«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балалық шақта таңдаған кәсіп

Балалық шақта таңдаған кәсіп
«Шын мәнінде қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Ең бастысы әркім өз міндетін адал атқаруы керек», – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, осы бағалау биігінен ортамызда көрініп жүрген еңбек адамдары көп. Сондай талаптан шыққан жан – Т. Рысқұлов ауданы Болтай батыр атындағы орта мектебінің электригі Марат Нұрбаев.

Ол мектепті бітірісімен 1978 жылы Шымкент энергетикалық техникумына оқуға түсіп, оны «Электрик-техник» мамандығы бойынша тәмамдайды. Сөйтіп туған жерге қайта оралып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Осы салада міне, еңбек етіп келе жатқанына қырық жылдан асыпты.

«Менің бұл кәсіпті таңдауыма себепкер болған әкем. Өйткені ол ауылдың жалғыз электригі болатын. Әкемнің электр сымы бағанының басына шығып жұмыс істегеніне қызығатынмын. Қала берді электр құралдарын жөндейтіні бар еді. Сөйтіп мен де әкем Әбілсейіттің тәлімін алып, бала күнімде әке жолын қуамын деп таңдауымды жасап қойған едім», – дейді Марат Нұрбаев.

Электрик бүгінгі күні тапшы әрі қауіпті мамандық. Бұл мамандыққа жастар көп бара бермейді. Сондықтан болар бүгінгі таңда оларды алмастыратын мамандар жоқтың қасы. Жұмыс істеп жүргендердің өзі зейнет жасына жақындап, тіпті асып кеткен адамдар.

– Президентіміз Жолдауында айтқандай, біз цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Қазір электр қуатынсыз тіршілік жоқ. Бір сағатқа жарық сөніп қалса не істерімізді білмей тосырқап қаламыз. Ал электр желісінде ақау болса оны тезірек жою, қадағалап отыру менің міндетім. Өз міндетімді, жұмысымды барынша жауапкершілікпен атқаруға тырысамын, – дейді ол.

Әріптестері де, мектеп ұжымы да оның жұмысына дән риза.

«Мараттың жауапкершілігі жоғары. Өз жұмысын жақсы біледі. Электрик жай мамандық емес, табандылықты, шапшаңдық пен төзімді талап етеді. Оның үдесінен шығып, мектептің, ауылдың талабынан шығып жүрген Марат бұдан да жоғары құрметке лайықты азамат», – дейді әріптестері.

 

Шолпан САБАНОВА

журналист.

Т. Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар