«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әр бала - ұлттың үміті, әр ұстаз - сол үміттің бағбаны

Әр бала - ұлттың үміті, әр ұстаз - сол үміттің бағбаны
Автор
Облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Оқуағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Тараз қаласындағы Оқушылар сарайында аймақтың ұстаздар қауымымен кездесіп, кеңейтілген кеңес өткізді. Алдымен министр аталған оқушылар сарайының фойесінде жергілікті білім саласында жүзеге асырылған оқушылардың ғылыми жобалары бойынша қойылған арнайы көрмемен танысты. Ал кеңестің кеңейтілген отырысы ғимараттың акт залында жалғасын тапты.

«Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі» тақырыбында ұйымдастырылған кеңес отырысына мектеп директорлары, педагог-психологтармен қатар прокуратура және полиция өкілдері қатысты. Жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, өңірдегі білім саласының мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Биыл өңірдің білім саласын дамытуға 344,3 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 білім ұясына жапсарлас соғылған ғимарат пайдалануға беру жо спарлануда. Ал 2026 жылы тағы 11 нысан балалардың игілігіне тапсырылады. Биыл 6 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы бір мектепті ашқалы отырмыз. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйке с 10 мектеп қайта жаңғыртылуда», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі аймақ мұғалімдері мен оқушыларының республика деңгейінде өткізілген олимпиадалары мен байқауларының қорытындысы бойынша алдыңғы қатарда екенін жеткізді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін арттыру биліктің де, министрліктің де бақылауында тұрған басты мәселе екенін жеткізді. Сонымен қат ар арнайы жұмыс тобы облыстың білім мекемелерінде жүргізген тексеріс нәтижесіне тоқталып, әлі де тәрбие саласында жұмысты жетілдіру керектігін ескертті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттың жаңа болмысы білімді, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, ең бастысы – адал азаматтар арқылы қалыптасады» деген болатын.

Бүгінгі білім саласының алдында – осындай жан-жақты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаны тәрбиелеу міндеті тұр. Ол үшін ұстаздар тек пән үйретуші ғана емес, адамгершіліктің шамшырағы, рухани кемелдіктің темірқазығы болуы тиіс. Тәуелсіз еліміздің ертеңі мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан әр бала – ұлттың үміті, әр ұстаз – сол үміттің бағбаны. Сондықтан да бала тәрбиесі, оқушы тәрбиесі бірінші орында.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде түрлі сипаттағы жағымсыз ақпараттар шығып, ол бала тәрбиесіне кері әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Өкінішке орай, бүгінгі күні білім саласында буллинг, суицид, әлімжеттік азаймай тұр. Кейбір жағдайлардың соңы өлімге апарып соғуда. Білім мекемесінің басшылығы кейде болған оқиғаны жасырып бағады. Дегенмен ол әлеуметтік желілерге шығып, көптің талқысына түсіп, жауыпжасырғаны елге аян болып жататыны бар. Білім саласындағы мұндай жағымсыз оқиғалар мен келеңсіздіктерді құқық қорғау органдарымен, ата-аналармен бірлесе алдын алу керек. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін уақыт жетті, – дей келіп, білім министрі салаға қатысты проблемалалық мәселелердің ара жігін ажыратып, өз баяндамасында кеңінен айтып берді.

Осыдан кейін облыстық полиция департ аментінің басшысы Қайсар Сұлтанбаев жаңа жылдан бастап кәмелетке толмағандар жөніндегі полиция инспекторларының мүмкіндігін арттырып, олар аптасына бір күн мектепте болып, мектеп басшылығымен бірге оқушылармен жұмыс істейтіндігін жеткізді. Ал ҚР Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева облыста балалардың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін арттыру бойынша жұмысты күшейту керек деген ұсыныс айтты.

Одан кейін сөз алған облыс прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Ердос Мақашев пен ҚР Парламентінің депутаты Ерболат Саурықов білім мекемелерінде әлі де педагог-психологтардың жетіспейтінін сөз етті. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов білім саласында оқу және тәрбие бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтті. Жиынға қатысушылар сөздерін мазалаған сұрақтарын қойды.

Кеңес қорытындысында өңір ұстаздарынан түскен ұсыныстар мен сұрақтарға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жауап беріп жиынды қорытындылады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар