Дүйсенбек Елеусінұлы жастайынан техникаға жақын болды. Сол қызығушылықпен кәсіптік училищені жақсы үлгеріммен бітіріп, тракторшы атанды. 21 жасында еңбекке араласқан жас жігіт табаны күректей 5 жыл тракторшы болып тер төкті. Саудакенттің сары даласында, қыстау, күздеу, жайлауларда, егіс алқаптарында ізі қалды. Еңбекқор азамат тракторын бір рет те тоқтатпай, көзге түсті.
– Ол кездің өз талабы бар болатын. Әр кеңшардың механизаторларына бөлінген ауқымды жұмыс бар. Трактордың күші шаруашылықтың барлық саласына керек екені белгілі. Жаздың аптап ыстығында, қыстың ызғары мен боранында алып техниканы жүргізу де жеңіл емес. Сол қиын талаптың үдесінен шығып, жауапкершілікті сезіндік, – дейді Дүйсенбек Елеусінұлы.
Техникасын бір тоқтатпаған Дүйсенбектің ұйымдастыру ісіне де бейімі байқалады. Кеңшар директоры тракторшылар бригадасына бригадир етіп тағайындағалы жүргенде ойламаған жерден ауылындағы Жаңаталап орта мектебінен де жақсы ұсыныс түседі. Ол ұсыныс – директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары, шаруашылық меңгерушісі болу.
Осылайша ол мектепке ауысты. Білім ордасының шаруашылық жұмыстарын басқаруға да үйреніп алады. Қанша директор ауысса да, барлығымен түсінісіп, еңбек етті. Жұмысына қарай құрметке бөленді. Осы жылдары Құлан ауыл шаруашылығы колледжін сырттай оқып, бітіргені де – білімге құштарлығы. Кейінгі жылдары мектепте еңбек және технология пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиеледі. Оларға еңбектің маңызды екенін әр сабақта ұғындырды.
Аталған білім ордасында 2019 жылға дейін еңбек етіп, зейнетке шықты. Дүйсенбек ақсақал зейнетке шыққан соң да қарап отырған жоқ. 2019 жылдан бері Жаңаталап ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Оның төрағалық жұмысы да ауылдың барша қарттары мен тұрғындарының көңілінен шығып келеді. Ол өзі тұратын ауылдағы бірнеше көшенің асфальтталуына, көше жарықтарының қойылуына тікелей әсер етті. Әр көше тұрғындарымен сөйлесе жүріп, аудан әкімі мен облыстан келген жауапты кісілердің алдында мәселе көтерді.
Өзі жұмыс істеген Жаңаталап орта мектебінің мәжіліс залы мен асханасы туралы мәселе көтеріп, облыс әкімдігіне дейін хат жазды. Елдің мәселесін еститін құлаққа жеткізді. Нәтижесінде, оң шешімін тапты. Дүйсенбек Елеусінұлы биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Ол туралы ауылдастары мен барлық замандастары тек жылы сөз, жақсы пікір айтады. Алған марапаттары да аз емес.
Атап айтқанда Сарысу ауданы әкімінің, Сарысу аудандық білім бөлім басшысының және облыстық Кәсіподақ комитеті төрағасының Құрмет грамотасына ие болған. Еңбек майталманының төсінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл, Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін, Сарысу ауданының – 90, Жаңатас қаласының 55 жылдығына арналған төсбелгілер жарқырайды.
Кейіпкеріміз Сарысу ауданының Құрметті ардагері. Дүйсенбек Елеусінұлы перзенттерін де адал еңбек етуге және ізгі қасиеттерге тәрбиеледі. Нағыз төзімділікті, еңбек сүйгіштікті, мамандығына деген шынайы құрметті оның бойынан көруге болады.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




