«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үй салғысы келетіндерге жер телімі берілсе...

Үй салғысы келетіндерге жер телімі берілсе...
Автор
Amanat партиясы азаматтардың талап-тілегін дер кезінде тыңдап, өзекті мәселелерді жедел шешуге ықпал ету мақсатында өңірлерде мобильді қоғамдық қабылдаулар өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл – партия мен халық арасындағы ашық диалог орнатудың, кері байланыстың және сенімнің нақты көрінісі. Осы орайда, Жуалы ауданында Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау өтті.

Мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы тиімді диалог орнатуды мақсат еткен бұл іс-шара Жуалы ауданының Б. Момышұлы және Бәйтерек ауылдарын қамтыды. Өз өтініш-тілегін тікелей жауапты органдардың өкілдеріне жеткізуге мүмкіндік беретін қоғамдық қабылдауға Amanat партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанттары Асқар Құмарбай мен Сағындық Жылқыбаев, партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық басқарма басшылары, Жуалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айдос Асабаев және аудандық бөлім басшылары қатысты. 15 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығында тіршілік қалыпты, өндіріс саласы да қарқын алып келеді. Дегенмен шешімін күткен кейбір әлеуметтік-экономикалық мәселелер де бар.

Қабылдауға келген тұрғындар мал шаруашылығын дамыту үшін жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие рәсімдеу кезінде қажетті ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылғылардың бағасын «Тараз» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясымен алдын ала келісу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс білдірді.

Бұдан өзге, азаматтар тұрғын үй, әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, жер және инфрақұрылымға қатысты мәселелерін көтеріп, тиісті сала мамандарынан нақты жауаптар мен қолдау болды. Барлық ұсыныспікірлер мен өтініштер бақылауға алынып, кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапты.

– Amanat партиясы үшін ең басты басымдық – халықпен тікелей және ашық диалог орнату. Мобильді қоғамдық қабылдаулар осы бағыттағы тиімді тетікке айналды. Шалғай ауылдардағы ағайынның мұң-мұқтажын естіп, жедел шешім қабылдау – біздің басты міндетіміз. Бұл тек өтініштерді тыңдау ғана емес, мәселенің мәнісін түсініп, нақты шешім ұсынуға бағытталған жұмыс. Жуалы ауданына ұйымдастырылған қабылдаулар барысында көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктелді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жалғасады. Халықтың сенімін ақтау – біз үшін ең жоғары жауапкершілік, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.

Келесі қоғамдық қабылдау аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Бәйтерек ауылында өтті. Халқы екі мыңға жуықтайтын бұл елді мекеннің негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы. Ауыл Қырғыз Республикасымен шекараға жақын орналасқандықтан, тұрғындардың өмірі мен шаруашылығы көрші елмен тығыз байланысты. Осыған орай, Қырғыз жағынан келетін ағын судың көлемін арттыру мәселесі жиын барысында басты назарға алынды. Сонымен қатар ауыл ішіндегі инфрақұрылымның әлсіздігі де тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің бірі болды.

– Қазіргі таңда ауылдағы ауыз су құбыры әбден тозған. Кей жерлерден су ағып, ысырап болуда. Сонымен қатар ауылдан аудан орталығына қатынау да қиын. Таксидің бағасы қымбат. Осы мәселелерге жергілікті билік назар аударып, тиімді шешім қабылдаса дейміз. Сондай-ақ үй салғысы келетін тұрғындарға жер телімдері де бөлінсе деген өтінішіміз бар, – дейді ауыл тұрғыны Зухра Әсілбекова.

Тұрғындардың өтінішін ескерген Жуалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айдос Асабаев алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданатынын айтты. Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар ауыл шаруашылығы, білім және денсаулық сақтау салалары бойынша жеке сұрақтарын қойып, жауапты мамандардан толық әрі түсінікті жауаптар алды. Жалпы, мобильді қоғамдық қабылдаулар – Amanat партиясының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асырудағы маңызды тетіктердің бірі саналады.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар