Елдің бәрі креслода отырып бастық, министр, депутат болса, жұмысты кім істемек? Жұмыс деген ең әуелі баршамызға қажет. Еңкейіп жерден бір нәрсені көтерсең де – жұмыс. Декретте отырған ананың әр күні күйбең тіршілік. Біздің клавиатурада сартылдатып жазу жазғанымыздың өзі жұмыс. Тек қана көше сыпырып, еден жуғанды ғана жұмысқа санамау керек. Әрбіріміздің еңбегіміз адал. Яғни мұның бәрі – адал еңбек.
Биылғы 2025 жылды Президентіміз Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осы мақсатта өз ісіне адал қарапайым жұмысшыларды іздеп таптық. Олармен арнайы сөйлесіп, сұхбаттастық. Такси жүргізушісі Айнұр Нұридиновамен жақында ғана таныстым. Қалаған жағымызға ертерек жеткізетін такси қызметі керек болғанда жолай танысқан едік. Әйел адамның көлік жүргізуі ешкімге таңсық болмаса да, отбасын осы кәсіппен асырап отырғаны мені қызықтырды.
– Мен өзім жұмыс жоқ деген сөзге сенбеймін. Қол-аяғы балғадай ер-азаматтар кейде шалқадан түсіп, жұмыс жоқ деп жатады. Құдайға шүкір, елімізде жұмыс көп. «Яндекс такси» деген халыққа өте керемет мүмкіндік ұсынуда. Өз көлігің болса да, болмаса да сол компаниядан көлікті жалға алып адам тасымалдауға болады. Осы көлікпен құйғытып жүргеніме 16 жыл болыпты. Оның 9 жылы трассада өтті. Бішкек, Астана, Алматыға адам тасымалдадым. Жұбайым бар. 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмыз. Балалар өскен соң қалааралық таксилетуді қойдым. Бес жыл болды осы яндекс такси арқылы күнелтіп жүрмін. Жоқ дегенде күніне он мың теңге тауып қайтамын. Осы такси қызметінің арқасында үйлі болдық. Тараздан жер үй сатып алдық. Әрине, жұрт мені сөгуі мүмкін. «Күйеуі жоқ па? Неге таксилетіп жүр?» деп. Ақша тапқанның несі айып? Күйеуім «Құлагер» деген жеке компанияда ағаш жонатын аппарат шығарады. Айлығы – 150 мың. Отбасымызға бұл ақша жетпейді. Сол себепті күйеуіме қолқабыс болайын деп жұмыс істеймін. Бұл шешіміме ешуақытта өкінген емеспін. Отбасымды сақтап, балаларымның керек-жарағын алып отырмын. Еңбегімді адалынан атқарамын, – дейді Айнұр Хамитқызы.
Айнұрдың көлікті мәнерлеп жүргізуі ұнады. Ауытқымай, шайқамай, лезде жеткізді. Үйге жеткенше әңгімелесіп, сұрағымды қойып алдым. Жүзі күлімсіреген жан жұмысына дән риза. Қысы-жазы бір тынбайтын қала тазалықшыларының орны бір бөлек. Осы себепті жауапты, өз ісіне тиянақты жас жұмысшы іздеп «Жасыл ел Тараз» мекемесіне хабарластым. Мекеме басшысының орынбасары Айдын Бейсеков кезекші бригаданың ішінен ісіне тиянақты, көп сөзге жоқ, біртоға азаматты айтты.
Көше сыпырушы – қала тазалығын қамтамасыз ететін ең маңызды мамандықтардың бірі. Олар ерте таңнан бастап, қолдарына сыпырғыш алып, көшелердің, саябақтардың, аулалардың тазалығын сақтайды. Күнделікті еңбектің арқасында біздің қаламыз таза әрі көрікті болып тұрады. Бақыт Құрманбеков – қарапайым көше сыпырушы. Таң атқаннан кеш батқанша қыста қар күреп, арық-атызды мұнтаздай етіп, қаланы қоқыстан тазартады. Ешуақытта өзінің еңбегіне арланған емес. Нанын адалынан табуда.
– Кезекші бригадада 6 жұмысшы бар. Екі жұмысшы, бір тракторшы ертемен таңғы сағат 4-тен бастап жұмыс істейміз. Көшеге үйілген күл-қоқыстарды тазартамыз, арықтарды да елдер ластап кетеді. Оны да шабу, тазарту – міндетіміз. Аялдамалардағы қоқыстарды, үйден шыққан күлқоқыстарды тасып, тазалаймыз. Таза көше – қала мәдениетінің айнасы. Көше сыпырушылардың еңбегінің арқасында қаланың сәні мен әдемілігі сақталады. Көше сыпырушы болу оңай жұмыс емес. Біз жаңбырда, қарда, аязда да жұмыс істейміз. Әсіресе күз бен қыс мезгілдерінде жұмыс қиындай түседі, себебі жапырақтарды жинау, қар тазалау сияқты қосымша жұмыс қосылады. Ер жігіт болғандықтан ауыр жұмыстан қашпаймын, – дейді Бақыт Айтбайұлы.
Көше сыпырушының еңбегін бағалау – әрқайсымызға парыз. Олар біздің қаламыздың тазалығы мен әдемілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға да үлес қосады. Сондықтан олардың еңбегіне құрметпен қарап, өзіміз де тазалықты сақтауымыз қажет. Жұмысшы – сұранысы жоғары мамандық. Сондықтан да еліміздегі өз жұмысына адал жандарды ардақтайық! Халыққа көрсетіп, дәріптеп жүрейік! Әрбіріміздің жұмысымыз маңызды! Істеп отырған жұмысымызды өзімізге ыңғайлап, жақсырақ етіп алсақ, кез келген еңбек – қадірлі!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




