«Туған жерге туыңды тік» демекші жеке кәсіпкер Қуандық Өтеғұлов «MOOZTAU» атты тоңазытқыш цехын ашты. Негізі кәсібін Алматы қаласында 2022 жылы ашқан ол кіндік қаны тамған жерден де кәсібін дөңгелетпекші. Алдағы уақытта Қазақстанның кез келген жерінен зауыт ашпақшы. Тіпті шетелге шығу да ойында бар. Ол бұған дейін Түркия, Қытай, Ресей мемлекеттерінен тәжірибе жинақтаған маман.
– Бәрі бір себеппен басталады ғой. Кәсіпкерлікке бала күнімнен жақын болдым. Ауылда шағын дүкеніміз болатын. Ескі тоңазытқышымыз бар еді. Бұзылып қала беретін. Өзім шұқылап жөндейтінмін. Бірде ашуланғаным сондай «Осыдан көресіңдер, тоңазытқыш шығаратын боламын» деп айтатынмын. Сосын күнді, айды, жылды жоспарлаймын. «Үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген әрбір қадамымды ойланып басамын. Қасиетті Құланымда өндіріс орны аз. Оны жақсы білемін. Оның үстіне ата-анам ауылда тұрады. Біз Алматыда. Аудан әкімі хабарласқан соң ойланып, туған жерге пайдамды тигізейін деп шештім. Менің жасым 40-тан асты. Несие немесе грант алу жоспарда жоқ. Мемлекеттен бірдеңе алу емес мақсатым, керісінше елге, Отанға бірдеңе беру. Мемлекетке алақан жайғым келмейді. Аудан әкімі ғиамарат, жер телімін беріп жатыр. Қолдап жатыр, Құдайға шүкір. Мен туған өлкеме мұны екі есе қып қайтарамын. Түркияға, Қытайға барып келдім. Олардың кәсіпкерлеріне әріптес болып жұмыс істейік деп ұсыныс жасадым. Алайда олар сеніңкіремеді. Негізі түрік ағайындармен бірге зауыт соққым келген. Қарамағымдағы қызметкерді Түркияға жіберіп оқыттым. Өзім Мәскеуде оқығам. Қай шет елде көрме өтсе ешқайсысынан қалмадым. Болашаққа жоспар көп. Онлайн түрде еліміздегі ең мықты коуч, тренерлердің сабағына қатысып, менторлық алған кезім де болды, – дейді Қуандық Маханбетұлы.
Қуандық Өтеғұлов Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Кәсіпкерлікке бет бұрғанына 18 жылға жуықтапты. Көкдөнен ауылындағы А. Байтұрсынов атындағы мектепті тәмамдап, сол кездегі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша оқыпты. Бала күнінен-ақ кәсіпкер болуды ойлаған ол бастапқыда «Казфосфат» зауытында екі жыл, «BI Group» құрылыс компаниясында 11 жыл жұмыс істепті.
– Тоңазытқыштың түрі көп. Тұрмыстық, сөрелік деген секілді. Біздің өндіретініміз дүкендерге, тауарларға арналған түрі. Болашақта үлкен зауытты іске қосып, мұздатқыштың, тоңазытқыштың түртүрін шығарамыз деп отырмыз. Шикізаттың бәрі шетелден әкелінеді. Тек темір ғана өзіміздің Қазақстаннан әкелінеді. Бұл өнім сұранысқа ие. Дамыған заманда ас-ауқатты, сусынды, басқа да өнімдердерді ашытып алмай, ұзақ сақтауда тоңазытқыштың рөлі басым. Өз күнделігіме «2022 жылы тоңазытқыш зауытын ашамын» деп мақсатымды жазып қойыппын. Сол арманым шүкір, орындалып жатыр. Мен мұнымен тоқтап қалмаймын. Жоғарыда айтқанымдай, елге пайдасы тиетін кәсіпкер боламын. Енді біздің тоңазытқыштардың артықшылығын айтып кетейін. Дүкендерге, гипермаркет, супермаркеттерге арналған сөрелі тоңазытқыштарымыз тоқты аз мөлшерде жейді. Бағасы нарықтағы тоңазытқыштардан екі есе арзан. Әрі сапасы жоғары отандық өнім. Мені тағы бір ойлантатын мәселе – жұмысшы, кәсіптік мамандарды көптеп даярлау керек. Құланда іс ашып, шебер жұмысшыларды жұмысқа аларда бір таңғалғаным, агротехникалық колледжде орыс сыныптары көп екен. Қазақ тобы біреу-ақ. Ешқайсысы жұмыс істеймін, кәсіп қылам деп жұлқынып тұрған жоқ. Үйретуге тура келді. Жұмысшы мамандарды дәріптеп, оларды үйрету керек. Алдағы уақытта колледж студенттерін шақырып шеберлік сағаттарын көрсету керек деп шештім, – дейді ол.
Қуандықтың жары Индира Әбиірбекқызы да шағын кәсіпкер. Ол Алматыда ойыншықтар дүкенінің иесі. Екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр. Тоңазытқыш шығаратын цех әзірге екі жерде орналасқан. Алматыдағы цехта 5 адам, Құланда 6 адам жұмыспен қамтылып отыр. Тоңазытқыштарды ОЛХ сату алаңы бойынша саудаға шығарып отыр екен. «MOOZTAU» тоңазытқыштары бұл күні Қазақстанның барлық аймағына тасымалдануда. Ені 3 және 9 метрлік, яғни тапсырысқа сай етіп жасалынады. Мамандар құрып, орнатып береді. Халықтың алғысына бөленіп жүрген Қуандық әр істің басы-қасында өзі жүреді. Сенбегендіктен емес, жауапкершіліктің мықтылығынан. 12 айға сапа кепілдігін ұсынады. Қазақстан бойынша жеткізу тегін.
Тапсырыс берушінің қалауы бойынша шаршы метрі, ұзындығы, ішкі купе орны бәрі есептеледі. Бөліп төлеу де, несие де қарастырылған. «Instagram» парақшасында жарнама жолға қойылған. Арнайы сату бөлімі тек сатумен айналысса, өзі және жұмысшылар алаңсыз тоңазытқыш өндірумен айналысады. Сала таңдау – салмақты шешім. Немесе дұрыс таңдау – табыстың кілті десек болады.
Қуандықтың тоңазытқыш құрастыру кәсібін таңдап, өз табысын еселеп отырғаны, туған елге пайдасын тигізгісі келетіні бізге ұнады. Энергия жағынан да, бағасымен де көңілге қонымды тұрмыстық техниканың әлеуеті жоғары болғай!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




