«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оқушы мектеп асханасынан неге тамақ ішкісі келмейді?

Оқушы мектеп асханасынан неге тамақ ішкісі келмейді?
Автор
Бүгінгі таңда елімізде оқушылардың дұрыс тамақтануы өзекті мәселеге айналды. Себебі, мектеп асханаларының жағдайы мен ас мәзірінің сапасы балалардың денсаулығына, үлгеріміне және жалпы өмір сапасына тікелей әсер етеді. Алайда ата-аналар мен сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мектептеріндегі асханалардың жағдайы көп жерде көңіл көншітпейді. Ал біздің өңірде қалай?

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, елімізде 7500-ден астам мектеп бар. Оның шамамен 65 пайызында асхана қызметі жеке кәсіпкерлерге сеніп тапсырылған. Бірақ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметіне сай, тек өткен жылы жүргізілген тексерістердің нәтижесінде мектеп асханаларының 40 пайызында түрлі заңбұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда, мектеп асханаларының 18 пайызында санитарлық талаптар сақталмаған, 12 пайызында өнімдердің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, 9 пайызында тамақтың калориясы мен мәзірі балалар жасына сай келмеген. Бұл сандардың өзі-ақ мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. Қағаз жүзінде әр мектептің ас мәзірі арнайы бекітіліп, санитарлық дәрігерлердің рұқсатымен жүзеге асырылады.

Алайда іс жүзінде ол талаптар көбіне орындалмайды. Кей мектептерде тағам салқын күйде беріледі, кейде ет пен көкөністің сапасы төмен болады. Ас мәзірінде көрсетілген тағам түрлері мен порция көлемі іс жүзінде қысқарып кететін жағдайлар да жиі кездеседі. Мысалы, республикалық әділдік және өркендеу қоғамдық бірлестігінің мүшесі Әсет Оңалбаевтың сөзіне сүйенсек, облыстағы 23 мектеп асханасында зерделеу жұмыстары жүргізілген.

Нәтижесінде, балалардан қалған тағамның үстіне ас құйып қайтадан басқа оқушыға беру, ыдысты жумай ішілген сусынның үстінен сусын құйып оқушыға ұсыну, асхана қызметкерлерінің қолғапсыз жұмыс істеуі, үстелдің үстін сүрткен сүлгімен еден сүрту сияқты фактілер анықталған. Бұл сұмдық жағдай. Ол-ол ма? Тіпті жаға ұстатар жайттарды естігенде шошисың. Одан бөлек, жарамдылық мерзімі өткен тағамдарды балаларға беру фактілері де орын алған.

 Асхана – тазалықтың мекені болуы тиіс. Бірақ өкінішке қарай, кей мектептерде санитарлық талаптар ескерілмейді. Ауыл мектептерінде ыстық су мен желдету жүйесі жоқ, ескі пештер мен тоңазытқыштар пайдаланылып келеді. Кей жағдайда ас дайындаушылар арнайы киімсіз жұмыс істейді, ал ыдыстар мен асхана жабдықтары ескірген.

Облыстық «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан бастаған комиссия мүшелері оқу жылының бірінші тоқсанында облыстағы мектептердің асханаларына зерделеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталған.

– Бірінші кезекте, мектеп оқушылары асханада берілген тамақтан гөрі сырттан тамақтануды жөн санайды. Себебі, оларға тағамның дәмі ұнамайды. Екіншіден, бірқатар асханалар санитарлық талаптарды толық сақтамайды. Бұл мәселелер туралы біз санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдадық. Осыдан кейін мектеп асханалары тазалыққа бейжай қарамайды деген ойдамыз, – дейді ол.

Азық-түлік бағасының өсуі асхана қызметіне де тікелей әсер етті. Бұрын 300- 400 теңгеге алынатын ыстық тамақ қазір 600- 800 теңгеге дейін қымбаттаған. Бұл әсіресе көпбалалы және орта табысты отбасылар үшін ауыр. Министрлік дерегінше, бүгінде 1-4-сынып оқушыларының шамамен 60 пайызы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ал 5-11-сынып оқушыларының басым бөлігі өз қаражатына тамақтанады. Соның салдарынан көптеген бала мектеп асханасына бармай, дүкеннен тез дайындалатын, құрамында консервант көп тағамдарды сатып алады.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай тамақтану балалардың асқазан-ішек ауруларының көбеюіне әкеліп соғады. 2024 жылғы статистика бойынша, елімізде 7-14 жас аралығындағы балалардың 23 пайызында ас қорыту жүйесінің бұзылыстары анықталған. Одан бөлек, қазіргі уақытта өңірдегі біраз мектептерде таңғы асқа ет асылады. Ал таңғы ас мейілінше жеңіл болуы тиіс.

Бұл сауалымызға, ұстаз Эльмира Сүйінбаева былай деп жауап берді:

– Асхана мәзіріне еттің қосылғаны дұрыс деп санаймын. Себебі, отбасылық материалдық жағдайына байланысты үйінде ет жемейтін де балалар кездеседі. Бұл құптарлық іс. Бүгінде мектеп асханаларының басым бөлігі жеке кәсіпкерлерге сеніп тапсырылған. Бұл – мемлекетке түсетін шығынды азайтқанымен, сапаны бақылау жағы әлсіреп кеткенін көрсетеді. Кәсіпкерлер арасында «үнем үшін сапасыз өнім сатып алу» тәжірибесі де бар. Кей жағдайда жеткізушілердің өнімдері тиісті температурада сақталмайды, ал бұл санитарлық нормалардың өрескел бұзылуы.

Білім беру саласының сарапшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Айгүл Мұхамеджанова бұл туралы былай дейді:

«Біздің мектеп асханаларында ең басты проблема – бақылаудың жүйесіздігі. Асхана жеке кәсіпкердің қолында болғанымен, ол – әлеуметтік нысан. Демек, оның жұмысы тек пайда емес, бала денсаулығына бағытталуы керек. Әр ай сайын қоғамдық мониторинг пен ата-аналар бақылауы енгізілсе, нәтиже өзгереді». Қазір кейбір өңірлерде мектеп асханаларына қоғамдық бақылау жүйесі енгізілуде. Мысалы, Қарағанды және Павлодар облыстарында ата-аналар комитеті ас мәзірін, санитарлық тазалықты және қызмет сапасын тұрақты түрде тексеріп отырады. Дәл осы жүйе біздің де облысқа керек. Мұндай тәжірибеде – атааналардың бақылауынан кейін ас мәзірі әртараптандырылып, балалардың тамақтану үлгісі жақсарған. Осы орайда, сарапшылар «Мектеп асханаларының ашықтығын арттыру үшін арнайы электронды бақылау жүйесін енгізу қажет» дейді.

Бұл жүйе арқылы ата-аналар онлайн түрде ас мәзірін, бағасын және жеткізуші компания туралы ақпаратты көре алады. Бала – ел болашағы. Оның денсаулығы мен зияткерлік дамуы ең алдымен дұрыс тамақтануға байланысты. Ал мектеп – сол дағдының қалыптасатын ең алғашқы ордасы.

Мектеп асханаларының сапасын арттыру үшін мынадай нақты шаралар қажет:

1. Ас мәзірін жаңарту – баланың жасына сай теңгерімді тамақ болуы тиіс;

2. Санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылау – ай сайын тексеріс жүргізу;

3. Ата-аналар мен қоғам өкілдерінің қатысуы – қоғамдық бақылауды жүйелі жолға қою;

4. Баға саясатын реттеу – мемлекет тарапынан жеңілдік пен субсидия қарастыру;

5. Асхана қызметкерлерін оқыту – тағам гигиенасы мен технологиясын жетілдіру.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Мектеп асханаларының жағдайы – елдің келешегін ойлаудың нақты көрінісі. Егер біз балаларымызға таза, пайдалы әрі дәмді тағам ұсына алмасақ, дені сау ұрпақ туралы әңгіме айту қиын. Бүгінгі мектеп асханаларындағы олқылықтарды жою – тек білім саласының емес, бүкіл қоғамның міндеті.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар