Адамның шаруашылық іс-әрекетінің қауырт дамуы, айналадағы ортаға үдемелі, көбіне бүлдірушілік сипатта әсер етуде. Оның табиғатқа әсері мыңдаған жылдар бойында қалыптасқан табиғи жүйелерді өзгерту, сондай-ақ топырақты, су көздерін, ауаны ластау арқылы жүзеге асуда. Бұл табиғат ахуалының күрт төмендеуіне әкеліп соқты, көп жағдайларда орны толмас зардаптар қалдырды.
Жер бетінде экология тақырыбы толғандырмайтын бірде-бір мемлекет жоқ. Адамзат баласына ортақ осы бір мәселенің ең сүбелі бір бөлігін су шаруашылығы құрайды. Мәселен, елімізде 2030 жылға дейін су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы бекітілгендігі сондай-ақ 2028 жылға дейін су саласын дамытудың кешенді жоспары және 2026 жылға дейін су үнемдеу жөніндегі Жол картасы әзірленгендігі сөзіміздің дәлелі бола алады.
Өткен жыл Қазақстанның су секторын реформалау мен дамытудағы маңызды кезең болды. Үкімет сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жедел жаңғыртуға бағытталған жұмысты қолға алды. Маңызды міндеттерге жаңа су қоймаларын салу, жұмыс істеп тұрған объектілерді реконструкциялау, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу жатады. Су ресурстарын басқару саласындағы реформаларды іске асыруды жалғастыру, су үнемдеу арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру сондай-ақ су секторы үшін ғылыми базаны кеңейту және мамандар даярлау маңызды жаңалық болды.
Елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты суаруды қамтамасыз ететін су қоймаларын, бөгеттер мен каналдарды қосқанда 13 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстар бар. Өткен жылы еліміздің оңтүстік аймақтарындағы суармалы жерлерге 10,9 куб су жіберілді, ол суармалы егістікке арналған су қабылдаудың жалпы көлемінің 97 пайызын құрайды. Талас және Шу өзендері бойынша көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды, бұл сумен жабдықтау және суару бойынша іске асырылып жатқан іс-шаралардың тиімділігінің айғағы саналады. Табиғи ортаны бүлдіріп және табиғат байлықтарын аяусыз игеру арқылы қоғамның тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес.
Экономикалық мүдде экологиядан басым түсіп жатқан жағдайда аймақтың минералдық шикізат қорларын жеделдете игеру облысымыздың экологиялық ахуалына кері әсерін тигізбей қоймайды. Облыс бойынша тұрақты зерттеу мәліметтеріне қарағанда мекемелерден шығарылатын ластағыш заттардың көлемі облыс бойынша химия өндірісі, жылу энергетика саласы мен кен байыту өнеркәсібіне, коммуналдық шаруашылықтарға және басқа да кәсіпорындарға тиесілі. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының облысымыздағы су жүйелерін қалпына келтіру және дамыту туралы берген анықтамасына сүйенсек, облыстың ауыл шаруашылығы мен ирригациялық қажеттіліктері үшін су ресурстары стратегиялық маңызға ие. Алайда өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымының ескіруі, су қоймалары мен каналдардың тозуы сондай-ақ суармалы судың 85 пайызы Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасуы облыстың су қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп отыр.
Бұл жағдай әсіресе, вегетациялық кезеңде күрделене түседі. Қырғыз Республикасымен арадағы су бөлісуге қатысты келісімдердің орындалуына тәуелділік суармалы жерлердің өнімділігіне және ауыл шаруашылығының тұрақтылығына кері әсерін тигізуде. Аталған мәселелерді жүйелі шешу мақсатында 2019 жылдан бастап облыста халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен ауқымды жұмыстар қолға алына бастады. Атап айтқанда, Еуропа қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің несиесі арқылы Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Шу аудандарында жалпы құны 36,3 миллиард теңгені құрайтын 2 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күнге дейін оның 26,9 миллиард теңгесі игеріліп, 608 шақырым ұзындықты құрайтын су шаруашылығы нысандары қалпына келтірілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 47,5 мың гектар жердің сумен қамтылу деңгейі жақсарды. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап Ислам даму банкінің қаржыландыруымен 76 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 2028 жылға дейін облыс аумағында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 11 жаңа су қоймасының құрылысын жүргізу және қолданыстағы 3 су қоймасын қайта жаңғырту көзделген.
– Қайта жаңғыртылатын су қоймаларына Қордай ауданындағы «Қарақоныз», Сарысу ауданындағы «Ынталы» және Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймалары жатады. Аталған нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Қайта жаңғырту жұмыстары 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады, – дейді мамандар.
Жаңа 11 су қоймасының біреуінің құрылысы қазірдің өзінде басталған. Атап айтқанда, Меркі ауданында 2023 жылдан бері «Аңдас-3» су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта жобаның 40 пайызы орындалып, 1 миллиард теңге игерілді. Сонымен қатар «Ақмола» (Талас өзені) және «Қалғұты» (Қалғұты өзені) су қоймаларына қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Бұл нысандарды Ислам даму банкінің несиесі есебінен салу жоспарлануда. Қалған 8 су қоймасына Ырғайты, Қарақыстақ, Сұлутөр, Көкдөнен, Мақпал, Шөнгер, Молалы және Қызылсайға қатысты жобалық құжаттар әзірлену үстінде.
Аталған жұмыстар толығымен іске асқан жағдайда облыстағы су шаруашылығы инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарып, 65 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтылу деңгейі артады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Экологияға қатысты мәселенің екінші бір бөлігін орман қорының сақталуы құрайды. Орман қоры дегеніміз – мемлекет аумағындағы барлық ормандар мен орман шаруашылығы қажетіне арналған жерлер. Орман қоры меншік түрі мен пайдаланушысына орай мемлекеттік және жекеше болып бөлінеді.
Мемлекеттік орман қорына ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы ормандар, табиғи және қолдан өсірілген ормандар, орман шаруашылығы қажетіне берілген ормансыз жерлер, халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір, автомобиль жолдары, канал, магистралдық және басқа да желілік құрылыстардың белдеуіндегі ені 10 метрден кем емес, алаңы 0,05 гектардан үлкен қорғаныш екпелері жатады. Жекеше орман қорына орман өсіру үшін нысаналы мақсатта жеке және мемлекеттік заңды тұлғаларға жеке меншікке немесе ұзақ мерзімді пайдалануға берілген жерлердегі солардың қаражатына жасалынған ені 10 метрден және одан кеңірек алаңы 0,05 гектардан астам қолдан өсірілген ормандар, агромелиорация және арнаулы плантация екпелер жатады. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 4 миллион 425 мың гектарды құрайды.
Мемлекеттік орман қорының жерлері облыстың жалпы аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш егу тапсырмасы аясында Экология және табиғи ресурстар министірлігі және облыс әкімдігі арасында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы кешенді жоспар бекітілген. Осы кешенді жоспар бойынша облыс аумағында 2025 жылға дейін 140,8 миллион ағаш егілуі тиіс. «Жамбыл облысының 2021-2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарына» сәйкес, 2027 жылға дейін облыстың орман қоры аумағында 140,8 миллион дана ағаш отырғызу жоспарлануда. 2021-2024 жылдары 49,9 мың гектар алқапқа 94,8 миллион дана ағаш отырғызылып, орман молайту жоспары толығымен орындалды. Мысалы, 2021 жылы – 10,6, 2022 жылы – 24,6, 2023 жылы – 31,5, 2024 жылы – 28,1 миллион дана ағаш отырғызылған. Басқарма басшысының айтуынша, 2025 жылы кешенді жоспарға сәйкес 8,9 мың гектар алқапқа 16,1 миллион дана көшет отырғызу көзделген. Биылғы жоспар бойынша көктемде 3198 гектар алқапқа 9,4 миллион дана көшет егілсе, күзде 5750 гектар алқапқа 6,3 миллион дана тұқым себу арқылы орман екпелерін құру жоспарланып отыр.
2021-2024 жылдар аралығында облыс аумағында жүргізілген ормандарды молайту, қорғау мен күзету жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік орман қорының 42,8 мың гектар алқабы орманмен көмкерілген жерлерге ауыстырылыпты. Оның ішінде табиғи түрде өскен екпелер 23,2 мың гектар. Жыл сайын кешенді жоспарға сәйкес тұрақты орман тұқым учаскелерінен орман тұқымдары жиналып, 160 гектар алқаптағы уақытша тұқымбақтарда қажетті көшет материалдары өсірілуде. Орман қорын молайту ең алдымен өзімізге керек. Өйткені бүгін жерге егілген әрбір ағаш ертеңгі күні таза ауаның кепілі болмақшы.
Қоршаған ортамыздың жаратылыс иелеріне қолайлылығын арттырмақшы. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі ең лас қалалар мен экологиялық апатты аймақтар көшін Алматы мен Өскемен шаһарлары бастап тұр. Кейінгі жылдарда қоршаған ортаны зиянды заттармен, техногенді қалдықтармен ластайтын кәсіпорындардың «қара тізімі» де жасалды. Мәселен, Батыс Қазақстандағы мұнай-газ, конденсат кен орындары, Өскемен қаласындағы қорғасын-мырыш комбинаты мен титан-магний комбинаты, Лениногор полиметалл комбинаты, Зыряновск полиметалл комбинаты, Жамбыл облысындағы суперфосфат және Жамбыл фосфор зауыттары, Балқаш тау-кен комбинаты, Жезқазған тау-кен комбинаты, Павлодар алюминий зауыты, Ақтөбе хром қосылыстары мен химия зауыты, Екібастұз энергетикалық кешені, Қарағанды металлургия зауыты, «Фосфор» Шымкент өндірістік бірлестігі және Шымкент қорғасын зауыты экологияға залал келтіріп отырғаны жасырын емес.
– Бұл өндіріс кешендерінің қазіргі табиғатқа тигізіп отырған залалдары көп. Алайда олардың экологияға келтіретін залалын азайтуға құлықты болсақ, онда оны жақсартуымызға болады. Бұл үшін өндіріс ошақтарының есебінен экологияны сақтауға арнайы міндеттемелер жүктелуі тиіс, – дейді мамандар.
Сондықтан, өзіміз өмір сүріп отырған ортаны қорғау – тек тиісті мекемелердің немесе құзырлы орындардың ғана емес, баршамыздың міндетіміз. Ең болмаса әр адам жылына бір ағаш ексе, өзі жұтып отырған ауаны тазартуға, қоршаған ортаны қорғауға қанша пайда тигізер еді. Дегенмен экологиялық ахуалды сауықтыру бағытында елімізде де, облысымызда да атқарылып жатқан ісшаралар аз емес. Ел ішінде ғылыми- техникалық, экономикалық даму мен өндірістік өрлеуде экологиялық білім мен тәрбиені нығайту – болашақ жас ұрпақтың өмір сүріп отырған ортасына жанашырлықпен қарауына жөн сілтейтіні анық.
Қорыта айтқанда, ортақ үйіміз саналатын жер шарындағы су ресурстарын тиімді пайдаланып, оның жасыл белбеуін білдіретін орман қорын сақтап қалу бәріміздің де арқамызға артылған аманат. Сөзіміздің соңында бүгінгі экология туралы толғаныстарымыз ертеңгі күні орын алып қалуы мүмкін экологиялық проблемаларымыздың алдын алуы тиіс дегіміз келеді.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




