Тараздық жас азамат Сүйеніштің кәсібі бір қызық. Ол әр үйге адамдардың сұранысы бойынша теледидар көретін арнайы аумақ жасайды. Заманауи тілмен айтсақ «тв зона» жасайтын шебер. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, 25 жасар Сүйеніштің қолы алтын. Он саусағы өнерге толы жан. Бүгінгі күні халық теледидар көруді қойды деп ойласақ қателесіппіз. 2024 жылдан бері сұранысқа ие болған «тв зонаны» жасатушылар көп екен. Енді бұл аумаққа не кіреді десеңіз, оған иілгіш мрамордан немесе бамбук панельден арнайы рейка жасап, жан-жағына шкафтарын қойып, талғамыңызға сай етіп жасап береді. Декорын, интерерін өзіңіз таңдайсыз. Бағасы аса қымбат емес. 200 мыңның үстінде.
Шебердің бұл істі кәсіп қылғанына екі жылдай болыпты. Қазақстанның әр қаласына да барып жасап бере алады. Тек тапсырысты бір апта бұрын беру қажетсіз. Себебі Сүйеніш сіз таңдаған түске орай жиһазды жасап, көлеміне сай кесіп дайындайды, бояйды, әрлейді. Теледидар аумағы кәдуілгі үлкен жер үйлердің де, шағын пәтерлердің де сәнін кіргізеді. Бұрынғыдай қабырғаға теледидар іліп қою сәннен қалды. Керісінше, оның жан-жағын қоршаған аумағы болса, әдемілік көзге түседі.
– Бұл кәсіпті бастауыма әкем себепкер болды. Кішкентай күнімнен ағаштан түйін түйіп, оны жонып, түрлі қалыпқа салуды үйретті. Ол жиһаз жасау шебері. Бүгінгі күні қартайды, бейнеттің зейнетін көруде. Бірақ әлі де маған қолқабыс қылып, көмектеседі. Ақыл кеңесін аямайды. Мен осындай кәсіп бар екен, жасасам халыққа ұсынсам қайтеді деп ақылдасқанымда бірден қолдады. Аллаға шүкір, табысым жақсы. Әсіресе күн жылы уақыттарда адамдар өте көп жасатты. Бір күнде әрі кетсе үш «тв зона» жасап, орната аламыз. Себебі бұл жұмыс қажыр-қайратты, күшті талап етеді. Бір қабырғаны толық алатын жиһаздың әр бұйымын қағу, ілу, үйлестіру, тоқ жүргізу оңай шаруа емес. Уақытты алады. Кейде тіпті ас ішпестен тірлігімізді тындыра береміз. Ер адам болған соң қолыңнан шеге қағу да, әр түрлі бұйымдарды жасай да білу керекпіз. Үйдің жиһаздарын өзім жасай беремін. Электриктің де қызметін өзім атқарамын. Ер азамат «сегіз қырлы, бір сырлы» болу керек деп есептеймін. Әкем осылай тәрбиеледі. Бір «тв зонадан» 230 мың немесе 400 мың теңгедей табамыз. Бұл үй қабырғасының көлемі мен еніне байланысты. Мұның ішіне тоқ жүргізу, жарық қою, аумағымен қоса теледидарды қосу, жиһаздарын жасау, ілу барлығы кіреді. Таза еңбекпен жасалатын дүние. Көп жылға жетеді. Тапсырыс берушіге бес не жеті күннің ішінде жасап, жеткізіп, қойып беріп кетеміз, – дейді Сүйеніш Амангелдіұлы.
Жақында ғана оқуын бітірген ол тек «тв зонаны» жасап қана қоймай өзгелерге де үйретіп жүр. Яғни, курс ретінде оффлайн да, онлайн да қолынан іс келетін жігіттерге білгенін оқытады. «Шебердің қолы ортақ» демекші, шынайы ісмер адамның қолынан шыққан дүние көпшілікке ортақ. Сол секілді Сүйеніштің жасаған жиһаздары халыққа танымал. Қай үйге барсаңыз да, оның жасаған қолтаңбасы бірден көрінеді. Айтпақшы, Сүйеніш үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
– «Баланы – жастан» деген халқымыз. Үш ұлым бар. Үлкені осы – Сүйеніш. Тапсырысты өзі алады. Мен жасап көмектесемін. Бірлесіп жүріп тапсырыс берушіге апарып іліп, қойып береміз. Ұзақ уақытты алады. 4 сағаттай не одан да көп уақытымыз орнатуға кетеді. Үш ұлымды да қара жұмысқа бейім етіп тәрбиеледім. Қарап отырсаңыз, еңбексіз нан жоқ. Бал арасы жаз бойы таң атқаннан кеш батқанша бір тыным таппай, мың сан гүлдерге қонып, шырын жинайды. Тиіндер ше? Олар да балқарағайдың ұшар басынан жаңғақ жинайды. Құмырсқа екеш құмырсқа да үйлерін жөндеп, өзінен үлкен жемді сүйреп бара жатады. Еңбек – адам баласының өміріндегі ең нәрлі де құнды нәрсе. Осыны ұлдарыма ұғындыра білдім деп ойлаймын. Шүкір жаз айларында күніне миллиондап тауып жүрді. Анасының қалағанын алып береді, – дейді әкесі Амангелді Жарылқасын.
Алдағы уақытта Сүйеніш ағаштан түйін түйген қолөнердің хас шебері болуды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ түрлі гранттарға қатысып, жеңілдетілген несие алып, өз ісін өркендете түспек.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




