«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Несие мен нәтиже: Ел кәсіпкерлеріне жасалып жатқан мүмкіндік мол

Несие мен нәтиже: Ел кәсіпкерлеріне жасалып жатқан мүмкіндік мол
Автор
Бүгінгі күні мемлекет тарапынан субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады», – деген болатын.

Президент айтқандай, мемлекет ірі және орта бизнесті де дамытуға мүдделі. Бұл арада отандық және шетелдік инвесторлардың ел бизнесіне салып отырған көмегі зор. Жалпы, облыста өңір экономикасында биыл өнеркәсіп өндірісінің үлесі едәуір артып отыр. Аймақта 891 кәсіпорын жұмыс істесе, өңдеу өнеркәсібінде 46 мың адам еңбек етуде. Ал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбайевтың айтуынша, ауданда 6500 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 2-уі орта, 203-і шағын, ал 2600-і жеке кәсіпкерлік. Қалғаны ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істеп жатқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтар. Жалпы кәсіпкерлік нысандар 700-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында шетелдік және отандық инвесторларды тарта отырып, өңірдің әлеуметтікэкономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын. Президент тапсырған міндеттер облысымызда жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып, байланыстырып отыр. Президентіміз: «Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды. Мұндай кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге түсуге де қабілетті. Қазір шетелдік бизнестің Қазақстанда өз өкілдігін ашып жатқаны да көңіл қуантады. Бұл жағдай отандық нарыққа халықаралық сипат беруге, әділ бәсекені күшейтуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді», деп санайтынын айтқан болатын. Президент тапсырғандай, облысқа жаңа инвесторларды тарту мақсатында отандық және шетелдік кәсіпкерлермен 110 кездесу өткізіліп, 18 келісімшартқа қол қойылды. Нәтижесінде, 2024- 2028 жылдар аралығында жалпы құны – 3,3 миллиард теңгені құрайтын 80 жоба әзірленді. Бұл жобалар іске асырылған кезде 6 мың жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде, – дейді бөлім басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы және биылғы Жолдауында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру жұмыстарын көтеріп, жүйелі тапсырмалар берген болатын. Президенттің осы тапсырмасы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да жоспарлы жүзеге асырылып, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 500-ге тарта адам жолданса, оның 200-ге жуығы қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашқан. Олардың қатарында аудан азаматтары да бар.

Шағын және орта бизнесте ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де мемлекеттің қаржылық қолдауларынан тыс қалып отырған жоқ. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 26,9 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам шаруашылыққа субсидия төленген. Сондай-ақ қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1594 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие үлестірілген. Биыл да бұл қолдау жалғасып келеді.

– Мемлекет басшысы Үкімет пен барлық мемлекеттік органдарға бизнеске дұрыс көңіл бөліп, олармен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді қатаң тапсырды. Бұл тапсырмалар біздің тараптан жауапкершілікпен орындалуда. Мәселен, өңірімізде «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге қарастырылып, 13 жоба қаржыландырылды. Ал 2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 8 мыңға жуық жоба несиелендірілді. Сонымен қатар сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау және жанар-жағармай заттарын сатып алу үшін кооперативтерге 946,9 миллион теңге айналым қаражаты берілді. Ал жоба ауданда іске асырылған сәттен бастап онда жобаға 6 ауылдық округ енгізілген. Оған барлығы 3263 аула қатысқан. Бүгінгі күні бұл ауданда мүйізді ірі қара саны 124 пайызға, жылқы 130 пайызға, қой-ешкі 112 пайызға өскен. Алты ауылдық округте 813 жеке кәсіпкерлік ашылып, алты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 1130 жұмыс орны ашылған. Мұның барлығы Президент Жолдауында тапсырғандай, ел халқының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін және агроқұрылымдарға салынған инвестициялық жобаларды дамытуға бағытталған. Биыл да «Ауыл аманаты» жобасына аудан тұрғындары қатысуда, – дейді Төлебек Құлекеев.

Қорыта айтқанда, кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндік мол. Кәсіпкерлерге қысым жасауға тыйым салынған. Басты талап – кәсіпкерлер заң аясында жұмыс істеуі тиіс.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар