Көзге аса іліне бермейтін жұмысшы мамандық иелері көп. Соның бірі білім мекемелерінде жүрген техникалық қызметкерлер. Олар да биыл Жұмысшы мамандықтары жылының жақсылығын сезініп, білім қызметкерлері кәсіподағының тарапынан ұйымдастырылатын туристік саяхаттарға шығып, Алакөл мен Ыстықкөл жағажайларында демалып, шипажайларда демалуда. Мұндай қолдау бұрын да болған, бірақ қарапайым жұмысшылар ол мүмкіндікті көп пайдалана бермейтін. Б
үгінде олар түрлі марапаттаулардан да қалыс қалмай келеді. Солардың қатарында биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен ұйымдастырылған «Өз мамандығының үздігі» республикалық байқауында топ жарған, Жамбыл ауданы Төле би атындағы орта мектептің жұмысшысы Болатбек Жақыпбеков те бар.
– Менің білім саласында қатардағы жұмысшы болып жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 11 жылдан асты. Өзім осы Төле би атындағы орта мектепте білім алдым. Балаларым да осы білім ошағында оқыды. Енді Алла қаласа немерелерімді осында оқытсам деген ниеттемін. Өзіме жұмысым ұнайды. Мұндағылар мені сыйлайды. Қолымнан бәрі келеді. Сынған оқу құралдарын, парта мен орындықтарды, есіктерезелерді жөндей беремін. Мектеп ауласының абаттандырылуына да, жеміс ағаштарының бапталуына да көмектесемін. Қажет кезде электрик те, сантехник те болып кетемін. Мен бұл жұмысты өзім қызмет істеп жүрген мекеменің жақсы болуы үшін, ауылымыздың көркеюі үшін істеп жүрмін, – дейді Жамбыл ауданындағы Төле би атындағы орта мектебінің жұмысшысы Болатбек Жақыпбеков.
Болатбек мектеп бітірген соң Жамбыл қаласындағы техникалық училищеге түсіп, жүргізуші мамандығын алып шыққан. Түрлі кеңшарларда еңбек еткен. Колхоз-совхоздар тараған соң түрлі жұмыстар атқарып, 2014 жылы мектепке жұмысшы болып орналасыпты.
«Мұнда жүріп мектеп басшылығы тарапынан ескерусіз, марапатсыз қалған кезім жоқ. Алғыс хатпен де, Құрмет грамотасымен де марапатталдым. Менің басты ұстанымым, жұмысқа жауапкершілікпен қарау», – дейді ол.
Мектеп басшылығы да Болатбек Жақыпбековтың тындырымдылығын, жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын айтты.
«Бұл кісі туралы айтқанда біз ең алдымен оның адамгершілігін жоғары бағалаймыз. Жауапкершілігі мен тындырымдылығы оның ісін көркем ете түседі. Ұжым Болатбек ағаның осы қасиеттері үшін сыйлап, құрметтейді», – дейді Төле би атындағы орта мектебінің директоры Жандос Әжібаев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




