«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отандық өнімнің үлесі артып келеді

Отандық өнімнің үлесі артып келеді
Автор
Президент тапсырмасымен елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға елеулі көңіл бөлінуде. Әсіресе кенжелеп қалған жеңіл өнеркәсіпті дамыту биліктің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Бұл істе жеке кәсіпкерлерге «Даму» қорының көрсетіп отырған қолдауы мол. Бүгінгі күні аталған қор кәсіпкерлер үшін сенімді серіктеске айналған. Қордың көмегіне жүгінген жеке кәсіпкердің бірі «Ellin Shoes» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазіргі таңда өндіріс мүмкіндігін 40 пайызға арттырған.

Серіктестік директоры Переклис Скумпнистің айтуынша, зауыт ерлердің былғары аяқ киімін шығарумен айналысады. Ellin Shoes бренді нарықта өзін сапалы әрі халық үшін қолжетімді аяқ киім өндіруші ретінде көрсетіп отыр.

– Біз отандық нарықта 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Өңірлік оқу орындарымен де байланыс орнатып, жоғары және арнаулы оқу мекемелерінің студенттері бізде тәжірибеден өтеді. Ал фабрикамызда аяқ киімнің ондаған түрі табиғи былғарыдан тігіледі. Негізгі өніміміз ерлерге арналған сәнді аяқ киімдер. Құрал-жабдықтарымызды заман талабына сәйкес жаңа технологиялармен жаңартып отырамыз. Мұндағы мақсатымыз – еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келу. Қала берді, жоғары өнім стандарттарынан табылу. Бұл бізге бірінші кезекте шетелдік өніммен бәсекелесетін мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық нарықтағы өз орнымызды нығайтуға және кеңейтуге жол ашады, – дейді серіктестік өкілі Переклис Скумпнис.

Биыл компания заманауи өндірістік құрал-жабдықтарды сатып алу үшін «ForteBank» АҚ арқылы несие алды. Бұл қолдауға серіктестік «Даму» қоры арқылы қол жеткізген болатын. Қолдау «Кепілдік беру қоры 1» бағдарламасы шеңберінде портфельдік кепілдік беру құралының арқасында мүмкін болды. Кредиттің жалпы сомасынан «Даму» қорының мемлекеттік портфельдік кепілдігімен қамтамасыз етілген. Бұл компанияға кредиттік тәуекелдерді едәуір азайтуға, кредит сомасын ұлғайтуда үлкен жәрдем. Бұл қаржылық қолдау бүгінгі күні компанияның мүмкіндігін арттырып отыр. Компания мамандары күнделікті киетін аяқ киімнен бастап, тұтынушылардың сұранысындағы талғамы жоғары былғары аяқ киім өндірісіне мамандандырылған.

«Жаңа құрал-жабдықты өндіріске енгізу фабрика өнімділігін 40 пайызға ұлғайтып, жұмыс процесін автоматтандыруға өз септігін тигізді. Сондай-ақ бұл кәсіпорында қосымша жұмыс орындарын құруға, нарықтағы отандық өнім үлесін көбейтуге ықпал етті. Алда өнім көлемін арттырып, нарықтан импортты азайтуға жұмыс істейміз, – дейді серіктестік директоры.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар