«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек адамының екінші қыры

Еңбек адамының екінші қыры
Автор
Ол күнде таңмен таласа тұра салысымен күртешесінің сыртынан жирен түсті кеудешесін киіп, сары сыпырғышын қолына алып, қала көшелерін тазалауға шығады.

«...Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген сөзді бала күнінен үлкендерден жиі естігендіктен бе, бұл сөз санасында мәңгі сақталып қалған. Ес білгелі ерте тұруға осы сөздің де тигізген ықпалы зор. Орнынан аман-есен тұрғанына алдымен Аллаға шүкіршілік етіп, Жер-анамен амандасып, күннен қуат алуға тырысып, табиғатпен іштей сырласады. Өйткені ол жаратылысы нәзік, сезімі сыршыл, шығармашыл, ақынжанды жан. Маңдай тер, адал еңбекті жанына жалау еткен ол бүгінде «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейді.

Ақын жүрегі табиғаттың төрт мезгілін бөліп-жармайды, төртеуін де сүйеді. Жаны жабырқағанда жаңбырлы күзбен сырласып, ал көңілі көкке ұмсынып, шабыт тулағанда көкейден көктем жыр болып төгіледі. Ол өзінің суреткерлік шеберлігі арқылы жарқыраған жазды, қаһарлы қысты да қаламының құдіретімен қағазда кестелейді. Бәріне махаббатпен қарап, өмірін өлеңге айналдыру арқылы табиғатты ғана емес, адамның да санасын жат ойдан тазалайды. Қыста жолдың қары мен мұзын күреп, күзде саудыраған жапырақтарды жиып, көктемде көше жиегіндегі көрікті жерлерді гүлзар баққа айналдырып, жаздың шіліңгір ыстығында сұлу көріністі сұрықсыз ететін қоқыстан арылтады. Жұмысым ауыр деп еш уақытта қабақ шытқан емес.

«Лас, күлімсі иіс мүңкіген жерде жұмыс істейсің» деп балалары да жиіркеніп көрмепті. Мінезі де жайдары, үнемі күлімсіреп жүреді. Өзі Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі. Өлеңдері «Анадолы Рюзгар» түрік антологиясына енген. Жасыратыны жоқ, ел арасында қоқыс тазалап, көше сыпырып жүрген жанды жұрт «оқымаған, диплом алмаған» деп кемсітіп жатады.

Кейіпкеріміз Жанаргүл Бекбау осы жұмысқа өз қалауымен келген, жоғары білімі бар жан. Ол өте сауатты. Әлеуметтік желілерде де белсенді. Әсіресе «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы оқырмандарына ой тастап, адам деген атқа лайық әдебімен қоғамдық пікір қалыптастырып отырады. Көбіне қолы қалт еткенде желідегі игі жақсылармен бірге ән шырқап, сөз қағыстырып, шаппа-шап айтыс жасайды. Ол Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы Жымпиты ауылында 1977 жылы 24 қыркүйекте дүниеге келген.

Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Жаратылыстанугеография» факультетін географ-эколог мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып жүргендіктен «Жасыл ел-Тараз» мекемесінде жол тазалығын сақтау шебері қызметіне көтеріліпті. Қарамағында он шақты жұмысшысы бар. Бәрі бірлесе өздеріне тапсырылған аумақтың шөбін жұлып, арық-атызын тазалап, гүлі мен ағашын суғарып, қар мен мұзын ойып, маңайды айнадай қылады. Отбасында үш ұл, бір қызы бар.

Жолдасы Бахтияр – ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат. Жанаргүл Толашқызы поэзиямен қатар проза, сыни мақалалар да жазып тұрады. Қырғыз тіліндегі өлеңдерге аударма жасайды. Ең алғаш ол аудандық «Қайнар» газетіне штаттан тыс тілші ретінде мақалалар ұсынып тұрыпты. Әлеуметтік желі қолданушылары Жанаргүлдің өлеңдерін жақсы көреді. Жанаргүл өз өлеңдерін жеке кітап етіп шығарсам деген арманмен күн кешуде. Оның осы арманын әдебиетке жанашыр, қалталы азаматтар шындыққа айналдырса деген үміт бізде де бар. Оның махаббат тақырыбында жазған жырлары да көп.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова апамыз айтқандай, Жанаргүлдің жырларының сырты көркем, іші ізгілік, дәні даналық. Елімізде «Өмірім – өлеңім» деп жүрген нәзікжанды аруларымыз баршылық. Енді олардың қатарына Жымпитының қызы, Тараздың келіні осы Жанаргүлді де қоссақ болады екен-ау. Жанаргүл Бекбаудың ойлы, мұңлы, нұрлы шумақтарына қарап отырып, осылай ой түйдік.

Байқасақ, «Ел іші – өнер кеніші» демекші, біз білмеген, танымаған өзге салада жүрсе де, қызметі басқа болса да жүрегі ақындық өнер деп соғатын шығармашылық адамдары аз емес. Міне, Жанаргүлдің шығармашылығы осыны айғақтап тұрғандай. Қазір қоғамымызда «пәлен саланың жұмысы жеңіл, түген саланың айлықақысы жоғары» деп, кейбір қара жұмысты менсінбейтіндер бар. Асылында, жұмыстың жамандығы жоқ. Бәрі де қоғамға керек. Тек барыңды салып, өз ісіңді сүйіп істесең әрбір істен ләззат алуға болады. Сонда ғана жетістікке жетесің. Жақында ғана Жанаргүлді өзі жұмыс істейтін мекеме марапаттапты. Адал ісі үшін Алғыс хат беріпті. Тіпті қаржылай да қолдау білдірген.

Ақын қыздың ендігі ойы – өлеңдерін топтастырып, баспадан кітап етіп жарыққа шығару. «Әлемнің әміршісі – еңбек». Тек еңбектенген адамның ғана жұмысы өнбек. Жұмысшы, еңбек адамы әрі ақын қыздың жырлары оқырманға ұнайды деген ойдамыз. Сондықтан да бір өлеңін сол қалпында жариялағанды жөн көрдік.

Қос мұңлық

Түн жамылған, Ай ғана тек мұңдасым.

Соған төгем ішімдегі мұң жасын.

Жалын өшкен, самарқаулы күй кешкен,

Тағдырыма жазған мұңды тыңдасын.

 

Тізбектелген Құстың жолын армандап,

Ай кемеде ұшсам ғарыш аспандап.

Өзгелерге ұқсамайтын жанымның,

Жырын жырлап, сырын аштым ақтаңдақ.

 

Сұлу Айым – тыңда менің мұңымды,

Көтер-дағы сүйсінерлік құнымды.

Бар болғаны жүрек сүйіп, жанардан,

Тамған жасым, жуып жатты бұрымды.

 

Жыламаймын, жыламауға бекіндім.

Селкеу тарқан қара түнім, серпілдің.

Түнерген Ай, үнсіз қалқып барады,

Мұңнан азат, жаным тыныш, еркінмін.

 

Саған ғана сыр ақтарып, сенемін.

Ай-серігім! Сырға берік сен едің?!

Қос мұңлықтың іште жатқан ойлары,

Кім-кімді де мазалайды дер едім?

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар