Серіктестіктің алдына қойған мақсаты мен жоспары да көп. Зауыт директоры Еркін Абдыбаевтың айтуынша, алдағы уақытта өндіріс қуатын 30 пайызға арттыру көзделіп отыр. Яғни, өндірілетін аяқ киім көлемін 220 мың жұпқа жеткізу. Сонымен қатар күнделікті аяқ киімді өндіру мен сату көлемін жылына 30 мың жұпқа дейін ұлғайту. Әйелдер, жасөспірімдер және балалар аяқ киімінің ассортиментін кеңейту. Осылайша, қарапайым аяқ киім үлгісін сату үлесін 20 пайызға жеткізу межесі қойылған.
– Мекеменің алдына қойып отырған тағы бір басты мақсаты – табанға арналған нитрил төсемдерін шығаруды жолға қою. Бұл материал қазір импортталуда. Осы мақсатқа жетсек, импортты алмастыру көлемі 100-150 миллион теңгені құрап, қосымша 10 жұмыс орнын ашуды көздеп отырмыз. Қазір шетелдік мамандармен келіссөздер жүргізілуде, – дейді зауыт директоры.
Өндіріс ошағы бүгінде бірқатар жетістіктерге де қол жеткізуде. Атап айтқанда, кәсіпорын жұмысшылары аяқ киімнің салмағын азайтуға мүмкіндік беретін стробты қатайту әдісін меңгерген. «ПУ/нитрил» табаны бар әскери етік сияқты аяқ киімнің жаңа үлгілерін шығаруды жолға қоюға мүмкіндік туған. Сонымен қатар ерлер, әйелдер, жасөспірімдер және балалар күнделікті аяқ киім үлгілерінің ассортиментін ұлғайтқан. Зауыт директорының айтуынша, серіктестік бұрынғы «Джамбулкожобувь» өндірістік бірлестігі негізінде 2002 жылы қайта құрылған. Оның негізі 1961 жылы қаланып, КСРО-ның былғары және аяқ киім өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындардың бірі болған еді. Кешеннің өндірістік қуаты жылына 500 мың жұп аяқ киімді құрайды.
Бүгінгі таңда серіктестік Қазақстандағы былғары аяқ киім шығаратын ірі отандық өндіруші. Кәсіпорын құқық қорғау органдарына арналған аяқ киім, жұмыс және күнделікті аяқ киімдер шығаруға маманданған. Аяқ киімнің ассортименті 80-нен астам модельді құрайды. Бүгінде зауытта 250-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Серіктестіктің ерекшелігі – өндірісті кез келген тапсырыс берушінің талғамына қарай бейімдей алады. Ол үшін барлық зауыттың қажетті техникалық және шикізат базасы жасақталған. Аяқ киім фабрикасы брезентті жұмыс аяқ киімін шығаратын цехтардан, хромнан жасалған ерлер аяқ киімін тігетін аяқ киім шеберханасынан, аяқ киім шығаруға дайындық цехтарынан тұрады.
Австрия, Чехия және Италияда жасалған заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Аяқ киім фабрикасы армияға, құқық қорғау органдарына, күзет және құтқару қызметтеріне, әртүрлі өндірістік және өндірістік кәсіпорындардың жұмысшыларына арналған тырнақты және инъекциялық әдіспен бекіту аяқ киімі шығарылуда.
– Алпыс жылдан астам тарихы бар зауытта Кеңес одағы тұсында 6 миллион жұп аяқ киім шығарылса, бүгінде фабрикада 170 мыңнан астам жұп аяқ киім тігіледі. Жалақыны көтеру тарифтің жоғарылауына, өнім көлемінің ұлғаюына және қызметкерлердің тиімділігінің артуына байланысты болып отыр. Сонымен қатар серіктестік салықтық міндеттемелерін де талапқа сай орындауда. Қазір шикізатты Алматы қаласынан алып отырмыз. 2016 жылдан бастап былтырға дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің тапсырысын орындап келдік. Біз бар болғаны елдегі жеңіл өнеркәсіптің 3 пайызын ғана қамтып отырмыз, 97 пайызы шетелдіктердің үлесінде. Қазір біздің нарықты Қытай, Өзбекстан мен Түркия елдерінің өнімдері жаулап алды. Отандық нарықта бізге қолдау жоқ. Тапсырыстың болмауы қысқартуға әкеліп соғуы мүмкін. Біз жылдап дайындаған жақсы мамандардан айырылып қалудан қорқамыз, – дейді серіктестік директоры.
Өндіріс ошағында кәсіподақ ұйымы құрылған. Оған Марина Тазабаева төрағалық етеді.
–Ұжымның 70 пайызын әйелдер құрайды. Олардың арасында жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар бар. Барлық қиындықтарға қарамастан, біз жұмыс орындарын сақтап қалуға бар күшімізді салудамыз. Мүмкіндігі шектеулі оннан аса адамды жұмыспен қамтыдық. Ұжымдық шартымызда көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындаудамыз. Атап айтқанда, есепті кезеңде зауытта асхана ашылды, онда жұмысшылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, ас мәзірінің 50 пайыз құны кәсіпорын тарапынан субсидияланады, – дейді кəсіподақ комитетінің төрайымы Марина Тазабаева.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




