отынмен қамтылуы 97,1 пайызды құрады. Сондай-ақ биыл табиғи газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округіндегі 4 елді мекенге 307 824,4 мың теңге қаралған. Атап айтқанда, Қарабастау, Абдықадыр, Жылыбұлақ пен Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта магистралды газ тарту желілеріне мемлекеттік сараптамадан өткізілуде және аталған елді мекендерді алдағы жылдарда газбен қамту жоспарлануда. Осылайша аудандағы елді мекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамту көзделуде.
– Бүгінде экологиялық мәселелер өте маңызды екені белгілі. Мысалы, газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Мұның өзі ауданның экологиясына қандай үлес қосатынын өздеріңіз-ақ бағамдай беріңіздер. Шындығына келсек, соңғы жылдары климаттың күрт өзгергенін байқауға болады. Оның себебі табиғатқа антропогендік жағдайлар әсер етіп жатыр. Табиғи газ – бұл көмір сутектерден тұратын ең экологиялық таза отын. Ал Қазақстанды газдандыру жұмыстары, соның ішінде жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге де оң септігін тигізбек. Сондықтан Президенттің бастамалары біз үшін тікелей көрсеткіш қана емес, сонымен бірге ондаған жылдарға арналған жаһандық жоспар. Жалпы, газдандыру жұмыстары ауданда кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, Президент тапсырғандай алдағы жылдарда толық аяқтау жоспарлануда. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары аудан билігінің тұрақты бақылауына алынған, – дейді бөлім басшысы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




