Отбасылық зорлық-зомбылық: бір жылда43,6 пайызға өскен
- author «Ақ жол»
- 1 қараша, 2025
- 434
Отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғамның ең нәзік әрі шешімі қиын мәселелерінің бірі. Елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлықзомбылыққа қарсы күрес Мемлекет басшысының Жолдауымен басымдыққа алынды. Бірақ бұл облыстағы жағдайдың түбегейлі өзгергенін білдірмейді. Керісінше, өсіп жатқан статистика мен нақты жағдайлар бұл саланың күрделілігі мен жүйелі проблемаларын ашып көрсетті.
Облыстық полиция департаментінің зорлықзомбылыққа қарсы бөлімшесінің басшысы, подполковник Диляфруз Кенжеханованың мәлімдеуінше, өңірде отбасылықтұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мамандандырылған бөлімше құрылып, оның штат саны 57 бірлікті құрайды, оның ішінде 18 лауазым орны бос тұрған көрінеді. Ал бұл дегеніміз жаңа бөлімшелер құрылып жатса да, олардың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті ресурстар бөлу әлі де шешілмей отырғандығын көрсетеді.
Осы жылдың III тоқсанында отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты тіркелген қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 43,6 пайызға өскен. Диляфруз Абазқызының сөзіне сүйенсек, отбасылық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері – маскүнемдік, қаржылық қиындықтар, қызғаныш, отбасылық жанжалдар. Бірақ бұл мәселенің түпкі тамырын шешетін нақты әрі кешенді шаралар әлі күнге дейін кешеуілдеп отыр.
Қоғамда бұл проблеманы «отбасы ішіндегі мәселе» деп қарау – нәтижені жақсартпайды. Полицияның зардап шеккендерге көрсететін көмегі әлі де формальды деңгейде қалып отыр. Облыста екі мемлекеттік дағдарыс орталығы жұмыс істесе де, олардың ре сурстары аз. Биылғы жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша, дағдарыс орталықтарына 85 әйел мен 233 бала орналастырылған.
Алайда көмекке мұқтаж адамдардың бәрі бұл орталықтарға жете алмайды. Қоғамның ең әлсіз топтарына арналған қызметтердің осыншама шектеулі болуы – жүйелік кемшіліктің бір белгісі. Сонымен қатар «Ана үйі» қоғамдық мекемесінде бес орындық төсек орнының болуы мәселені түбегейлі шешпейді. Жас аналарға арналған бұл жоба құптарлық бастама болғанымен, оның мүмкіндігі шектеулі. Себебі 2025 жылдың 9 айында оған 14 әйел, 14 бала ғана орналастырылған. Ал бұл отбасының дағдарыстық жағдайларының көп екенін көрсетеді. Мұндай орындардың санын арттырмайынша, қоғамдағы проблема шешілмейді.
Полиция мен әлеуметтік қызметтердің бірлесіп өткізетін акциялары «Тұрмыс», «Ес еп», «Құқықтық тәртіп» сынды жобалар халықтың сенімін арттыруға бағытталғанымен, олардың ауқымы мен әсері жеткіліксіз. Мұндай шаралардың тиімділігі көбіне көзбояушылықтан аспай отырғаны да жасырын емес. Ал соңғы деректер бойынша әйелдердің суициді көрсеткіштерінің төмендеуі көңіл қуантады.
Дегенмен оның артында тұрған зорлық-зомбылық пен әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі әлі де шешілмеген күйде тұр. Бұл құзырлы мекемелердің бұл бағытта әлі де жұмыс істеу қажет екенін білдіреді. Өңірдің жағдайы – отбасылық зорлықзомбылықпен күрестің күрделілігі мен көпқырлылығын ашатын нақты мысал. Мемлекеттік органдардың реформалары – тек қағазда ғана емес, өмірде де нәтижелі болуы тиіс.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Отбасылық-тұрмыстық зорлықзомбылықпен күрес тек заңнамалық түзетулерге емес, оның толық орындалуы мен қоғамдағы өзгерістерге негізделуі керек. Егер ресурстар толық емес, қолдау жеткіліксіз болса, заңдар ғана мәселені шешпейді. Сондықтан қоғамның барлық саласының – мемлекеттік органдардан бастап азаматтық секторға дейін күш біріктіруі аса маңызды екенін естен шығармағанымыз абзал.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




