Мал қыстату – төрт түлікті қыстан қысылмай алып шығу ғана емес, төл мен мол өнім алудың да маңызды науқаны. Қыс – қатал сыншы десек, алдағы жауапты кезеңге барлығы сақадай-сай болып, жем-шөп қоры жеткілікті дайындалып, қора-жайлар жөндеуден өткізілгені жақсы. Мал қыстату науқанының тағдырын негізінен жем-шөп қорының жағдайы шешеді. Осыған орай маңызды маусымға байланысты өңіріміздің дайындығы қандай екендігін білу мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қайырылған болатынбыз.
Сала мамандарының мәліметінше, облыстағы барлық санаттағы шаруашылықтардың 2025-2026 жылдардағы мал қыстату кезеңіне жем-шөп теңгерімінің есебі әзірленген. Жем-шөп теңгеріміне сәйкес биыл қыстауға түсетін мал санына қарай барлық санаттағы шаруашылықтарға 2,1 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 88 мың тонна сүрлем, 470 мың тонна сабан және 353 мың тонна құнарлы жем қажет етіледі.
Мал азығын дайындау барысында 312,9 мың гектар алқап шабылыпты. Оның ішінде 178,5 мың гектары көпжылдық, 3,7 мың гектары бір жылдық шөп егістік алқаптары, ал 129,5 мың гектары табиғи шабындық алқабы болса, 1,6 мың гектары сүрлемдік жүгері алқабы.
– Бүгінгі күнге дейін 2153,1 мың тонна пішен дайындалып, белгіленген жоспар 100,3 пайызға, 118,4 тонна пішендеме дайындалып, жоспар 114,6 пайызға, 91 мың тонна сүрлем бастырылып, жоспар 103,5 пайызға және 476,3 мың тонна сабан орылып, жоспар 101,3 пайызға орындалып отыр. Бұдан бөлек 269 мың тонна дәнді дақылдар мал азығына бөлініп қойылды, – дейді мамандар.
Қыс мезгілінде жаз бойы өрістетіліп жайылған малдың жылы қораға жайғастырылмақтығы маңызды болмақ. Басқарманың берген мәліметіне сәйкес, аудандарда барлығы 5862 мал қыстату орындары бар, оның 1020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм аймағында жайғасқан. Аудан әкімдіктерінің басқармаға берген соңғы ақпараты бойынша қыстаулардағы малшыларға арналған 5564 тұрғын үй, 2 184 қашар, 936 баз толық жөндеуден өткізіліп, қыс мезгіліне алдын ала дайындатылған.
Мал қыстатуға дайындық шараларына сәйкес мал азығын сатып алу, жұмысшыларға жалақы төлеу, жем дайындауға арналған құралжабдықтарды жаңарту және басқа да маңызды маусымдық жұмыстарды орындау үшін асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы арқылы шаруаларға 4,2 миллиард теңге субсидия төленіпті. Мамандардың айтуынша, қыстату маусымы барысында қауіпті індеттердің алдын алу басты міндеттердің бірі.
Осыған байланысты облыстық ветеринария басқармасының ақпаратына сүйенсек, ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау және оларға диагностикалық зерттеулер жасау мақсатында жоспарланған іс-шаралар өз деңгейінде жүргізілуде. Қазіргі таңда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынысымен барлық аудандарда аудан әкімдерінің басшылығымен мал қыстату маусымын өткізу бойынша жедел штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Құрылған штаб маусым барысында туындауы мүмкін болған мәселелерді шұғыл түрде шешуге, қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың резервтерін, мысалы техникасын сондайақ басқа да ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Облыстағы барлық санаттағы агроқұрылымдардарда қыс мезгіліне пайдалануға 1347 трактор, 758 автомашина дайындалды. Сондайақ аудан әкімдіктері мен арнайы техникасы бар ірі кәсіпорындар арасында қажетті жағдайда техника бөлу туралы меморандумдар қабылданып отыр. Мал қыстату науқаны тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Оның шығынсыз өтуі келер жылғы мол өнімнің кепілі. Сондықтан мал қыстатуды ұйымшылдықпен өткізу үшін барлық кешенді шаралар атқарылуда. Мал қыстату ісінің барысы бойынша әр аптада аудандардан шұғыл ақпараттар жинақталып, қажетті шаралар қабылдануда.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




