«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әйелдің қоғамдағы бейнесі белсенділігінде

Әйелдің қоғамдағы бейнесі белсенділігінде
Автор
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының қолдауымен «Әйел бейнесі – қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Қазіргі қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі мен отбасы құндылықтарын сақтау, әйелдердің әлеуметтік және саяси белсенділігін арттыру бағытында пікір алмасуды мақсат еткен жиынға партияның облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Рахия Тұрмағанбетова, облыстық мәслихат депутаты Анар Бексұлтанова, қалалық мәслихат депутаты Эльмира Абдинова, №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры Қарлығаш Бибазарова, ардагер-кітапханашылар мен студент жастар қатысты. Рахия Сейітбекқызы өз сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы әйелдердің қоғамдағы орны мен ел дамуына қосқан үлесіне тоқталып, тәуелсіздік алғалы қазақ әйеліне жаңа мүмкіндіктер ашылғанын тілге тиек етті.

«Әйелдер білім алып, кәсіп ашып, саясат пен қоғамдық өмірге еркін араласа бастады. Егер бұрын әйелдің рөлі отбасы шеңберімен шектелсе, бүгінде ол – ел дамуының белсенді күші, қоғамның тірегі. Қазір елімізде Парламент пен мәслихаттарда әйелдердің үлесі артып келеді, жүз мыңдаған әйел кәсіпкерлікпен айналысып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Тәуелсіз Қазақстанның әйелдері – ана, ұстаз, кәсіпкер, саясаткер әрі ел болашағына сенім ұялататын тұлғалар», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ол партия жанындағы Әйелдер қанатының «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» сияқты әлеуметтік және экономикалық жобалары арқылы мыңдаған әйел өз кәсібін бастап, тұрмысын жақсартқаны да сөз болды. Өңірде әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру, зорлықзомбылықтың алдын алу, отбасы институтын нығайту бағытында нақты істер атқарылып жатқанын айтты.

Іс-шара барысында қатысушылар заманауи әйелдің табысты бейнесі, отбасылық құндылықтармен қоғамдағы әйел көшбасшылығын дамыту мәселелерін талқылап, әйелдердің қоғамдық белсенділігі мен әлеуетін арттырудың маңыздылығы жайында да сөз қозғады. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің алтын қорында әйел бейнесі мәңгілік тақырыпқа айналғаны туралы айтылды.

– Көркем әдебиеттегі Жібектің сұлулығы, Ұлпанның ақылдылығы, Зеренің мейірімі – бәрі де қазақ әйелінің ұлт болмысындағы орнын айшықтайды. Міне, осындай кейіпкерлер арқылы жазушылар әйелдің сұлулығы мен рухын, даналығы мен нәзіктігін қатар суреттеген. Қазақ әйелдері – әдебиеттің ғана емес, өмірдің де шырақшылары. Олар – адалдықтың, парасаттың және мейірімнің символы. Кешегі қазақ әйелінің даналығы арқылы қазіргі заман әйелінің бейнесін ашып, болашақ қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруға серпін беріп отыр. Бүгінгі жас прозаиктерге әйел тақырыбында жазу жақсы олжа болар еді. Өйткені бір әңгімеге арқау болар әйел-кейіпкерлердің өнеге ісі, жанкештілігі, еңбекқорлығы айшық та, анық қоғамның көрінісіне айналып отыр, – деді Рахия Сейітбекқызы.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар