Ол еңбек жолын 1994 жылы техникумды бітіргеннен кейін осы баспаханаға баспагер көмекшісі болып бастаған. Білімі бойынша Ерлан Керімқұлов киномеханик, бірақ Ерлан өзін басқа мамандықта елестете алмайтындығын айтады.
«Жұмысым өзіме ұнайды. Офсеттік басып шығарудың қыр-сырын толықтай меңгергенмін. Мұнда газет-журналдардан бөлек кітаптар, буклеттер басқа да жарнамалық дүниелерді басып шығарамыз. Біз бүгін немістің кәсіби офсеттік Heidelberg компаниясының құралжабдықтарымен жұмыс істеудеміз», – дейді ол.
Өз саласының майталманы атанған маман баспа машинасының ақауы болса, оны дыбысы арқылы ажырата алатын деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, Ерлан Керімқұлов бүгінде баспадан шығатын барлық өнімдердің сапалы шығуына жауапты.
– Жарнамалық өнімдер–баннерлер, стендтер, билбордтарды шығару үшін үлкен форматты басып шығарудан бастап, лазерлік және плоттермен кесуге дейінгі жұмысты өзім атқарамын. Жұмыстың ең маңызды кезеңі – «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» аудандық қоғамдық-саяси газетін басу. Менің жұмысымдағы тағы бір жауапты кезең – кітап басып шығару және түптеу. Осы жұмысты атқару барысында «Қордай» атты аудан тарихын бейнелейтін туындының жарық көруіне атсалысқаным бар. Баспахананың цехында отырып осындай аудан үшін құнды кітаптың біздің жұмыс цехымызда дайындалғанын, оны өз қолыммен жасағанымды мақтан тұтамын, – дейді ол.
Көп жылдық тәжірибесі бар Ерлан ізбасар шәкірттер де дайындады. Олардың бірнешеуі өзімен бірге жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда кәсіпорын заман талабына сай цифрлық басып шығару технологияларын белсенді түрде енгізуде. Бұл баспахананың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беруде. Дегенмен, теру машиналары – газет желілері құйылған линотиптер және ескі баспа машиналары қолданылған кезең Ерлан Керімқұловтың әлі де жадында. Ерлан Әлдибекұлы жаңа жағдайға тез бейімделуге тура келгенін жасырмайды. Баспагердің жұмысы күрделі, тек кәсіби біліктіліктің болуы жеткіліксіз – түстерді дұрыс қолданып, көлемін сезіну керек.
– Менің ең керемет сәтім – қолыма мінсіз орындалған, дәл және жоғары сапалы дайын өнімді ұстау. Осындай кезде еңбегіңнің бекер болмағанын түсінесің, – дейді ол.
Баспаханада 31 жыл еңбек еткен Ерлан Керімқұлов басқа да мамандықтарды игерді. Кәсіпорынға үлкен орамдармен келетін қағазды ағытады, кесу процесін бақылайды және өндірістің барлық сатыларына қатысады. Сонымен қатар, ол электротехниканы жақсы меңгерген және барлық полиграфиялық жабдықтарды ретке келтіре алады. Кәсіпорын басшысы Гүлжамал Иманалиева бүгінде баспа цехын басқарып отырған жұмысшысы туралы жақсы пікірде.
«Ерлан кәсіби қасиетімен қатар, баспахананың нағыз аңыз адамы. Бұл жай ғана сөздер емес. Ауданның бас баспагері Ауған соғысының ардагері», – дейді ол.
– Президентіміз биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бүгінгі күні жұмысшы мамандықтарына жақсы көңіл бөлінуде. Сонымен қатар олар қызмет етіп жүрген салаларға да айрықша назар аударылуда. Ал Ерлан Керімқұлов туралы айтсам, ол өз ісінің нағыз шебері, майталман маманы. Ол отыз жылдан астам өмірін баспаханаға арнап, кейінгі ұрпаққа таптырмас ұстаз болып келеді. Жаңа технологиялық прогресс жағдайына да бейімделіп, жұмыс істеуде. Ерлан Әлдибекұлы сынды жандар адал еңбек рухын бойына сіңіріп, өз ісінің шебері ғана емес, ондаған жылдар бойы өз кәсібін мақтанышпен алып жүретін азаматтың нақ өзі, – дейді мекеме басшысы.
Шолпан САБАНОВА
журналист.
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




